3 мамыр: ел тарихындағы атаулы күндер тізбесі

3 мамыр: ел тарихындағы атаулы күндер тізбесі

3 мамыр: ел тарихындағы атаулы күндер тізбесі
ашық дереккөзі
1993 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы арасында жерді мемлекетаралық пайдалану, Қырғызстан Республикасының ұлттық валютасы – сомның қолданысқа енгізілуіне байланысты қаржы-несиелік қатынастар туралы келісімге қол қойылды. 1997 жылы Жезқазған, Көкшетау, Семей облыстары таратылды, басқа облыстардың шекарасы өзгертілді. Жезқазған Қарағандыға, Көкшетау Солтүстік Қазақстанға, ал Семей облысы Шығыс Қазақстан облысына қосылды. Ал Алматы облысының құрамына бұдан бұрынырақ таратылған Талдықорған облысы қосылса, Ақмола облысына Торғай облысының Державин, Жақсы, Жаңадала, Есіл аудандарының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Еңбекшілдер, Зеренді, Щучье аудандары мен Көкшетау қаласының аумағы, Қостанай облысына Торғай облысының Арқалық қаласы және Арқалық, Амантоғай, Амангелді, Жангелдин, Октябрь аудандары қосылды. 2001 жылы Алматы қаласы көшелерінің біріне Қазақстанда Таэквондо федерациясының негізін қалаушы және бірінші президенті, таэквондо бойынша әлемнің 6 мәрте чемпионы Мұстафа Өзтүріктің есімі берілді. 2002 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин тарихи құжатқа – Каспий теңізінің солтүстік бөлігін бөлу бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы Келісім Хаттамасына қол қойды. 2012 жылы Алматыда ТМД-дағы ең алғашқы «Джамаль» атты шығыстық өнер галереясы ашылды. Онда көне фолиант, қолданбалы өнер туындылары, музыкалық аспаптар, XVIII ғасырдан бастап қазақтардың және Шығыс, Орта Азия халықтарының тұрмыстық бұйымдары қойылған. Алғаш рет Қазақстанда қазақша стильдегі каллиграфияның топтамасы жиналды. Көпшілік назарына әлемдегі №1 каллиграфия мектебінде өнерін шыңдаған қазақстандық талантты суретші Асылбек Орынбасаровтың туындылары ұсынылды. 2013 жылы Астана энергия көздерін тиімді пайдалануға бағытталған Еуропа одағының (ЕО) «Мэрлер келісімі» бастамасына қосылды. «Мэрлер келісімінің» негізгі мақсаты – энергия көздерін пайдалануды төмендету және парникті газдардың бөлінуін азайту. Оған қол қойған қалалар нақты индикаторларға қол жеткізуде қолдауға ие болады. 2013 жылы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында алғашқы «эксперименттік» бүркіттер дүниеге келді. Олар Efes Kazakhstan компаниясы, ҚР Зоология институты дайындаған және жүзеге асырған «Үлесіңді қос – табиғатты қорға» атты жобаның аясында сыртқа шығарылды. Мақсаты – бүркіттердің популяциясын сақтап қалу. Елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында бүркіттердің шамамен 650 жұбы бар. Бұл олардың популяциясын сақтап қалуға қалу үшін тым аз. 2014 жылы Куру ғарыш айлағынан ұшырылған алғашқы қазақстандық Жерді қашықтықтан зондтау серігі ғарыштан алғашқы тестілік суреттерді жіберді. Жоғары сападағы суреттер Астананың үстінен түсірілген. 2016 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы екі томы: «Алмас қылыш» және «Жанталас» чех тіліне аударылды. Кітап чехиялықтар арасында қызығушылық тудырды. 2017 жылы Name A Star Live америкалық жобасы арқылы Димаштың бір топ жанкүйерлері Андромеда галактикасының жұлдызын сатып алып, оған «Димаш Құдайберген» деген ат берді. Сондай-ақ, олар бұл жұлдызды Space Service INC (SSI) тізіміне енгізді. Аталмыш тізім SSI-дің мәңгілік ғарыштық мұрағатында сақталатын болады. 2018 жылы Халықаралық бокс федерациясы (ағыл. International Boxing Federation, қысқ. IBF) жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге ерекше сыйлық жасады. IBF титулын үш рет қорғап шыққаны үшін бокс ұйымы Головкинке сыйлық ретінде чемпион жүзігін табыстады. 2019 жылы Солтүстік Македония Республикасының Скопье қаласында өткен Еркін экономикалық аймақ Еуропалық саммиттің барысында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы World Free Zones Organization Дүниежүзілік ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілі атанды. Орталық Азиядағы ресми өкіл мәртебесін алу Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының түрлі құралдарын пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция және стратегиялық әріптестер тартуға мүмкіндік береді World Free Zones Organization – әлемдегі арнайы экономикалық аймақтардың мүддесін қорғайтын коммерциялық емес ұйым. Оның негізгі мақсаты – арнайы экономикалық аймақтарды бір-бірімен байланыстыру. Сондай-ақ олардың елдердің әлеуметтік және экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыру. 2019 жылы № 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиленушісі Аружан Әбдіханова Түркияның Анталья қаласында тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында жеңімпаздар «үштігіне» кіріп, халықаралық спорт шеберінің нормативін орындады. Чемпионатқа Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғоли, Украина, Өзбекстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Украина, Түркия, Чехия және Швейцари елдерінен 100-ден астам спортшысы қатысты.