Жаңалықтар

Тұрсын ҒАБИТОВ: Өте ақылды ұрпақ өсіп келе жатыр

ашық дереккөзі

Тұрсын ҒАБИТОВ: Өте ақылды ұрпақ өсіп келе жатыр

Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы сәтте Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз», – деп, әрбір азаматтың алдына нақты міндеттер қойған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет», – деп, «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келгенімізді» тағы бір мәрте еске салған еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде ел тәуелсіздігін баянды ету үшін қандай қызмет атқарды? Бағындырған белестері мен келер ұрпаққа қалдырар аманаты қандай? Болашақта тағы не істей алады? Отыз жыл ішіндегі Елбасы айтқан борышты айнытпай орындап, уақыт талабын жоғары түсініп, ұрпақ болашағы үшін алдында  қалтқысыз қызмет еткен кейіпкеріміз – Тұрсын Ғабитов. Философия ғылымының докторы, философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессорымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.   – Отыз жылдығы аталып жатқан Тәуелсіз Қазақстанның үлкен жетістігі деп нені айтар едіңіз? – Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі – осы мемлекеттегі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында береке-бірлікте ғұмыр кешуі. Себебі елдің өркендеуі үшін ұлттық мәдениеті қалыптасып, халықтар достығы нығайып, тәуелсіз мемлекет болуы шарт. Тәуелсіздік – қазақ ұлтының ғана емес, осы кеңбайтақ өлкені мекен еткен барша ұлт пен ұлыстардың бақ ырысы. Біздің міндетіміз – қоғамның көпұлттылығын тұрақты бірлестіруші факторға айналдыру, яғни мықты ұлттық идея қалыптастырып, бүкіл халықтың арман мүддесін жүзеге асыру. Тәуелсіздік ұғымының бастауы – еркіндік. Адам баласы о бастан бұла өсіп, еркіндікті жақсы көргенді. Еркіндік дегенге пәлсапалық тұрғыдан қарайтын болсақ, ол – адамның еркін таңдауы, еркін қалау мүмкіндігі. Таңдау жоқ жерде – еркіндік жоқ. Міне, Тәуелсіздік арқылы халық өз қалауы, яғни түпкі тамырында жатқан дәстүрі мен мәдениетін, діні мен ділін таңдау бақытына ие болды. Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір үлкен жетістігіміз – 2004-2008 жылдардағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Жаһандану жағдайында алдымызда тұрған міндеттердің бірі – халқымыздың ежелгі тарихи, мәдени және рухани әлемінің терең тамырларын анықтап, оларды мұқият зерттеп, философиялық тұрғыдан біртұтас жүйеленген ұлттық мұрамызды жаңғырту. Қазақ халқының әлемдік өркениетке өзіндік болмысымен енуіне мүмкіндік беретін, ілгері дамуымызға тұғыр болатын ұлттық санамыздың ұстанымды ерекшеліктерін саралау өте маңызды. Бұл  ғасырлар тұңғиығымен тамырласып жатқан құндылықтар, яғни біздің ұлттық тұтастануымыз үшін табан тірейтін тұғырларымыз ұлттық руханиятымызды жаңа өркениеттік көзқараспен, терең біліктілікпен жан-жақты талдау. Қазақстан философтары «Әлемдік философиялық мұра», «Қазақ халқының философиялық мұрасы» серияларымен қатар, әл-Фараби шығармаларының 10 томын дайындауға тікелей қатысып, әлемдік және ұлттық рухани-философиялық мұраны ана тілінде насихаттауға сапалы да сүбелі үлес қосты. Мысалы, бәріміз мақтан тұтатын әл-Фараби шығармаларының 10 томдығымен қоса, ойшыл трактаттарының тағы үш томы қазақ тіліне аударылып, баспадан шықты. «Әлемдік философиялық мұра» сериясының төртінші томы әл-Фараби мен Ибн Сина философиясына арналды. «Ежелгі көшпелілер дүниетанымынан» (Т.1. Құрастырғандар: Т.Ғабитов, Д.Кенжетай) бастап, «Қазіргі түркі философиясына» (Т.20) дейін халқымыздың інжу-маржандарын топтастырған жә­не идеялық-рухани байлығын тұтас қамтыған сериялық жұмысты құрады. Бұл тың да күрделі серия бойынша түрлі әдебиеттерден шығарманы іріктеу, түркі, араб, орыс тілдерінен аудару, оларды идеялық бірізділікпен сараптау, әр томға, авторларға ар­найы түсіндірме жасау жұмыстары қатар жүргізілді. Профессор Ж.Молдабеков – «Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы» (Т.8. Қ.