Жайық киіктерінің популяциясы 217 мың басқа жетті

Жайық киіктерінің популяциясы 217 мың басқа жетті

Жайық киіктерінің популяциясы 217 мың басқа жетті
ашық дереккөзі
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Парламент өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында «Бөкейорда» табиғи резерватының құрылысы туралы баяндады. «Қазақстан аумағында, Жайық және Үстірт киіктерінің әлемдік популяциясының 95 пайыздан астамы мекендейді. Бүгінгі таңда Жайық киіктерінің популяциясы 217 мың басқа жетті немесе бұл Қазақстандағы барлық киіктің 65%-ы деген сөз. Жайық киіктерінің тіршілік аясын сақтау үшін Батыс Қазақстан облысындағы «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру бойынша бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр», – деп жазылған жауапта. Роман Склярдың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында табиғи резерават пен қаумал құру үшін заңнаманың жекелеген талаптарын орындау қажет, оның ішінде келесі іс-шаралар орындалған: 1) штаттық саны 78 бірлік, жалпы алаңы 343 040,1 га резерват және жалпы алаңы 314 504 га қаумал құру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы алынды; 2) «Республикалық маңызы бар Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын және «Бөкейорда мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. 3) Мемлекет басшысы резерват пен қаумалдың қызметін қамтамасыз ету үшін штат санын бөлуді мақұлдады; 4) Қазіргі уақытта 2021 жылға арналған резерват пен қаумал құру үшін бюджеттік өтінім қалыптастырылып, ол республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі. Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Айжан Ысқақова Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру жобасы неге тоқтап қалғанын сұрап, Үкіметке сауал жолдаған болатын.