Жаңалықтар

Жастар эмиграциясы: қалыпты ма, қауіпті ме?

ашық дереккөзі

Жастар эмиграциясы: қалыпты ма, қауіпті ме?

Елімізде соңғы бес жылда жастар саны 470 мың адамға азайған. Жыл сайын 100 мыңнан астам мектеп бітіруші түлектің 20 пайыздан көбі шетелдік ЖОО-ға тапсырады екен.

Сыртқы істер министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, қазақстандық азаматтардың 91 мыңы өзге елде білім алып жатқанын айтады. Алаңдататын жағдай – шетелде білім алып жүрген жастардың біразы елімізге қайта оралмайды екен. Оған басты себеп – елдегі жұмыс көзінің тапшылығы болып отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 20-28 жас аралығындағы экономикалық белсенді топтың саны 2,1 миллион. Олардың арасындағы жұмыссыз ретінде 22 мың жас тіркелген. Ал жұмыспен қамтылғандардың 76,1 пайызы жалдамалы қызметкер ретінде табыс тапса, 23,9 пайызы өз-өздерін жұмыспен қамтыған. Жұмыс таппай сенделгендердің жалғыз шешімі жайлы жерден «жұмақ» іздеу болса керек-ті.

2019 жылдың жазында досының шақыртуымен Корей еліне жұмысқа кеткен Аманжол Қазақстанға қайту әзірше ойым жоқ дейді. Айтуынша, жоғары білімді дипломы бола тұра Қазақстанда жұмыс таба алмағанынан осы елге келіп, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Қазір еш өкінбейтінін және табысы жақсы екенін жеткізді.

«Қазақстандағы біраз достарым да осы елде өзіммен бірге еңбектеніп жүр», – дейді Аманжол.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында 7,3 мың адам шетелге қоныс аударған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 12 пайызға аз. Бұл ретте көрсеткіштің төмендеуіне COVID-19 пандемиясына байланысты карантиндік шектеу шараларының әсері себеп болып отыр. Ал  2016 жылы – 34 мың, 2018 жылы – 74 мың, 2019 жылы – 45 мың, ал биыл шетел асқандардың саны 100 мыңды шамалаған.

Статистикаға зер салсақ, шетелге көшу үдерісі артып отырғанын байқаймыз. Оның ішінде 18-24 жас аралығындағы жастардың көшу көрсеткіші 32 пайызды көрсетеді. Оның 23,7 пайызы жақын шетелге, әсіресе Ресейге орын тепсе, қалған пайызы алыс шетелге, оның ішінде Канада, АҚШ, Германия сынды мемлекеттерге тұрақтаған.