Түнде үй-іші ұйықтап жатқанда 3 жасар бала оянып, далаға шығып кеткен

Түркістан облысы, Жетісай ауданында 3 жасар бүлдіршін түн жарымында жалғыз жүргені анықталды. Түнгі уақытта кезекті шақыртуға шыққан полицейлер адасып қалған баланы тауып алған.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің айтуынша, Жетісай жедел-тергеу тобының қызметкерлері сағат 04:30 шамасында шақырту бойынша жолға шыққан. Олар «Абай» саябағында шамамен 3-4 жастағы кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқап қалады. Тәртіп сақшылары ұл баладан қайда тұратынын сұрағанда, тілі толық шықпаған бүлдіршін нақты жауап бере алмаған.

Болмаған соң полицейлер одан ары баланың ата-анасын анықтап, үйін табу мақсатында ол табылған аумақтағы үйлерді жеке-жеке аралап шыққан. Баланың фотосуретін көрсетіп, іздестіру іс-шараларын жүргізген. Нәтижесінде жоғалған баланы іздеп жүрген әйелді тапқан. Ол бүлдіршіннің нағашы әпкесі болып шыққан.

Тексеру кезінде анықталғандай, үй-іші толық ұйықтап жатқанда оянып кеткен бала үйінен шығып кеткен. Таңертең анасы ұйқыдан тұрғанда қасында баласы болмағаннан кейін олар полицейлерге хабарламастан өздері іздей берген.

Back to top button