Шәйнектен шыққан хат
Шәйнектен шыққан хат
«Ескі үйді бұзарда шатырынан қорапқа салынған біраз ыдыстар тауып алдық, – деді Бибосын жуырдағы бір оқиғаны баяндай бастап. – Бұл анамның көзі тірісінде тірнектеп жинап жүрген дүниелері екен. Қаттап оралған тәрелке, шыны-аяқ, шәйнектер. Шәйнектің бірінің ішінен ұқыптап салынған бума қағаз шықты. Бүктеуін жазсақ әбден сарғайып кеткен солдаттың сағыныш хаттары екен...».
Бибосынның ата-анасы дүниеден өткелі жиырма жылдан асты. Әкесі Қадыр Әбдірахимов Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыста танкист болып ауыр жараланған, денесінің бірнеше жерінде бұлтиып денемен дене болып кеткен жарық-шақтың орнын бала кезімізде талай көзіміз шалатын. Ұлмекен екеуінен сегіз бала болған. Бибосын солардың кенжесі. Ал шәйнектен табылған хаттар Ұлмекеннің жалғыз бауыры Жұмагелдінікі болып шықты. Соғыста хабарсыз кеткен-ді. Қарындасы сары майдай сақтап, көкірегін сағыныш буған сәттерде қолына алып сан мәрте қайталап оқып, көз жасын бұлаған хаттар ғой. Әбден сарғайып, бүктелген жерлері қиылып, кей тұстарының жазулары көрінбей де қалған. Өлеңдетіп жазылғанына қарап, хат иесінің жазу-сызудан қаражаяу еместігін байқауға болады. «Елге арнаулы өлең» деп басталатын ұзақ хатын оқып отырып, ауылдан жеті бала әскерге алынып 12-сі түнінде (қай жыл, қай ай екені белгісіз) Жамбыл қаласына келіп, мұнда төрт-бес күндік дайындықтан соң пойызбен жолға шыққан сапарын баяндайды. «Ызғытты қара айғыр салып алып, барады қайран ауыл артта қалып. Адамның өз жеріндей болмақ қайда, кетеміз ойлағанда күйіп жанып» деп туған жерге сағынышын білдіреді де, Шу, Аягөз, Сарыөзек стансаларын, Барнаул, Алтай, Новосібір, Омбы айналып, қайтадан Қазақстанға кіріп 29-ы күні Қарағандыға жеткенін айтады. Хаттың бұдан арғы жолдары өшіп қалғандықтан оқу мүмкін болмады. Ал 1943 жылы 10 қарашада жазған хатында Қазан қаласындағы госпитальдан жазылып шыққанын, енді тағы майданға баратынын хабарлайды. Бұл хаттарда ауылда қалған атасы мен анасы, қарындасы Ұлмекеннің, бауыры Қыстаубайдың есімдері аталады.
Бибосын үйінің төріне анасының соғыстан қайтпаған ағасы Жұмагелдімен бірге түскен суретін үлкейтіп іліп қойыпты. Бұл соғыс қарсаңындағы сурет екені даусыз. Онда Ұлмекен үріп ауызға салғандай жас бойжеткен де, ағасы галстук тағып, сыптай болып киінген жігіт ағасы. Сірә, оның оқып, әлде қызмет істеп жүрген кезі болса керек. Бибосынның аудан орталығында тұратын әкпесі Алтынай болса анасының: «Балаларым үйленгенде елден ыдыс-аяқ сұрап жүрмейік» деп жаңа шыны, шәйнектер сатып алып жинайтын әдетін еске алды. Сосын, «жалғыз бауырым соғыстан қайтпады-ау» деп жиі қамығып отырады екен.
Ұлмекен соғыстан жараланып қайтқан Қадырмен тұрмыс құрып, одан бала-шағалы болғанын айттық. Олар араға екі ай салып бірінен соң бірі 1995 жылы дүниеден озған еді. Қадырдың Санат Әбдірахимов деген інісі де бертінде өмірден өтті. Ал оның әйелі Күлсара апаның көзі тірі. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жасы сексеннен асса да санасы сергек кісі үлкен абысыны жайлы тебірене сыр толғады.
«Ұлмекен мен ағасының туған жері – Алматы облысының Ақсай жағында Күнту деген ауыл. Әкелері Тойбай бай болған, отызыншы жылдары кәмпескеге ілініп айдалып кеткен. Әйелі, яғни Ұлмекеннің шешесі Жәмилә біздің Қаракемерден, Машақ елінің қызы еді. Күйеуі айдалып кеткен соң ол көп ұзамай балаларын алып төркініне көшіп келген. Жәмилә осында Оспан деген кісімен қайта отбасын құрды. Обалы не керек, ол балаларға жақсы қарады. Жұмагелдінің соғыстан әр кезде «Қадірлі ата-ана, қарындас» деп бастайтын хаттарындағы атасы сол кісі» деп Күлсара апа біраз жайдың басын ашып берді. – Ұлмекен жалғыз бауырын еш ұмытқан емес, үйленбей, артына перзент қалдырмай кеткеніне өкініп, үнемі әруағына құран бағыштап отыратын. Өзі дүниеден қайтарда осы нағашысын ұмытпауды балаларына да аманаттап кеткен болатын...
Ауылда Жұмагелдіні білетін адамдар қалмапты. Ең соңғы соғыс ардагері де былтыр өмірден өтіп кеткен. Осыдан отыз жыл бұрын (1987 ж.) Қаракемердің орталығында соғыс құрбандарына арнап орнатылған ескерткіште есімі ойып жазылған 241 боздақтың қатарында Жұмагелдінің де аты-жөні тұрғанына шүкіршілік еттік. Біз ғаламтор арқылы «Мемориал» сайтына кіріп, Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлер тізімі жарияланған Ресей Қорғаныс министрлігінің ең үлкен ақпараттық анықтамалар банкін қанша ақтарғанымызбен Жұмагелді Тойбайұлы туралы ешбір дерек кездестіре алмадық. Есесіне ол 2000 жылы Таразда жарық көрген «Боздақтар» естелік кітабынан табылды. Онда: «Тойбаев Жұмагелді, сержант, 1917 ж. Алматы об. Қаскелең ауд. «Күнту» ауылында туған. Қазақ. Қордай ауданында жұмыс істеген. Әскерге 1941 ж. Қордай ауд. әскери ком-да шақырылған. 1944 ж. ақпанда хабар-ошарсыз кетті» делінген («Боздақтар», үшінші том, 64-бет).
Биыл туғанына жүз жыл болатын, орда бұзар отыз жасында соғыста хабарсыз кеткен бір қазақ солдаты Жұмагелді Тойбаев жайлы ойда жоқта осындай деректер алдымыздан шықты. Жүректе қалған жарақат жанды сыздатады.
Құрманбек ӘЛІМЖАН Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қордай ауданы Жамбыл облысы