Қызылжарда шөп жанып, бір ауылдың 6 үйі өртеніп кетті

Солтүстік Қазақстан облысындағы Желяково елдімекенінде өрт шығып, үш тұрғын үй, үш бос тұрған үй және қора-қопсы жанып кетті.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 мамыр сағат 13.24-те 101 нөміріне Қызылжар ауданындағы Желяково елдімекенінде қураған шөп өртеніп, дауылдың салдарынан оның ауылға кіргені жайында хабарлама түседі.

Ауылға жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшесі 30 км қашықтықта, ал аудан орталығына дейін 91 км болған. Сондықтан алғашқы өрт сөндірушілер тек жарты сағаттан кейін ғана жеткен.

Алауды ауыздықтауға үш өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары және жергілікті атқарушы органнан – 50 адам және 15 техника жұмылдырылды.

Сол күні күші секундына 28 метрге дейін жеткен дауыл олардың жұмысын қиындата түсті. Салдарынан 3 тұрғын үй, 3 бос тұрған үй және аумағы 501 шаршы метр болатын шаруашылық нысаны жанып кетті. Өрт тек сағат 20.25 минут кеткенде толық сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы Желяково елдімекенінде 51 тұрғын үй бар, 128 адам тұрады. Үйлері жанып кеткендер туған-туыстарын паналады. Қазір ауылда Қызылжар ауданы әкімдігі мен мәслихатының өкілдері жұмыс істеп жатыр.

Back to top button