Жаңалықтар

Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі

ашық дереккөзі

Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі

Неге екенiн қайдам, соңғы кезде «Адамдар арасында мейiрiмдiлiк, қайы­рым­дылық, кiшiпейiлдiк, жанашырлық, бауырмалдық азайып, жүрекке жайлы тиетiн iзгi iстер сиреп бара жатыр» деген сөздердi жиi естимiз. Шынында да солай ма? Оған не себеп? Көпшiлiкке топырақ шашпалық, бiрақ қазiргi адамдар арасында немқұрайлық, тоғышарлық, енжарлық, бейтараптылық, селқостық, менмендiк, өзiмбiлемдiк, қатiгездiк меңдеп бара жатқан секiлдi болады да тұрады. ...Жуырда әлеуметтік желі ар­қылы кез келген адамды ерік­сіз елең еткізетін жағымды бір ха­бар таратылды. Балық аулау­ды ермек ететін бір азамат де­ма­лыс күні қалың тоғай ішінен ағып өтетін асау тау өзеніне қар­мақпен балық аулауға барады. Күн едәуір көтерілсе де қармағына бар болғаны бір-екі ғана балық іліккеніне көңілі толмай отырған балықшы кенет қалың жыныс арасынан кішкен­тай қонжығын ерткен қоңыр аю шығып, балық­шыға еш көңіл аудармай қарсы су жағасынан балық аулай бастағанына көңіл аударады. Әлгі аюдың балық аулау шеберлігіне таңғалып, оның іс-әрекетінен көзін алмай отырғанда анасының қасында асыр салып, ары-бері шапқылап жүрген кішкентай қонжық абайсызда ағысы қатты өзен суына топ етіп түсіп кетеді. Асау толқын конжық­ты суға бір батырып, бір шығарып ағызып ала жөнеледі. Балықшы уақыт жібермей жаға бойы жүгіре отырып мүмкіндігі бар бір жерде өзенге түсіп, суда ағып келе жатқан қонжықты аман-есен жа­ғаға шығарады. Оның бар іс-әрекетін көріп тұр­ған аю, өзенді малтып, бұл отырған жағаға же­тіп, қонжығын ертіп орманға еніп кетеді. Кеш­ке қарай балық аулауға қайта барған балықшы отырған аймаққа әлгі аю қонжығымен бой көр­сетеді. Балықшыдан таяқ тастам жерден ол да ба­лық аулап, бірер сәтте біраз балықты жағаға жинап тастайды. Содан кейін басын көтеріп, балықшыға қарап, дыбысын шығарып, басын изе­гендей болады да, орманға кіріп жоқ болады. Өз көзіне өзі сенбеген балықшы ары-бері, жан-жағына қарап, жағадағы аю жинаған балықтарды теріп алып, үйіне қайтады. Ертеңіне балық аулауға барған әлгі кісі тағы кешегідей істің куәгері болады. Аю біраз балықты жағаға шығарып, ұста­ғанын бір жерге үйіп, асыр салып еркелеген қоңыр қонжығын ертіп ну орманға сіңіп кетеді. Осындай жайт бірер күн қайталанады. Орман иесі – аюдың әлгі адам сенбес игілікті тірлігі балықшыны ерек­ше толғандырып, таңғалдырады. Ертегі сияқты, бас­қа біреу сенбейтін оқиға. Аюдың бұл ісі суға ағып бара жатқан қонжығын құтқарған адамға деген ақ ниеті, жасаған жақсылығына «жауап» қой деп ойын түйіндейді. Байқап отырсыздар, халық ара­сында жиі айтылатын «Біреуге жасаған жақ­сы­лығың ертелі-кеш жақсылық болып қайтады», – деген пікірдің шындығы. Жақсылыққа жақсылық болып кері оралатыны әлгі аюдың іс-әрекетінен-ақ білуге болады. Адам емес, жабайы мақұлықтың өзі басқаның жасаған жақсылығын дұрыс түсініп, оған оң көзімен қарағаны қандай ғанибет?! …Таяуда iссапармен Алматыға бардым. Жүр­дек пойыз таңғы елең-алаңда Алматы-II стан­са­сы­на келiп тоқтады. Сыртқа асыққан