Жастар эмиграциясы: қалыпты ма, қауіпті ме?

Елімізде соңғы бес жылда жастар саны 470 мың адамға азайғанЖыл сайын 100 мыңнан астам мектеп бітіруші түлектің 20 пайыздан көбі шетелдік ЖОО-ға тапсырады екен.

Сыртқы істер министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, қазақстандық азаматтардың 91 мыңы өзге елде білім алып жатқанын айтады. Алаңдататын жағдайшетелде білім алып жүрген жастардың біразы елімізге қайта оралмайды екен. Оған басты себеп – елдегі жұмыс көзінің тапшылығы болып отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 20-28 жас аралығындағы экономикалық белсенді топтың саны 2,1 миллион. Олардың арасындағы жұмыссыз ретінде 22 мың жас тіркелген. Ал жұмыспен қамтылғандардың 76,1 пайызы жалдамалы қызметкер ретінде табыс тапса, 23,9 пайызы өз-өздерін жұмыспен қамтыған. Жұмыс таппай сенделгендердің жалғыз шешімі жайлы жерден «жұмақ» іздеу болса керек-ті.

2019 жылдың жазында досының шақыртуымен Корей еліне жұмысқа кеткен Аманжол Қазақстанға қайту әзірше ойым жоқ дейді. Айтуынша, жоғары білімді дипломы бола тұра Қазақстанда жұмыс таба алмағанынан осы елге келіп, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Қазір еш өкінбейтінін және табысы жақсы екенін жеткізді.

«Қазақстандағы біраз достарым да осы елде өзіммен бірге еңбектеніп жүр», – дейді Аманжол.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында 7,3 мың адам шетелге қоныс аударған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 12 пайызға аз. Бұл ретте көрсеткіштің төмендеуіне COVID-19 пандемиясына байланысты карантиндік шектеу шараларының әсері себеп болып отыр. Ал  2016 жылы – 34 мың, 2018 жылы – 74 мың, 2019 жылы – 45 мың, ал биыл шетел асқандардың саны 100 мыңды шамалаған.

Статистикаға зер салсақ, шетелге көшу үдерісі артып отырғанын байқаймыз. Оның ішінде 18-24 жас аралығындағы жастардың көшу көрсеткіші 32 пайызды көрсетеді. Оның 23,7 пайызы жақын шетелге, әсіресе Ресейге орын тепсе, қалған пайызы алыс шетелге, оның ішінде Канада, АҚШ, Германия сынды мемлекеттерге тұрақтаған.

2Q==

Енді жастардың шетел асу себептеріне тоқталсақ.  Әлеуметтанушы Мәнсия Сапаргалиқызының айтуынша, елде жүрген жастардың шетел асуының басты себебі – дұрыс жағдай жасалмағандығында. Жалақының мардымсыздығы, жұмыс көзінің тапшылығы жастарды шетелден жайлы өмір іздеуіне мәжбүрлейді дейді.

– «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден тәжірибе алмасу мақсатында 100 мың студент оқуға кетсе, оның 300-і сол елдерде қалып қойған. Бұл шетелге білімді, білікті мамандардың кету процесінің жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар мектеп түлектерін бакалавриатқа, тіпті мектеп қабырғасына да шетел студенттерін қабылдайтын елдер жетерлік. Сол себептен елдегі тіл білетін жастардың таңдауы  біздің ЖОО-ларға емес, шетел университеттеріне түсуі ықтимал.

Әрине, біз жастардың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Алайда олар елге қайтып келетіндей етіп жоспарлаған дұрыс. Дайын маман болғанда болашағын Қазақстанмен байланыстыратындай әлеуметтік жағдай жасалуы керек немесе белгілі бір құқықтық нормалар арқылы қайта келу процесін ұйымдастырған да дұрыс, – дейді әлеуметтанушы.

Жастардың елден кетуінің себептерінің қатарында жұмыссыздық, табыс деңгейінің төмендеуінен бөлек, азаматтардың өз балаларына жақсы білім беру мақсаты да көзделген.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда елдің білім беру жүйесі еңбек нарығы үшін жастарды даярлаудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етпейді, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасында айтарлықтай айырмашылық бар деген пікірлер бар.

– Қазақстанда білімді, талантты адамдардың саны өте көп, олардың көпшілігі басқа елдерге кетіп жатыр. Неліктен мемлекетке әр азаматына туған жерде дамуға мүмкіндік беретін жағдайларды жасамасқа: қол жетімді және сапалы білім алу, лайықты жұмысқа орналастыру сияқты. Жаңа оқу бітірген жастардан жұмыс берушілер тәжірбие болуын талап етеді. Мүмкін біздің білім жүйесіне жаңа реформа жасау қажет?! Әрине, мен мұнда өмір сүру әлдеқайда жақсы деп айта алмаймын. Бұл екі елді салыстыра да алмайсыз. Дегенмен, жұмыс ақысы әлдеқайда жоғары. Қореяда Қазақстаннан келіп, заңсыз да жұмыс істеп жатқан жастар көп, – дейді Аманжол.

Өткен жылдың соңында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады, сәйкесінше ерлер арасында – 4,4%, әйелдер арасында – 5,4%. Бұл – 1999 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Жұмыссыздықтың синдромы оңтүстік аймақтарда: Алматы қаласы, Алматы облысы және Түркістан облысында жиі байқалады.

Қазіргі кезде әлемде, әсіресе, 25 жасқа дейінгі жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің қарқынды өсуі қарқын алып келеді. Мысалы, Еуропа елдерінде жастар арасындағы жұмыссыздық 2009 жылы ең жоғары көрсеткішке табан тіреген. Атап айтқанда, Италияда 29%, Испанияда 42,8% және Францияда жұмыссыз халықтың төрттен бір бөлігі жастар жұмыссыздығын құрады.

Әлемдік еңбек статистикасының деректері бойынша, Еуропа елдерінде жоғары білімді мамандар арасында жұмыссыздық деңгейі төмен. Себебі, жоғары білімі бар мамандар бәсекеге қабілетті және еңбек нарығындағы технологияларды тез игере отырып, нарық қажеттіліктеріне тез бейімделеді екен.

Осы тұста Корей елінде бір жарым жылға жуық еңбектеніп жүрген Аманжол «Сіз қандай жағдайда отаныңызға қайтар едіңіз?» деген сұрағымызға: жоғары ақы төленетін жұмыс, білім беру, денсаулық сақтау, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына атаулы өзгерістер енгізсе, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сиқты салалар еліміздегі әлі де түбегейлі өзгерістерді талап етеді деген пікір білдірді.

Шетел асқан қазақ жастарының ойы мен ниетінен түйгеніміз: елден кетуге түрткі болып отырған басты жағдай – әлеуметтік тұрмыстың төмендігі мен жалақының мардымсыздығы. Осы тұста «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген есті сөз еріксіз еске түседі. Сондықтан елдегі әлеуметтік ахуалдың айыбын шетел асқан жастарға арта алмаймыз.

Айнұр Казыкенова

Back to top button