Аягөздегі атышулы әлеуметтік орталықта балаларға қатысты тағы бір қылмыс тергеліп жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының балаларға арнайы қызмет көрсету орталығының тәрбиешілері тәрбиеленушіге жәбір көрсетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аягөз қаласында балалар үйі тәрбиешілерінің 2006 жылы туған кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов мәлімдеді. Ақпаратты мекеме директоры Шолпан Мақашева растады.

«Дәрігер-психиатрдың қырағылығының және бейнебақылау камераларының арқасында болған оқиғаға жедел мониторинг және бейнетіркеу жүргізілді.Бірден құқық қорғау органдарына, прокуратураға, аудандық әкімдікке хабарланды, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына да баяндалды. Бейнекамералардағы жазбалар құқық қорғау органдарына берілді», – деді балалар үйінің директоры Шолпан Мақашева.

Өткен жылы балалар мекемесінде облыс прокурорының бастамасымен және ШҚО әкімінің қолдауымен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылғанын атап өтті.

Іс облыс прокурорының ерекше бақылауында. Оқиға орнына Шығыс қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат барды.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Аягөз балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төрт оқушы қайтыс болған еді.

 

Back to top button