Елімізде радиоактивті қалдықтарға арналған қойма салынуы мүмкін
Елімізде радиоактивті қалдықтарға арналған қойма салынуы мүмкін
Павлодар облысында радиоактивті қалдықтарға арналған қойма салу жоспарланып отыр. Нысан Май ауданында орналаспақ. Алайда шешім қабылданғанға дейін көпшілік тыңдаулар өтеді. Содан соң Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану басқармасы нысанның салыну-салынбауы туралы хабарлайтын болады. Бұл туралы orda.kz жазды.
Онлайн форматтағы қоғамдық тыңдау 26 мамырда сағат 11:00-де өтеді. Қосылу сілтемесі tabigatpv.gov.kz және gov.kz сайттарында, "қоғамдық тыңдау" айдарында орналастырылады.
Жобаға тапсырыс беруші – Ұлттық ядролық орталық, ал әзірлеуші - Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласындағы ҰЯО Атом энергиясы институтының филиалы.
- Бұл жобаның мақсаты - бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын қалпына келтіру процесінде пайда болатын радиоактивті қалдықтарға арналған қойманы (РАҚ) құру. Құрылыс учаскесі Атом энергиясы институты филиалының өнеркәсіптік алаңында орналасады. Жер учаскесі ҰЯО-ға тиесілі, - деп түйіндемеде жазылған.
Қойманы салу және пайдалануды бастау 2021 жылға жоспарланған.