Министр соңғы қоңырауды өткізу талаптары туралы айтты

Соңғы қоңырау шарасын 9 және 11-сынып бітірушілеріне ашық ауада өткізуге рұқсат берілді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Соңғы қоңырау іс-шарасын 9 және 11-сынып бітірушілеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық ауада өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бұл оқушылар үшінші тоқсаннан бастап негізінен дәстүрлі форматта әрі онлайн форматта оқыды. Сондықтан бұл екі шешім бір-бірімен үйлесіп отыр. Аттестат беру рәсімін де осындай форматта өткізуді жоспарланып отырмыз. 9 және 11-сынып түлектері үшін қабылданған осындай шешімді дер кезінде ата-аналарына жеткізіп, тиісті дайындық жұмыстарын өткізу керек», – деді министр ведомствоның аппарат жиналысында.

Осы орайда А.Аймағамбетов маска тағу режимін, әлеуметтік ара қашықты, сондай-ақ басқа да санитарлық талапты сақтау бойынша нақты жұмысты жүргізуді тапсырды. Осы талаптар сақталғанда және ашық таза ауада өткізгенде ғана тиісті рұқсат беріледі.

«Қорытынды аттестаттау туралы көп талқыланды. Осы бағытта нақты ақпарат, әдістемелік ұсыныстар жіберілді. Сондықтан бұл мәселе бойынша дау-дамай туғызбай, тиісті деңгейде ұйымдастыру керек», – деді министр.

Бұл тұрғыда Асхат Аймағамбетов аттестаттауға қатысты атқарылатын жұмысты, қабылданған шешімді ата-аналарға, мектеп бітірушілерге дұрыстап жеткізіп, түсіндіру керектігін тапсырды.

 

Back to top button