жолаушылар қол жүктерiн алып, есiкке қарай ұмтылуда. Асы­ғып-үсiккен жолаушыларды жолсерiк жiгiт вагон­нан түсуге көмектесiп бағуда. Қолында ауыр екi сөмкесi бар тал шыбықтай қара көз нәзiк қыз вагоннан шығып, жан-жағына қарап бiреудi iзде­гендей болды. Жақын маңда жүк тасушылар көрiне қоймады. Ақыры әлгi қыз ауыр жүгiн көтермек болып әлектенiп көрдi. Қайдан, тал шы­бықтай белi майысып, көтеруге қауқары жетпедi. Көршi купеде бiрге келген жолаушы қызға жаным ашып, бiр сөмкесiн бос қолыма алдым. Жа­ны­мыз­дан өтiп бара жатқан мұрты қияқтай жас жiгiтке: «Мына қарындасыңның жүгiн вокзал алдына дейiн жеткiзiп берелiк, қолыңыз бос көрiнедi, көмектесiңiз» деп ұсыныс жасадым. Сонда әлгi жiгiт: «Мен грузчик емеспiн, кешiрiңiз!» деп ала көзiмен бажырая қарап, сөзiн келте қайырып, өз жө­нiне кете барды. Не дерсiң оған? Мен өзiмнiң жеңiлдеу сөмкемдi әлгi қыздың қолына ұстатып, оның екi ауыр сөмкесiн вокзал алдындағы такси аялдамасына дейiн жеткiзiп бердiм. – Үлкен басыңызбен кiшiрейiп, маған көмек­тес­тiңiз. Рақмет, көп жасаңыз, ағай! Сiздiң ал­дыңыз­да бiртүрлi ыңғайсыз, тiптi ұят болды. Ауыл­ға барып едiм, әке-шешем қоярда-қоймай қа­ла­да тұратын бiзге, қыздарына, «қысқы сыбаға­ларыңды ала кет» деп болмағаннан кейiн, көңiл­дерiн қимай, жүктерiмдi ауырлатып алғаным… – Оқасы жоқ. Осы қалада менiң де сендей қы­зым бар. Сенiң қиналып тұрғаныңды байқап, көз ал­дыма сол қызым түсiп, қолғабыс тигiзейiн де­дiм. Қолдан келсе адамдар бiр-бiрiне қол ұшын бе­рiп, жақсылық жасауға, көмек көрсетуге ұм­ты­лып тұру керек емес пе? Сондықтан сен ешбiр ыңғайсызданба, бәрi орынды, қызым. – Жолың болсын! – деп кезектегi таксиге отыр­ғызып жiбердiм. Сол бiр шағын көрiнiс бiраз уа­қытқа дейiн есiмнен шықпай, кейiн де мезгiл-мезгiл ойыма түсiп жүрдi. Иә, байқасам, қазiргi уақытта адамдар ара­сын­да адамгершiлiкке тән iзгi, игiлiктi iстер азайып бара жатқан секiлдi болады да тұрады. Әрбiр iс-әрекетiн өлшеп, жасаған жақсылығын, кө­мегiн, атқарған қызметiн, жәрдемiн «сатып», пұл­дап, ақшаға айналдыратындар саны қазiргi қоғамда көбейiп бара жатыр ма, осы? Жоқ, әлде мен қателесемiн бе? Ылайым, солай болғай… Бiрде қала орталығындағы төлем жасайтын кас­са алдына кезек ұзаққа созылып кеттi. Кезек­тiң артын ала қолында сәбиi бар өрiмдей жас ке­лiн­шек тұрды. Кезек баяу жылжып, уақыт тым ұзақ­қа созылды. Бiрер уақыттан кейiн әлгi келiн­шектiң қолындағы жас баласы мазасызданып, ыңқыл-сыңқылға басты. Келiншек әрi-берi бала­сын алдандырып, жұбатпақ болып бағып едi, жас нәресте онысына көнбей жылай бастады. Келiн­шек не iстерiн бiлмей қатты абыржыды. Бiрақ оның алдында кезекте тұрғандар құлақтарына қор­ғасын құйған жандардай, ештеңе естiмегендей, көрмегендей кейiп бiлдiрiп, жас баланың жы­лағанына селт етiп, мiз бағар емес. Келiншек нәрес­тесiн қолына көтерiп, тербеп тұр. Оған көнер бала жоқ. Көп iшiнде, сiрә, қайырымды, жаны iзгi бiр адам табылар ма екен? Сол кезде касса терезесiне жақындап қалған жiгiт ағасы абыржыған келiншекке өз кезегiн ұсынды. Басқалар әлгi азаматтың әлгi оң iсiн дұрыс көрiп, бойынан адами қасиетiн жоғалтпаған