Жаңалықтар

НАТО-ның грантын ұтып алған ғалым

ашық дереккөзі

НАТО-ның грантын ұтып алған ғалым

Сейтхан Азатұлы – 2004 жылы Қытай елінен көшіп келген қандасымыз. Ол бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev university) Химия және биологиялық технологиялар институты директорының ғылыми білім беру қызметі жөніндегі орынбасары және Инже­нерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, Нанотехно­ло­гиялар және наноматериалдар саласы бойынша PhD док­тор, қауымдастырылған профессор. Жану проб­ле­маларының институты жанындағы SinGO су тазартуға арналған сүзгілер өндіріс цехының басшысы. Қазақстан «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы–2019 жыл» атағының және 2020 жылдың талантты жас ғалымдарға арналған стипендиясының иегері. С.Азатұлы – ғалым, өнертапқыш әрі кәсіпкер. Ғы­лымды өндіріске, өндірісті нарыққа шығаратын біре­гей маман. Мұндай маман иесі елімізде саусақпен са­нарлықтай екені белгілі. Ғалымның өзімен ха­барласып, осынау үш салаға қатысты әңгіме өр­біт­кен едік. [caption id="attachment_145807" align="alignnone" width="533"] @turkystan.kz[/caption] – Су тазарту сүзгісімен қатар, ауа тазарту құралдарын жасаумен де ай­налысасыздар ғой? – Иә. Тағы бір айта кетер жаңалығымыз ол – НАТО-ның бейбітшілік үшін жариялан­ған халықаралық ғылыми конкурсына қа­тысып, жобамыз («Биомасса қалдықтарын хи­миялық, биологиялық, радиациялық қор­ғанысы үшін тиімділігі жоғары мате­риал­дарға бағалау» (Valorization of biomass waste into High efficient materials for CBRN protection.) жеңімпаз атанды. 180 мың евро ұтып алдық және содан бері қазір біздің барлық ғылыми шығындарымызды НАТО қаржы­ландырып, қолдау көрсетіп келеді. Жоба жетекшісі академик Зұлқайыр Мансұров. Жас ғалым Алмагүл Керімқұлова екеуміз бұл жобаның жауапты орындау­шыларымыз. Зерт­теу тобында сонымен бірге инс­ти­ту­тымыздың жас ғалымдары, докторанттар және магистранттар да бар. Осы жобамыз ауаны улы газдан тазартуға арналған. Қазір әлем­де мұндай улы газдан тазартатын 20 шақ­ты (қауіпсіздігі жоғары) ғылыми зерт­хана бар. Соның төртеуі Еуропада, біреуі Бельгияда орналасқан. Біз қазір сол зерт­ха­налармен бірге жұмыс істейміз. Сондықтан ал­дағы жоспарымызда ауаны тазартуға ар­налған сүзгілер жасап шығару ойымызда бар. – «Болашақта таза су тапшылығы бо­лады, ауа ластанады» деген бол­жам­дар айтылып жатады. Еліміздегі ғылым мұның алдын алуға қаншалықты қау­қарлы? – «Солдатский фильтр» деген құрал бо­ла­ды, сол секілді болашақта жалпы адам­дарға арналған жеке сүзгілер жасап шығуға бо­лады. Мысалы, кез келген суды тазартып іше беруге мүмкіндік жасалады. Еліміздің он­дай технологияларды жасауға мүмкіндігі бар. Мұның барлығы ғылыми тұрғыда зерт­теліп, теориясы жасалып, сынақтан өткен. – Маңғыстау облысының, яғни Кас­пий теңізінің жағасында көкөніс өсі­ретін кәсіпорындар бар. Оларға су мә­се­лесі қиын болып отыр. Болашақта теңіз суын тұщы суға айналдыруға бо­лар ма екен деп армандайды. Бұл мүм­кін бе? – Өте жақсы сұрақ. Осыған байланысты Жану проблемаларының институтында ғы­лыми диссертация қорғалған болатын. Күріш қауызының құрамынан синтезделіп алынған графен неше түрлі қабаттарға бө­лінеді. Осы мембранды технология арқылы теңіз суын тұщыландыруға болады. Бұған қа­тысты да эксперименттер жасалған, сы­нақ сәтті өткен. Өндіріске енгізуге дайын тех­нология бар. – Өзіңіз біршама ғылыми еңбектер жаз­дыңыз, патенттеріңіз бар. Солар жайлы айтыңызшы? – Нанотехнологияға