Ахмет Ясауидің ағасы Садыр шайық Сыр бойына неге қоныс аударды?
Ахмет Ясауидің ағасы Садыр шайық Сыр бойына неге қоныс аударды?
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған "Ясауи ізімен" ғылыми-танымдық экспедициясы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Қожа Ахмет Ясауидің туған ағасы Садыр шайық пен одан тараған белгілі тұлғалардың кесенелеріне барды, деп хабарлайды "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ибрахимұлы Садыр шайық та дінге берілген тұлға. Алайда, Садыр шайықтың оқуы, білім алуы, Сайрамнан Түркістанға келуі, одан Сыр бойындағы Өзгент шахарына бас имам болуы жайлы тек халық арасында аңыз-әңгімелер ғана сақталған. Садыр шайық Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент ауылында Қойлақы көлінің жанына жерленген.
Қазіргі таңда Садыр шайықтың қабірі қараусыз жатыр, тіпті, мемлекет қорғауына да алынбаған. Баба басына құран бағыштап бару бұрынғы және кейінгі қорымдар жатқандықтан аса қиындық тудырады. Бұған дейін Садыр шайықтың ұрпақтары жиылып баба қабірін ақ кірпішпен қоршап, құлпытас орнатыпты.
-"Садыр шайық - Ибрахим бабамыздың үлкен ұлы. Садыр шайықтың ұрпақтары Жаңақорған жеріне кең таралған. Баба ұрпақтарының ішінен қаншама әулиелер мен батырлар, шешендер мен бектер шыққан.
Садыр шайықтың «Қылуетті Шайық» деген де лақап аты бар. Ол ұлы Әзірет – Қожа Ахмет Ясауидің туған бауыры. Өкінішке орай, елеусіз қалып барады. Бабаның басына ақ кірпіштен төрт бұрышты кесене тұрғызылды. Кесене маңындағы көл Қойлақы деп аталады. Қойлақы көлінің атауы Садыр шайықтың Қожа Ахмет Ясауидің тәрбиесінде болып, ұлына айналған Мәулана Сафи-ад-дин Орын Қойлақымен байланысты қойылған.
Бұл көлдің арғы тұсында Қойлақының қабірі жатыр",-деді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нәбихан Шалапов.
Аққорған – ел мен жердің аты. Бейіт маңында ортағасырлық қираған қаланың орны жатыр. Бейітте ата-бабаларынан бермен қарай өткен ұрпақтардың қабірі орналасқан.
Аққорғандық қожалардың түп атасы Ысқақ баб болса, одан кейінгі ұрпақтары Садыр шайық, Сафуаддин шайық, одан өрбіген ұрпақтар өкілі ХVІ -ХVІІ ғасырларда өмір сүрген ағайынды - Үсен шайық пен Қара шайық.
Үсен шайық пен Қара шайық - Баһуаддин шайық әулиенің балалары.
Садыр шайықтан тараған ұрпақтардың әулиелік қасиетке ие болған соңғы тұлғасы ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХ ғасырдың 30-жылдары өмірден өткен - Бәймен қожа. Бәймен қожаның шын есімі - Баймұхаммед. Ол Қара шайықтың ұрпағына жатады. Алла тағала ол кісіге көріпкелдік, емшілік қасиеттермен қатар ата-бабасының әруақтары арқылы Алла тағаладан аян алатындай дәрежеге ие еткен екен.
Сапар барысында ел ішінде жиі айтылмайтын, тың деректер мен аңыздар да жинақталды.