жандардың әлi де ортамызда бар екенiн мойындап, ешбiрi ризашылығын бiлдiре қоймады. Әттең... «Жақсымен жанасып жүр, жарлыға қарасып жүр, шалқудың шамасын бiл, ақ-қараның арасын бiл» немесе «Құрдасыңа қуаныш бол, сырласыңа сынық бол, жылағанға жұбаныш бол, туысыңа тұ­нық бол» деп қазақтың дарынды жазушысы Тұт­қабай Иманбеков жазғандай, кейде жан-жағымызға ойлы көзбен қарап, шалқудың шамасын бiлiп, санамызды «салмақтап» қойған да артық емес-ау, тегi. Әйтпесе адамдар бiр-бiрiне жақсылық жасаудан, қамқор болудан, қиналғанға қол ұшын беруден қалып, дүниеқоңыз, тасбауыр, қорқау қасқырға айналмай ма?! Қасқыр дегеннен еріксіз ойыма көрнекті жазушы Несіпбек Дәу­тайұлы­ның таяуда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақ­стан­да» жарияланған «Кісі иесі» деген әңгімесі келеді. Автор аштық жылдары болған сұмдық оқиғаны суреттейді. Аштықтан әбден тарығып, қат­ты қиналған базбір жан­д­ардың ақыл-есі ауып, аш қорқаудай еш қор­ғансыз ба­лаларға ауыз салу­ға барға­ны жайлы де­рек­тер бар («Штрафбат» кино­се­риа­лы, ақын Жақан Сыз­дықов­тың «Әли қарттың әңгімесі» атты бал­ладасы, жазу­шылар Ман­сур Гатау­лин, Несіпбек Дәу­тай­ұлы және т.с.с.). Несіпбек Дәутайұлының әңгімесінде аң­­шы­лардан қашқан қасқырдың жан сауғалап келіп қора жанын­да тұрған кісіге «Маған кө­мек­те­сіңізші, садағаң ке­тейін!» деп қыңсылап, жалын­ған­дай болып ал­ды-артына қарамай қораға кіріп кетіпті. Қасқырды қу­ғандардың сұрағына қора иесі: «Жаңа былай қа­рай зу ете түсті» деп мүлдем басқа жаққа жол сіл­теп жібереді. Әлгі көк бөрі өзін өлімнен қорғап қал­ған, аштықтан қиналған кейіпкерге бірнеше рет көмекке келеді (үй маңындағы жыраға әкеп қа­­маған арқар және де бірнеше көріністер). Көкжал көзге бірде көрініп, бірде көрінбей жүріп, талай жақсылық жасайды. «Аман қалғыларың келсе, баланы бізге тастаңдар да өздерің кете беріңдер» деп артынан қалмай келе жатқан үшеу. Жас баласы мен әйелін қорғап қалу үшін өз жа­нын пида еткен бас кейіпкер ер-азаматтың ісіне ри­зашылық сезіммен қарайсың. Баласын арқа­лаған ана соның арқасында төр­кініне аман-есен жетеді. Бұл жерде біздің айтары­мыз, көк бөрі адам­ның жасаған жақсылығын ұмытпай, оған бір­не­ше рет көмекке келуі. «Қас­қыр да қас қыл­май­ды жол­дасына» деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі. Иә. Адамдарға неғұрлым жақсылық көп жа­са­саң, алғысты көп алсаң, соғұрлым жолың бо­лып, жүрегiң жылып, жаныңа бiр жайдары тыныштық келетiнi хақ. Қара ниеттi, негiзсiз қиянат жасаған адамдардың тыныш ұйықтауы неғайбыл. Мына кең жарық дүниеде бiз қонақ екенiмiздi олар неге естен шығарады?! Адам деген атымызға iсiмiз сай болуы керек екенiн, мұсылман екенiмiздi бiр сәт те ұмытпау қажеттiгiн, қолыңнан келсе алдыңа алақан жайып келген мұқтаж жанға көмегiңдi аямау керектiгiн өмiр деген керуеннiң жолау­шылары бiлiп жүрсе, артық болмас-ау деген ойға келесiң. Байлық та, қызмет те адамға мәңгiлiк жолдас болмайды, оларды данышпан халқымыз сонау қиын кезеңде-ақ «қолдың кiрi» деп қараған. Мiне, осылай ой қуып кете бардым...

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі