Тілегі бірдің тілі де бір болса…

«Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ мәтелінде. Демек бір мем­ле­кет­те өмір сүріп жатқан халықтың да мемлекет мүддесі тұрғысынан ау­зы бір болуы тиіс. Бірлік үшін не ке­рек? Өзің өмір сүрген елдің заңы­на мойынсұнып, сол елдің бір­тұтас­тығына қызмет ету қажет. Яғни сол ел­дің мемлекеттік тілінде сөйлеп, сол елдің тарихын жақсы біліп, әнұранын жаттап, туын қастерлей ал­саң, сен сол елдің толыққанды аза­матысың деген сөз.

Негізін қазақ халқы құрғанымен өз­ге де ұлттардың бірталай диас­порасы тірлік кешетін Қазақстанда нә­сіліне, ұлтына, тіліне, сеніміне, жы­нысына қарамай барлық адамның тең құқықтығы Конституциямен бекітілген. Өкініштісі сол, елімізде адам құқығы дегенді шексіз анархиямен шатастырып, мемлекеттік тілді білу, білмеу өз еркімде деп ойлайтындар аз емес. Тіпті, өзге ұлт өкіл­дері арасында мемлекеттік тілді бел­гілі бір ұлтқа ғана тән тіл деп түсі­не­тіндер де бар. Сондықтан алдымен ұлт­тық тіл мен мемлекеттік тілдің мәр­тебесін айыра білу керек. Ұлттық тіл − бір ғана ұлтқа қатысты болса, мемле­кет­тік тіл − белгілі бір мемлекетте өмір сүретін барлық адамдардың барлық салада қолданылуы тиіс тілі.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында «Қа­зақстан Республикасындағы мем­лекеттік тіл − қазақ тілі» деп жазылған. Со­­нымен бірге «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы тiл туралы» заңының 4-ба­бын­да «Қазақстан Республикасының мем­ле­кеттiк тiлi − қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл − мемлекеттiң бүкiл аумағында қо­ғамдық қатынастардың барлық сала­сын­да қолданылатын мемлекеттiк бас­қару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу жә­не iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып са­налатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру − Қазақстан Республикасының әрбiр аза­матының парызы» деп анық жазыл­ған. Қазақстанда мемлекеттік тілді да­мытуға және оны барлық салада еркін қол­дануға жағдай жасалған. Сол сияқты өзге ұлт диаспораларының тілі мен мә­дениетін дамытуға да мүмкіндік беріл­ген. Осы бағыттағы жұмысты мемле­кет­тік деңгейде жүргізу үшін 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мем­лекет басшысы жанындағы кон­суль­та­тивті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Қазір Қазақстанда тұратын бар­лық этностардың мәдениеті мен тілі және дәстүрінің дамуына қа­жетті жағдай жасалған. Этномәдени бір­лестіктердің саны 800-ден асады, олар­дың 28-і республикалық ұйым. 15 тіл­де газет-журнал, 8 тілде радиобағ­дарламалар, 7 тілде телебағдарламалар эфир­ге шығады. Білім беру саласында то­лықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және ук­раин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұ­мыс істейді. 108 мектепте 22 этнос­тың тілі жеке пән ретінде өтіледі. Сон­дай-ақ, 30 этнос тілдерін оқуға мүм­кін­дік алған 195 этно-білім беру кешендері, жек­сенбілік және лингвистикалық мек­тептер ашылған. Бұл біздің елімізде тұра­тын өзге ұлт өкілдеріне деген мем­лекеттік көзқарастың қандай екенін білдірсе керек.
Қазақстан халқы Ассамлеясында түрлі этномәдени бірлестік бас­шыларының арасында өзі мемлекеттік тілді жете меңгеріп, қандастарына мем­лекеттік тілді игеру маңыздылығын на­сихаттап жүрген тұлғалар көзімізге тү­се бермейді. Түрлі шара болса, олар­сыз-ақ халыққа танымал, қазақ тілін өз ана тіліндей білетін санаулы адамдарды алға тосып, нақ бір солардың жетістігіне өздері ортақ секілді көрінетін Ассамблея мүшелерінің әрекеті көзбояушылыққа ұқсап кетеді. Мұны өзгертетін кез келді. Өйткені бүгінде Қазақстан – өз Тәуел­сіздігінің 30 жылдығын тойлайын деп отырған даму жолындағы мемлекет. Жет­кен жетістіктері аз емес. Демек, қо­ғам мүшелеріне, оның ішінде өзге ұлт өкіл­деріне мемлекеттік тілді игеру қа­жеттігін түсіндіріп, жағдай жасайтын уа­қыт өтіп кетті. Ендігісі − өзін осы ел­дің азаматымын дейтіндердің мемле­кет­тік тілді игеруін ешқандай насихат­сыз-ақ қалыпты жағдай деп санауға қол жеткізу.
Ассамблея дегенде «Тегі басқа бол­са да, тілегі бір» деген оралымды көп пайдаланамыз ғой, енді соны «Тілегі бірдің – тілі бір» деген асқақ ұранға ай­налдырып, шынайы бірліктің үдесінен шығу.

Back to top button