Латын графикасына көшу мәселелері талқыланды
Латын графикасына көшу мәселелері талқыланды
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Латын графикасына көшу - қазақ тілінің ауқымды реформасы» атты онлайн форматтағы дөңгелек үстел өтті. 4 сағатқа созылған бұл жиынға 150-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында еліміздің ұлттық университтерінің ғалымдары, Тіл білімі институты, АҚШ, Еуропа, Түркия профессорлары, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының шетелдік және отандық бөлімшелері және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, танымал жазушылар, жастар, тіл жанашырлары бар, - деп хабарлайды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы:
«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет»,- деген болатын.
Алайда, әлеуметтік желіден «Жетілдірілген әліпби» жобасын бекітуге дайындық жүріп жатқандығы белгілі болды. Бірақ, бұл жөнінде ешкім еш жерде ресми ақпарат бермеген еді. Дөңгелек үстел латын графикасына өту жәй таңба ауыстыру емес, қазақ тілінің ауқымды реформасы екеніндігін жан-жақты негіздеу мақсатында өткізілді.