Маңғыстау облысының әкімі Боқаевтың шаңырағында болды

Маңғыстау облысының әкімі Боқаевтың шаңырағында болды

Маңғыстау облысының әкімі Боқаевтың шаңырағында болды
ашық дереккөзі
Облыс әкімі С.Трұмов Отан үшін от кешкен майдангерді жеңіс мерекесімен арнайы барып құттықтады. Ардагерге құрмет көрсетіп, бейбітшілік пен жарқын болашақты құруға атсалысқаны үшін алғысын айтты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Ақтау қаласының тұрғыны, ІІ дүниежүзі соғысының ардагері Бисен Боқаев – 97 жаста. Қазіргі таңда қарт майдангер жұбайы Оғылхан әжеймен бірге 26 немере, 26 шөбере сүйіп отыр. “Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғаныңыз үшін алғысымыз шексіз. Еліміздің бүгінгідей бейбіт заманда жеткен барлық жетістіктерінің артында Сіздердің еңбектеріңіз бен ерліктеріңіз тұр. Біз мұны мәңгі есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз. Сізге мықты денсаулық, бақуатты тірлік, отбасыңызға амандық тілеймін!”, - деді С. Трұмов. Майдангер мереке күні құттықтай келген облыс әкіміне ризашылғылығын жеткізіп, ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріне абырой мен табыс тіледі. Бисен Боқаев 1923 жылы туған. Әскер қатарына 1942 жылы шақырылып, 1944 жылға дейін шекара әскерлерінде қызмет атқарды. 1944 жылдың сәуір айында II - ші Украина майданында соғысты, Яссы-Кишинев операциясына және Бессарабия мен Румынияны азат ету ұрыстарына қатысты. Елге 1949 жылы оралды. "Қызыл Жұлдыз", ІІ - дәрежелі “Отан соғысы" орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін" медалімен марапатталған. Мереке күні Бисен Боқаевпен қатар Ақтауда тұратын соғыс ардагерлеріне тосын сый жасалды. Үрмелі аспаптар оркестрі қарт майдангерлердің үйлерінің ауласына барып, жеңіс әндерін шырқады. Бүгінде Маңғыстау облысында алты ардагер Ұлы жеңістің жетпіс алтыншы көктемін қарсы алып отыр. Әрқайсына 1 млн теңгеден табысталды. Сонымен қатар, мерекелік сыйақы соғыс жылдары Отан үшін мінсіз қызмет етіп, тылда тер төккен азаматтарға да берілді.