байланысты «На­нохимия тұжырымдамалары» (2013 ж.), «Күн және жаңартылатын энергияның на­нофизикасы» (2016 ж.), «Өндірістік суды та­зартуға арналған нанотехнологиялар» (2016 ж.), «Электротехника: принциптері мен қолданылуы» (2017 ж) деген төрт еңбек аудардық. Осы нанотехнолгия және су, ауа та­зарту құралдарына қатысты «Өсімдік тек­тес энтеросорбент («Инго-2»), «Био­ло­гиялық белсенді заттарды хро­ма­тог­ра­фиялық бөлу әдісі», «Композиттік сорбент алу әдістері, «Су тазарту сүзгісі», «Күріш қауы­зынан аморфты кремний диоксидін алу әдісі» деген патенттерім бар. Мұның бар­лығы өндіріске шығуға дайын тұр деуге бо­лады. Сонымен қатар, осы сала бойынша «На­нокөміртекті сорбенттерді қолдана оты­рып фузикокциндерді бөліп алу және оның биологиялық-цитотоксикалық бел­сен­ді­лігін зерттеу» (монография, ағыл­шын тілін­де 2018 ж), «Кремний диоксиді: кү­ріш қауы­зынан алу әдістерін, алынған ма­териалдың негізгі физикалық-химиялық сипаттамаларын және практикалық қол­данылу» (монография, ағылшын тілінде 2018 ж), «Нанотехнологиялар ту­ралы ақ кі­тап» (Күріш қауызынан крем­ний диок­сидін синтездеу), «Химия және химиялық технология» (күріш қауызынан аморфты кремнеземді дайындау) деген төрт ғылыми монография жаздық, оның екеуі ағылшын тілінде жазылды. Springer, Singapore Stanford publishing house беделді бас­паларында, бірнеше монографиямыз ағылшын тілінде шықты. Енді қазақ тілінде бір моног­ра­фиямды баспаға дайындап жатырмын. – Тіл дегеннен шығады, қазақ тілі ғы­лым тіліне айналды ма? – Ғылымда мынау ғылымның тілі, мы­нау ғылымға келмейтін тіл деген ұғым аты­мен жоқ. Кейбір орыс не ағылшын тілін­дегі терминді қазақша аударғаннан немесе оны сол күйінде қалдырғаннан ғылымға келіп-кетері жоқ, ғылым өз алдына дами береді. Сондықтан қазақ тілі ғылым жасауға еш ­кедергі келтіріп отырған жоқ, керісінше ойың­ды жетікізуге кез келген нәрсенің атауын беруге, сипаттауға ыңғайлы ғы­лым­ға өте бейімді тіл. Тіпті өткен ғасырдың 20-30-жылдардағы қадау-қадау ғылыми еңбектерді алсақ, химия, физика немесе Жүсіпбек Аймауытов жазған психологияны оқыңыз, қандай әдемі, жатық. Ол қазақ ті­лінде ғылыми еңбектердің енді қалыптасып келе жатқан кезеңі ғой, қазір бұл әбден орнығып, байи түсті. Қазақ тілінде де өте сәтті қойылған атаулар, терминдер көп. Со­ған қарағанда қазақ тілінің ғылымға сұранып тұрғанын көреміз. Мұны қасақана қазақ тілінің мәртебесін мойындағысы келмей­тіндердің шығарып алған сөзі деп ойлай- мын. – Жоғарыда бір сөзіңізде «әдебиетке қызықтым» дедіңіз ғой, қазір қандай әдебиеттерді оқып жүрсіз? – Әдебиетке деген қызығушылығым бол­ды. Әлі де бола береді. Өйткені әлемге әй­гілі ғалымдардың ізденісін, қызығушы­лығын бақылап отырамын. Сонда әсіресе жаратылыстану ғылымымен айналысатын ғалымдардың көбі өз саласына қатысты кітаптардан өзге әдеби кітаптарды жиі оқи­ды екен. Себебі, әдебиет адамның ой-өрісін, қиялын байыта түседі ғой. Мен қазір Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын оқып жатырмын. Сонымен бірге «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» шығарған тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік т.б. салаларға қатысты кітап­тарды оқып жүрмін. Әсіресе, менеджмент және маркетологияға қатысты кітаптардан көп мағлұмат алдым. Жалпы осы еңбектер­дің аударылу сапасы өте жақсы, осы ретті пай­далана отырып, баспаға ерекше алғы­сым­ды айта кеткім келеді.

Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР