Ділі мықты елдің діңгегі берік

Ділі мықты елдің діңгегі берік

Ділі мықты елдің діңгегі берік
ашық дереккөзі
Қазіргі таңда еліміздегі конфессияаралық қарым-қатынас, әртүрлі дін өкілдері арасындағы ынты­мақ­тастық және олардың мемлекеттік құрылыммен байланысы біршама жолға қойылған. Бұған елімізде жүр­гізіліп отырған осы салаға қатысты жүйелі жұмыстың әсері болғаны сөзсіз. Сонымен қатар діни білім мен наным-сенімге байланысты ағарту жұмыстары да тоқтаусыз жүріп келеді. Апта басында «Ме­диа­кеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» атты журналистердің біліктілігін арт­тыруға арналған онлайн курсы басталды. Курстың алғашқы күнінде Қазақстан Президентінің көмекшісі, терроризм мәселелері жөніндегі сарапшы Ерлан Қарин ел қауіпсіздігі, теріс діни ағым өкілдерінің мәселесі, олардың алдын алу жөнінде жан-жақты сараптама жасап, қатысушыларға тұшымды ақпарат берді. Курсты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жур­налистика және саясаттану факультетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасы ұйымдастырып отыр. Ел тәуел­сіздігінің 30 жылдығы мен ЕҰУ-дің 25 жылдық мерей­тойы аясындағы апталық курсқа БАҚ өкілдері, сарап­шы­лар, ЖОО оқытушылары қатысып жатыр. Президент көмекшісі, терроризм мәселелері жө­ніндегі сарапшы Ерлан Қарин ел қауіпсіздігі, түрлі ра­ди­калды ұйымдар жайлы жасалған зерттеу еңбектеріне, бұқара­лық ақпарат құралдарында ақпараттың бұрма­лануы­на тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. «2011-2012 жыл­дардағы террористік актілер болған кезде БАҚ-та бір­шама расталмаған, дәлел-дәйексіз фактілер жариялан­ды. Мы­салы, қылмыстық террористік актілердің негізі құқық қорғау орган қызметкерлеріне қарсы бағытталған деген тұжырымдар болды. Ал шын мәнінде, зерттеу бары­сында, террористік актілердің басты құрбандары құ­қық қорғау органы қызметкерлері емес, бейбіт азаматтар болып шықты. Олар дүкен қызметкерлері, такси жүр­гізу­шілері, сату­шылар және тағы басқалар. Негізгі факті бұр­маланып, БАҚ-та бұл акциялар құқық қорғау орган­дарына қарсы де­ген тұжырым қалыптасты. Қате тұжы­рым болғаны бір бө­лек, бұл сол кездегі экстремистік топ­тар­дың мақсатына сәй­кес олар жүргізген ақпараттық сая­сатқа сай тұжы­рым­дама еді. Яғни, біз қарапайым адам­дарға қауіп төн­дір­мейміз, күресіміз билік орган­дары­на қарсы бағыт­тал­ған деген сияқты тұжырымдаманы қоғамдық санаға сіңір­ді. Солайша билік пен қоғам ара­сына жік салғылары кел­ген болатын» – деді Ерлан Ты­ным­байұлы. Онлайн курсты ұйымдастырушы Журналистика және сая­саттану факультеті медианарықта салалық жур­на­лис­терді дайындауды мақсат етіп отыр. Бұған дейін бұл фа­культет спорт журналистикасы, халықаралық журна­лис­тика, цифрлық медиаменеджер сияқты заманауи ма­ман иелерін даярлауға басымдық беріп келді. Алдағы уа­қытта да аталған оқу орны салалық журналистика мә­се­лелерін зерттеу мен оқытуды жүйелі түрде жал­ғас­тыру­ға мүдделі. Қырғыз Республикасының «Ашық позиция» қоғам­дық қорының президенті, адам құқығы жөніндегі сарап­шы Дмитрий Кабак «Діни сенім бостандығы құқығы» тақырыбында дәріс оқыды. Ол өз сөзінде Қазақстан және Қыр­ғыз республикасы саясатындағы дін мәселесіне, оның журналистермен талдану барысына, дін және на­ным бостандығы ұғымына, яғни діни бостандық, ең ал­дымен дінге сену немесе сенбеу процесіне негізделгенін, ал наным бостандығы қандай да бір көзқарасты, оның ішін­де дінге қатысы жоқ көзқарасты ұстану құқына на­зар аудартатынын жеткізді. Сондай-ақ спикер дін және на­ным бостандығы туралы халықаралық құқық негіз­де­рін, оның ішінде БҰҰ жарғысын, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын, Бала құқықтары туралы конвенциясы баптары мен бөлімдерін талдап, жур­налистердің қосымша сұрақтарына жауап берді.

Б.БАЛЫҚБАЙ