Қазақстан Үндістанға көмек жібереді

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, – деп хабарлайды akorda.kz.

Мемлекет басшысына санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндалды.

Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын айтты. Ол COVID-19 індетінің таралу қарқыны бойынша Қазақстанның «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өткенін атап өтті. Азаматтарды вакциналау қарқыны артып келеді. 1 миллион 565 мың адамға бірінші компонент салынса, 460 мың адамға екінші компонент егілген. 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында тәуліктік вакцина салу қарқыны 12,6 есе өскен. Кеше Қазақстанда 140 мыңға жуық адам вакцина салдырған.

Премьер-Министр Президентке бизнесті қолдау жұмыстары жайында мәлімет берді. Қызмет көрсету саласында «ASHYQ» қосымшасын пайдалану ісі белсенді түрде артып келе жатқаны айтылды. Қазіргі уақытта жүйе 3 мыңнан астам бизнес субъектілерін және еліміздің 720 мың тұрғынын қамтып отыр.

Үндістандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке аталған елге 6 миллион медициналық маска, 400 мың респиратор, 50 мың обаға қарсы арнайы киім және елімізде өндірілген 105 жасанды жолмен дем беру аппараттарын гуманитарлық көмек ретінде жіберуді тапсырды.

Back to top button