Тілегі бірдің тілі де бір болса...

Тілегі бірдің тілі де бір болса...

Тілегі бірдің тілі де бір болса...
ашық дереккөзі
«Кемеге мінгеннің жаны бір» дейді қазақ мәтелінде. Демек бір мемлекетте өмір сүріп жатқан халықтың да мемлекет мүддесі тұрғысынан аузы бір болуы тиіс. Бірлік үшін не керек? Өзің өмір сүрген елдің заңына мойынсынып, сол елдің біртұтастығына қызмет ету қажет. Яғни, сол елдің мемлекеттік тілінде сөйлеп, сол елдің тарихын жақсы біліп, әнұранын жаттап, туын қастерлей алсаң сен сол елдің толыққанды азаматысың деген сөз. Негізін қазақ халқы құрғанымен өзге де ұлттардың бірталай диаспорасы тірлік кешетін Қазақстанда нәсіліне, ұлтына, тіліне, сеніміне, жынысына қарамай барлық адамның тең құқықтығы конституциямен бекітілген. Өкініштісі сол, елімізде адам құқығы дегенді шексіз анархиямен шатастырып, мемлекеттік тілді білу, білмеу өз еркімде деп ойлайтындар аз емес. Тіпті, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді белгілі бір ұлтқа ғана тән ғана тіл деп түсінетіндер де бар. Сондықтан алдымен ұлттық тіл мен мемлекеттік тілдің мәртебесін айыра білу керек. Ұлттық тіл − бір ғана ұлтқа қатысты болса, мемлекеттік тіл − белгілі бір мемлекетте өмір сүретін барлық адамдардың барлық салада қолданылуы тиіс тілі. Қазақстан Республикасының конституциясының 7 бабында « Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл − қазақ тілі» деп жазылған. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4 бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi − қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл − мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру − Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп анық жазылған. Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытуға және оны барлық салада еркін қолдануға жағдай жасалған. Сол сияқты өзге ұлт диаспораларының тілі мен мәдениетін дамытуға да мүмкіндік берілген. Осы бағыттағы жұмысты мемлекеттік деңгейде жүргізу үшін  1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының тұғыш Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазір Қазақстанда тұратын барлық  этностардың мәдениет мен, тілі, және дәстүрлерінің дамуына қажетті жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны 800-ден асады, олардың 28-і республикалық ұйым. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар эфирге шығады. Білім беру саласында толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде өтіледі. Сондай-ақ, 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылған. Бұл біздің елімізде тұратын өзге ұл өкілдеріне деген мемлекеттік көзөарастың қандай екенін білдірсе керек. Қазақта «Еруліге қарулы» деген тәмсіл бар. Өзгелерге деген дұрыс көзқарасың өзіңе де жақсы көзқарас оятқаны бір ғанибет қой. Алайда өзгеге жасаған жақсылығын бұлдау салтында жоқ қазақ халқының адамгершілік болмысын түсінгісі келмейтіндер, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақсылықтарды міндетті нәрсе көріп, мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп жататын жағдайлар аз кездеспейді. Мәселен, жақын арада болған оқиғаларды еске сала кетсек, қазақ халқына, тіліне тигізген бір өзге ұлт өкілі әрекетіне сай жазасын алып, қамалды. Сол сияқты тұрмыстық техника сатып алған тағы бір өзге ұлт өкілі алған затында қазақ тілінде техникалық түсініктеме болғаны үшін қазақ тіліне тіл тигізіп, кейін кешірім сұрады. Ал бұрында өзге ұлт өкілдерінің қазақ ұлты өкілдерімен қақтығысында ұлттың намысына тиетін сөздер айтып, әрекеттер жасалған кездерінде оларды тұрмыстық деңгейдегі конфликт деп бағалап, талай рет «жауырды жаба тоқыдық». Ал осындай кезде Ассамблея аясында түрлі этномәдени ұйымдарға жетекшілік етіп отырған не мүше болған өзге ұлт өкілдерінен ұлтаралық араздықты қоздырушыларға «тәк-тәк» деген бір адамды көрмейтініміз қалай? Керісінше, неге сондай бір жағдайларда өз ұлтының сойылын соғып, кінәні қазаққа аударғысы келетін этномәдени ұйым жетекшілерін байқаймыз? (Қордайдағы қақтығыста Дүнгенер бірлестігінің төрағасы Х.Дауровтың біресе олай, біресе бұлай сөйлегені естерңізде болар). Шынын айту керек, Қазақстан халқы ассамлеясында түрлі этномәдени бірлестік басшыларының арасында өзі мемлекетті тілді жете меңгеріп, қандастарына мемлекеттік тілді игеру маңыздылығын насихаттап жүрген тұлғалар көзімізге түсе бермейді. Түрлі шара болса, оларсыз-ақ халыққа танымал, қазақ тілін өз ана тіліндей білетін санаулы адамдарды алға тосып, нақ бір солардың жетістігіне өздері ортақ секілді көрінетін ассамблея мүшелерінің әрекеті көзбояшылыққа ұқсап кетеді. Бұны өзгертетін кез келді. Өйткені бүгінде Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайын деп отырған даму жолындағы мемлекет. Жеткен жетістіктері аз аз емес. Демек, қоғам мүшелеріне, оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді игеру қажеттігін түсіндіріп, жағдай жасайтын уақыт өтіп кетті. Ендігісі − өзін осы елдің азаматымын дейтіндердің мемлекеттік тілді игеруін ешқандай насихатсыз-ақ қалыпты жағдай деп санауға қол жеткізу. Ассамблея дегенде «тегі басқа болса да тілегі бір» деген оралымды көп пайдаланамыз ғой, енді соны «Тілегі бірдің − тілі бір» деген асқақ ұранға айналдырып, шынайы бірліктің үддесінен шығу. P.S. Кеше Қазақстанның тұғыш президенті, Қазақстан халқы Ассамлеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы» туралы Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамбеясын өмір бойы басқару құқығы маған тиесілі. Бірақ мен мүлде бас тартпаймын, үнемі қастарыңызда боламын. Алайда ел президенті бірқатар өкілеттікке ие. ҚХА елдің қазіргі президентіне тірек болуға тиіс. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқы Ассамблеясына арқа сүйейді. Сол себепті мен ҚХА-ны басқару құқығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», − деп мәлімдеді. Демек, енді Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін жаңа кезең басталады деген сөз. Ұйымды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа деңгейге көтеріп, түрлі ұлттар диаспораларының еліміздегі бірлік пен татулық туын жоғары көтереді деп сенеміз.