ОПЕК мұнай өндіруді азайтады. Мұнай бағасы күрт өсуі мүмкін

ОПЕК мұнай өндіруді азайтады. Мұнай бағасы күрт өсуі мүмкін

ОПЕК мұнай өндіруді азайтады. Мұнай бағасы күрт өсуі мүмкін
ашық дереккөзі
Brent маркалы Солтүстік теңізіндегі қара алтын қоспасының желтоқсанға арналған құны баррель үшін 48,94 долларға көтерілген. Ал WTI маркалы мұнайдың қарашадағы фьючерстерінің бағасы 4,72 пайызға артты. Қара алтын құнының қымбаттауына ОПЕК елдерінің Алжирде өткен бейресми кездесуінде мұнай өндіру деңгейін күніне 32,5-33 миллион баррельге дейін азайту туралы келісімі себеп болған. Ұйым мүшелері бұл мәселе бойынша 2008 жылдан бері алғаш рет уағдаласып отыр. Олардың келесі басқосуы 30 қарашада өтеді. Сол кезде Иран мен басқа елдердің өндіріс көлемі бойынша ортақ шешім қабылданады дейді парсы елінің мұнай министрі.
Мұхаммад Салех әл-Сада, Катардың энергетика және өнеркәсіп министрі:
- Маусымда біз мұнай бағасы осы жылдың ішінде немесе 2017 жылдың бірінші жартысында тұрақталады деп күттік. Бірақ нарық өзгерді және тұрақтану мерзімі кейінге шегерілді. Алайда бұл үдеріс қайтсе де жүзеге аспақ. Тек оны тездету қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердегі өндіріс көлемін реттеген жөн. Көп елдер мұндай ынтымақтастыққа қазірден әзірлік танытуда.
ОПЕК елдерінің Алжирдегі бейресми кездесуі барысында 2008 жылдан бері тұңғыш рет мұнай өндіру көлемін азайту қарастырылды. Иранның мұнай министрі Биджан Занганның айтуынша, Иранның мұнай өндіру көлемін реттеуге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ.
Иранның мұнай министрі Биджан Занган:
- Келісім бойынша Иран мен басқа да мемлекеттердің мұнай өндіру деңгейін шешкен жоқпыз. Нақты шешім қараша айында ОПЕК-тің келесі кездесуінде белгілі болады.
Десе де Сауд Арабиясының энергетика министрі Халиф Аль-Фалихтың айтуынша, Иран, Нигерия мен Ливия елдеріне мұнай өндіруді азайтпауға рұқсат беріледі. Ең қызығы ОПЕК алыптары ұйымға мүше емес мемлекеттерге мұнай өндіру көлемін азайтуға байланысты ұсыныс жасамақшы.
Іле-шала осы келісімнен кейін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы бірден 5 пайызға көтерілді. Ал теңгенің долларға қатысты курсы да осыған байланысты тұрақты 334/335 теңге көлемінде. Бұл жыл басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда теңге құнының көтерілгенін байқатады.