Халықтың көлік салығы бойынша қарызы 30 миллиард теңгеден асты

Жалпы республика бойынша 1 миллионнан астам адамның мемлекет алдындағы қарызы – 30,7 миллиард теңге. Оның 26,8 миллиард теңгесі қарыздың негізгі сомасы болса, қалған 3,8 миллиард теңгесі – өсімпұл, – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Алматы тұрғындары көлік салығы бойынша 6,1 миллиард теңге қарыз. Одан кейін Алматы облысы тұр. Бұл аймақтағы автокөлік иелері 4,8 миллиард теңге көлемінде салық төлемеген. Нұр-Сұлтан қаласы қарыз мөлшері бойынша алғашқы үштікте. Елордадағы автокөлік жүргізушілерінің мемлекетке 3 миллиард теңгеге жуық қарызы бар.

Борышкерлер саны бойынша антирейтингті 165 мыңнан астам адам салық міндеттемелерін орындамаған Алматы облысы бастап отыр. Екінші орында Алматы қаласы. Онда борышкерлер саны 107 мыңнан асады. ТОП-3 Түркістан облысы да кіреді – 104 мың адам.

МКК Салық кодексіне сәйкес салық төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін мерзімі өткен әр күн үшін өсімппұл есептелетінін еске салады.

“Салық төлеу үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. «е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын орнатып, салық бойынша қарыз көлемін біліп, онлайн төлеу жеткілікті. Сондай-ақ, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктердің қосымшаларын пайдалана алады”, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button