Ділі мықты елдің діңгегі берік
Ділі мықты елдің діңгегі берік
Қазіргі таңда еліміздегі конфессияаралық қарым-қатынас, әртүрлі дін өкілдері арасындағы ынтымақтастық және олардың мемлекеттік құрылыммен байланысы біршама жолға қойылған. Бұған елімізде жүргізіліп отырған осы салаға қатысты жүйелі жұмыстың әсері болғаны сөзсіз. Сонымен қатар діни білім мен наным-сенімге байланысты ағарту жұмыстары да тоқтаусыз жүріп келеді. Апта басында «Медиакеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» атты журналистердің біліктілігін арттыруға арналған онлайн курсы басталды. Курстың алғашқы күнінде Қазақстан Президентінің көмекшісі, терроризм мәселелері жөніндегі сарапшы Ерлан Қарин ел қауіпсіздігі, теріс діни ағым өкілдерінің мәселесі, олардың алдын алу жөнінде жан-жақты сараптама жасап, қатысушыларға тұшымды ақпарат берді.
Курсты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасы ұйымдастырып отыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ЕҰУ-дің 25 жылдық мерейтойы аясындағы апталық курсқа БАҚ өкілдері, сарапшылар, ЖОО оқытушылары қатысып жатыр.
Президент көмекшісі, терроризм мәселелері жөніндегі сарапшы Ерлан Қарин ел қауіпсіздігі, түрлі радикалды ұйымдар жайлы жасалған зерттеу еңбектеріне, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттың бұрмалануына тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. «2011-2012 жылдардағы террористік актілер болған кезде БАҚ-та біршама расталмаған, дәлел-дәйексіз фактілер жарияланды. Мысалы, қылмыстық террористік актілердің негізі құқық қорғау орган қызметкерлеріне қарсы бағытталған деген тұжырымдар болды. Ал шын мәнінде, зерттеу барысында, террористік актілердің басты құрбандары құқық қорғау органы қызметкерлері емес, бейбіт азаматтар болып шықты. Олар дүкен қызметкерлері, такси жүргізушілері, сатушылар және тағы басқалар. Негізгі факті бұрмаланып, БАҚ-та бұл акциялар құқық қорғау органдарына қарсы деген тұжырым қалыптасты. Қате тұжырым болғаны бір бөлек, бұл сол кездегі экстремистік топтардың мақсатына сәйкес олар жүргізген ақпараттық саясатқа сай тұжырымдама еді. Яғни, біз қарапайым адамдарға қауіп төндірмейміз, күресіміз билік органдарына қарсы бағытталған деген сияқты тұжырымдаманы қоғамдық санаға сіңірді. Солайша билік пен қоғам арасына жік салғылары келген болатын» – деді Ерлан Тынымбайұлы.
Онлайн курсты ұйымдастырушы Журналистика және саясаттану факультеті медианарықта салалық журналистерді дайындауды мақсат етіп отыр. Бұған дейін бұл факультет спорт журналистикасы, халықаралық журналистика, цифрлық медиаменеджер сияқты заманауи маман иелерін даярлауға басымдық беріп келді. Алдағы уақытта да аталған оқу орны салалық журналистика мәселелерін зерттеу мен оқытуды жүйелі түрде жалғастыруға мүдделі.
Қырғыз Республикасының «Ашық позиция» қоғамдық қорының президенті, адам құқығы жөніндегі сарапшы Дмитрий Кабак «Діни сенім бостандығы құқығы» тақырыбында дәріс оқыды. Ол өз сөзінде Қазақстан және Қырғыз республикасы саясатындағы дін мәселесіне, оның журналистермен талдану барысына, дін және наным бостандығы ұғымына, яғни діни бостандық, ең алдымен дінге сену немесе сенбеу процесіне негізделгенін, ал наным бостандығы қандай да бір көзқарасты, оның ішінде дінге қатысы жоқ көзқарасты ұстану құқына назар аудартатынын жеткізді. Сондай-ақ спикер дін және наным бостандығы туралы халықаралық құқық негіздерін, оның ішінде БҰҰ жарғысын, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын, Бала құқықтары туралы конвенциясы баптары мен бөлімдерін талдап, журналистердің қосымша сұрақтарына жауап берді.
Б.БАЛЫҚБАЙ