«Қадір түні – тағдыр түні». Бас мүфти қазақстандықтарға Қадір түніне байланысты үндеу жасады

«Қадір түні – тағдыр түні». Бас мүфти қазақстандықтарға Қадір түніне байланысты үндеу жасады

«Қадір түні – тағдыр түні». Бас мүфти қазақстандықтарға Қадір түніне байланысты үндеу жасады
ашық дереккөзі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫНЫҢ қазақстандық барша мұсылман қауымға арнаған үндеуі мүфтият сайтында жарияланды. Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Қадірлі жамағат! Алла Тағала түндердің ішінде Қадір түнінің қадірі мен қасиетін арттырды. Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші, ақ пен қараның, адал мен арамның аражігін айқындаушы Құранның түсуі. Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Дұғалар қабыл болатын, күнәлар кешірілетін, тағдырлар жазылатын, періштелер сәлем жолдайтын түнді ерекше құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар көбірек дұға жасауды ұмытпайық. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көр» деп айтасың» деп жауап берген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», – деген. Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Сондықтан бұл түнді сауапты істермен өткізуге тырысайық. Алла Тағала Құранда:«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды. Біз бұл аяттан қасиетті Құран Қадір кешінде түскенін білеміз. Ендеше, осы кеште Құран аяттарының сырына үңіліп, мағынасына ой жүгіртейік. Бұл түнде Жаратқанға шынайы жалбарынған пенделердің тілектері қабыл етіліп, тағдыры жазылып, ризық-несібесі бекітіледі. Алла Тағала ризық-несібемізді арттырып, Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай. Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жүздесуді нәсіп еткей. Әмин! Еске сала кетейік, биыл қасиетті Қадір түні мамырдың 8-нен 9-на қараған түнге сәйкес келіп отыр.