Әлжанмен бір­ге),  «Қазақтың бишешендерінің дүниетанымы және философиясы» (Т.9. Д.Раевпен бірге) кітаптарының құрастырушысы әрі тұжырымдамалық түсіндірмесін жазған автор. Бұл серияны құрастыруға философия ғылымының профессоры ретінде мен де белсене атсалыстым. Бұның бәрі Тәуелсіздік жылдарында біздің адамзат пен ұлт руханиятына жасаған ықпалымыз болар деп білемін. Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен жасалған аталмыш «Мәдени мұра» бағдарламасы рухани жаңаруымызға байланысты көптеген көкейтесті мәселелерді толық қамтып отыр. Бұл бағдарлама бүгін де, яғни дербестігімізге отыз жыл толған соң да өзектілігін жоғалтпаған. Бұл Қазақстан Республикасын құрушы қазақ халқының өміршеңдігінің, арман-тілегінің орындалғанының тағы бір айғағы емес пе?! Олай болса, соқпағы көп тар жолда көршілес елдер­мен терезесі тең болу үшін дұрыс бағдар ұстап, әлемдік өркениетке ұмтылу, өз халқыңның жетістігін әлемге паш ету – әрбір Қазақстан азаматының парызы. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көн­бегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген оймен түйіндейді. Біздің елге қандай өзгеріс қажет? – Жаһанданған әлемдік тенденцияны алып қарасаңыздар, жаңа заманауи тың технологиялармен жаңғыруда. IT  мамандығының өзі бір төбе. Жаңа форматтағы білім жүйесі ауадай қажет. Өзімді бұл санатқа қосу қиын болар, бірақ мына өскелең ұрпақ Z ұрпақтарына жатады. Олар инновациялар мен идеяларға, ақпараттық қарым-қатынастарға икемді. Көптеген антропологтардың жорамалдауынша, Z ұрпақтары Альфа ұрпақтарына ауысады-мыс. Альфа ұрпақтары – интеллектуалды ұрпақ. Жасанды интеллект пен табиғи интеллектінің үлкен синтезі. Демек, өте ақылды ұрпақ келе жатыр деген сөз. Міне, өзгеріс! Біз де соған дайын болу арқылы оларға бар мүмкіндікті жасауымыз керек. «Қайырымды қала» тұрғындарының негізгі идеясы – білім мен тәрбие мәселесі. Қоғамдағы метанарративтардың ең маңызды екі түрі. Атақты ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», –  деп дөп айтқан. Білім – заманның озық заманауи үлгілерін санаға жинақтау болса, тәрбие – жергілікті мәдениетке негізделген құндылықтар. Қысқасы, бізге ұлттық идеология, философиямен қатар, ұлттық антропология да қажет. Ол ұлтшылдық, діншілдік деген сөз емес. Бізде еркін ойлы, шығармашыл, әлемдік өркениетпен қосылған жастар өсіп келеді. Олар Тәуелсіздіктің бірден-бір жемісі. Хакім Абай: «Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, Артқы толқын – інілер», – деп жырлағандай, әр заман талабы басқа. Мына өзгермелі ғасырда ынталы шәкірттерді, жастарды тәрбиелеу – басты парызымыз. Бұл ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Бас­қар­ма Төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлына алғыс білдіремін. Ол біз секілді ардагер ғалымдарға, профессор, студенттерге көңіл бөліп, жұмыс істеуіне, ізденуіне жағдай жасап жатыр. Ұлттық және әлемдік философиялық мұраны игеру жастарды тәуелсіз және еркін ойлауға үйретеді. Ой еркіндігі, пікір дербестігі – қазақ халқының қанына туа біткен қасиет. Оған ақын-жы­рау­лар дүниетанымы, бишешендер және ағартушылар философиясы кепіл. Қалыптасқан пікірлер мен қағидаларға күмәнмен қарау – қазақ ойшылдарының негізгі ұстанымы. Еркін ойлау адамзаттың танымын кеңейткен талайталай ғылыми және техникалық жаңалықтардың ашылуына, өнер мен шығармашылық туындыларының пайда болуына, күрделі саяси-экономикалық мәселелердің шешілуіне себеп болады. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихын үш онжылдыққа, яғни «Бірінші он жыл – жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі. Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық» деп атап көрсеткен болатын. Ал сіз алдымыздағы онжылдыққа қалай қарар едіңіз? – Алдағы он жыл – интеллектуалды ұрпақтың қалыптасу дәуірі. Әлемдік өркениетте алдыңғы қатардан табыларымызға сенемін. Сол себепті алдағы он жылды рухани мәдениетіміздің жаңғыру, өркендеу онжылдығы деп атар едім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының білім саласына көңіл бөлгендігі аса қуантады. Ел болашағын тереңнен ойлай білу үшін ұлттық идеяның өзегі ретінде қазақтың тілін, рухын, мәдениетін көтеру міндет. