Ешқандай тоқ көзі жоқ: БҚО-да 6 жастағы қыздың өліміне қатысты жаңа дерек пайда болды
Ешқандай тоқ көзі жоқ: БҚО-да 6 жастағы қыздың өліміне қатысты жаңа дерек пайда болды
Батыс Қазақстан облысы Деркөл ауылында ойнап жүрген алты жасар қыз күмәнді жағдайда мерт болды. Газ құбырын екі қолымен ұстаған Айяның неден көз жұмғаны көпшілікке жұмбақ күйінде қалып отыр. Ал сот - медициналық сараптамасы баланы жоғары қуатты тоқ соққанын растаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
2 мамыр күні алты жасар Айя Деркөл ауылына ата-анасымен ауызашарға келген. Бүлдіршін сол үйдің балаларымен бірге көршінің ауласында ойнап жүрген. Кішкентай қыз жерден шыққан газ құбырын қолымен ұстай алғанда, оны бір күш кері лақтырып жіберген. Айя сол жерде көз жұмды.
Ал аулада орнатылған газ құбырлары "Казтрансгазаймақ" компаниясына тиесілі. Компания оқиға орнында тоқтың бар-жоғына тексеріс те жүргізіпті.
Ауладағы құбырлар мен үйдегі газ құрылғыларын тексердік. Сондай-ақ, үйдің маңайындағы құбырларды да көрдік. Құбырлардың электр сымдарымен ұштасқандығы табылмады", - деді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Дулат Борашев.
Тұрғындардың айтуынша, оқиға болған күні электр желілерін таратушы компания жөндеу жұмыстарын жүргізген. Олар электр жөндеу жұмыстары кезінде тоқ газ құбырларына тарап кетуі мүмкін деп отыр.
Ал электр таратушы компания сол күні жөндеу жұмыстарын жүргізбегендерін айтты.
"Сол күні біздің компания ауылда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізбеді. Үйдің жанындағы барлық сымдарды тексердік, ештеңе анықталмады. Ал үйдің ішкі сымдарына тұтынушының өзі жауап береді", - деді "Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы" АҚ компаниясының өкілі Сергей Доля.
Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс ашылды. Қылмыстық кодекстің "қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау" бабы бойынша тергеу жүргізіледі.