Қазақстан журналистер одағының төрағасы мен оның ұлы сотталды

Қазақстан журналистер одағының төрағасы мен оның ұлы сотталды

Қазақстан журналистер одағының төрағасы мен оның ұлы сотталды
ашық дереккөзі
Астанадағы Есіл аудандық сотының судьясы Ақболат Құрмантаев Қазақстан журналистер одағының төрағасы және Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы Матаевты алты жылға соттау туралы үкім шығарды. Оның ұлы Әсет Матаев, ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі, бес жылға түрме жазасын алды.
Матаевтарға баспасөзде мемлекеттік тапсырманы жариялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Сот олардың мүліктерін тәркілеп, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салды. Үкімге сәйкес, олар жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі керек. Сот үкімін залдағылар: "Масқара! Масқара!" деген сөздермен қабылдады. Матаевтарды сот залында кісендеп, айдауылмен алып кетті. Сот үкімі шығардан алдын Матаев сот процесін "қойылым" және "фарс" деп атады. Ол ержүректілігі үшін Әсетке, қолдау көрсеткені үшін адвокаттарына алғыс білдірді. "Маған және менің ұлыма аяушылық білдірудің қажеті жоқ. Біз өзімізді кінәлі емеспіз деп есептейміз. Мен Қазақстанда сөз бостандығы болу керек дегенді үнемі айтып жүрмін. Ол болмаса, демократия да болмайды. Мен өзімді оппозиционер деп есептемеймін. Мен үнемі әділдік үшін күресіп келемін", - деді Матаев. Матаевқа қолдау көрсету үшін сот залына ондаған журналист және азаматтық белсенді жиналды. Сот үкімі оқылған соң Матаевтардың адвокаты Мадина Бакиева үкімге шағым түсіретінін мәлімдеді. Сейітқазы мен Әсет Матаевтар биыл 22 ақпанда ұсталған болатын.