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның негізгі идеясы – ел тәуелсіздігін баянды ету, халықтық, ұлттық бірлікті нығайту, әлеуметтік, экономикалық жағдайларды жақсарту, көрші елдермен тату-тәтті өмір сүру, елге сырттан инвестиция тарту сияқты аса маңызды мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыруға бағытталады. Біздің мемлекеттік идеологияның ауқымы 2050 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Қазақ елі еркіндікке бет түзеді. Бұл, сөз жоқ, жаһандану алып келген игілікті, табысты өзгерістер.  Халықтар өзінің бұрынғы, бүгінгі, ертеңгі дамуын терең тануда өзіндік бағыт-бағдар алды. Әр халық өркениет әлеміндегі орнын білу мүмкіндігіне ие болды. Біздің де әлемдік өркениетке қол жеткізуімізге мүмкіндік ту­д­ы. Әлемдік өркениеттің өрісіне шыққан, дамудың сара жолына түскен елдердің тәжірибесіне баса назар аудара отырып, өз жолымызды табудың маңызы зор болмақ. Демек, біздің таяу жылдары дәстүрімізге сай халықтық қалпымызға оралып, әлемдік білімді игеруге қол жеткізу арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылуымызға, яғни адамзат өркениеті биігіне көтерілуімізге толық мүмкіндігіміз бар екені айқын. Оған көптеген шаралар жасалып, алғашқы қадамы жүзеге асып та жатыр. Қазақ халқының рухани түлеуінің тарихи жағдайларды түгендеусіз мүмкін еместігі, тарихи, ділдік, діни және тілдік сабақтастықтың ұлттық идеологияның негізі екені де барынша сезіле бастады. – Тәуелсіздікке тәуелділігіміз шүбәсіз шындық. Тәуелсіздік барда – еркіндік бар, мақсат-мұрат бар. Сіздің алдағы мақсатыңыз қандай?  Болашақтағы ғылыми идеяларыңызбен бөліссеңіз. – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет еткеніме, міне, 50 жыл болды. Біздің зерттеулерімізді білім процесіне қосу үшін белгілі дәрежеде синтездік тұжырымдарды қолдану мақсатында 40-50 баспа табақтағы 800 беттік энциклопедия жазуға кірістік. Энциклопедияны ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми кеңесі баспаға ұсынған. Құрастырушылар: мен және философия ғылымының докторы, профессор С.Нұрмұратов. Мақалалар авторлары арасында елімізге танымал Л.Асқар, Қ.Әлжан, Н.Байтенова, Қ.Затов, Ә.Құранбек, С.Мырзалы, Д.Раев, А.Сағиқызы, Б.Сатершинов, М.Сәбит сияқты философтар бар. Алматы қаласының «Лантар Трейд» баспасы бұл еңбекті осы жылдың маусым айында оқырманға ұсынбақ. «Философиялық энциклопедияда» маңызды философиялық ұғымтерминдер мен көрнекті философтар туралы мәліметтер алғаш рет жүйелі түрде қазақ тілінде берілген. Философиялық энциклопедия философия пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, оқытушылар мен ғалымдарға, философия және рухани мәдениетпен айналысушы мамандар мен жалпы оқырман қауымға арналған. Сонымен қоса, философия ғылымының докторы, профессор Б.Сатершиновпен бірге «Тәуелсіз Қазақстанның тарих философиясы» атты монографияны дайындадық. Бұл монография Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және «Қазақ университеті» баспасына ұсынылды. Кітапта қазақ халқы­ның та­рихи санасына компаративистикалық және тарихи-философиялық талдау беріледі. Бабыр, Дулати, Әбілғазы, Жалайыр, Халидтың және тағы басқа тарихи туындылары сұрыпталып, олардың дүниетанымдық көзқарастарына және жалпы қазақ тарихының философиясына түсіндірмелер беріледі. Монография мәдениеттану мамандығының «Қазақ мәдениетінің тарихы» пәні бойынша қазақ бөлімі студенттеріне және жалпы оқырман қауымға арналған. Алдағы мақсатым – заман талабына сай тағы да еңбектер жазу және шәкірттер тәрбиелеу. Сонымен қатар ел тәуелсіздігіне, қазақ мәдениетіне сүбелі үлес қосу. – Әңгімеңізге рақмет.   Сұхбаттасқан  Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