Қазақтың Серкесі, сахнаның еркесі

Қазақтың Серкесі, сахнаның еркесі

Қазақтың Серкесі, сахнаның еркесі
ашық дереккөзі
Терең тамырлы халық өне­рі­нің айтулы өкілі, біртуар эн­циклопедист – актер, Қазақ КСР-ның халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сый­лық­тарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожам­құлов (1896-1979) «алыптар тобы­ның» бірегейі Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтсақ, «Қазақ сахнасы тәңірлерінің бірі». Заманында «Сахнаға Серке шыққанда күлме­ген кісінің беті қисайып кетеді» де­ген ойнақы мәтел де шыққан. 1977 жылы 28 қыркүйекте Алматыдағы М.Әуе­зов атындағы Қазақ драма театрының алдында ұлы су­реткерге ескерткіш орнату үшін алғашқы тасы мейір­бан жүректі, иман жүзді Серағаң мен ай маң­дайлы Шыңғыс Айтматов және түр­кі­танушы-ғұлама Ғайнетдин Мұсабаевтың шаңы­рағында өнер туралы толғаныстардың куәсі бол­ғаным бар. Өнердің қасиетті, сара, ақ жолында, адам­гер­ші­ліктің, кісіліктің, жақсылықтың дұрыс, түзу, оң, өне­гелі ата жолында ешбір айнымаған ардақты ар­­­дагеріміздің жарқын жүзі, алтын ізі, асыл сөзі ас­қақ рухы оянып, жадында жаңғырады, жаныңды нұрға толтырады. Көркемөнер тарихында Серке Қожамқұлов Ес­пем­бет, Қарашешен, Қарабай, Қоңқай, Тайман, Кө­бікті хан бейнелерін асқан шеберлікпен сомдады, кө­рермен жүрегінде мәңгі өшпес терең із қалдырды. Жал­пы, Серағаң экран мен сахнада 200-дей рөл­дерде соншалықты кемеліне жеткізе келістіріп құл­шыныспен ойнады. Тумысынан дарынды Сера­ғаң өз кейіпкерінің әрбір әрекет-қимылын, сыртқы сым­батын, өзіне тән жарасымды ұтырлы штрих­та­рын, өң-әлпеттегі мейлінше нәзік өзгеріс тол­қын­да­рынан тұңғиық терегей сырды аңғартуы, фи­лософиялық ой түйдіруі, оны сахналық-көркемдік дәре­жеге жеткізуі, образдың өзегін тамыршыдай дәл танитын талант көзінің көрегендігі, әрбір түйін­ді сөзі, саналы пікірді тасқа таңба басқандай, қолға ұстатқандай айтуы – актерлік ойын өрнегіне тән қа­сиеттер еді. Өрі-қыры бірдей өнер майталманы Серке Қо­жам­құлов Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» дра­ма­сындағы Еспембетті жарты ғасыр бойы жан-жақты ке­меліне келтіре ойнап, классикалық дәрежеге жет­кізді. Еспембеттің: «Тобықты, алынбай жүрген ке­гің, тимей жүрген есең болса, оныңды айт! Әйт­пе­се мен Тобықтының қоңсысы емеспін. Өз тентегің ана Кебек. Қыз – атамның әруағына қастық қылған менің тентегім. Екеуін шығарып бер былай! Мой­ны­на арқан таққызып өз қолымнан өлтіртемін! Қазір етем осыны! Әпкел, ұстат қолыма!.. Бұл айтқаныма көнбейтін болсаң, тура тұрысар жеріңді айт! Менің қолым дайын. Екінің бірі. Екінің бірі» – деген құ­діретті, әмірлі сөзі Серағаңның шиыршық атқан те­геуірінді қимылымен яғни ол текемет үстінде ая­ғын жылдам малдас құрып, көзді ашып- жұм­ған­дай мезетте шапанының бір жақ шалғайын сол жақ жам­басына дереу басып үлгереді. Сол-ақ екен көз ілес­пес шапшаңдықпен қолындағы қамшысымен еті­гінің қонышын сарт еткізеді. Осынау бір әсерлі ға­жайып көрініс, керемет тапқырлық оның сон­шалықты айбарлы, безбүйрек, тасжүрек екенін дә­лел­дейді. [caption id="attachment_145273" align="alignnone" width="624"] width= Ғабит Мүсіреповтің Серке Қожамқұловқа берген қолтаңбасы[/caption] Сахна шебері Серағаң Еспембетті (1922 жылдан бері) жан-тәнімен беріліп штрихтар қосып түр­лен­діріп отырған. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов: «Менің Еспембетімді Сіз толықтыра түстіңіз. ...Еспембетке ер­лік жасаттың, екі бүктелген қамшыңды тақы­мың­ның астынан лақтырып тастауың оның бүкіл сы­рын шешіп тұр. Сол үшін ризалығымды айтып жа­тыр­мын» – деген (Оразалин Кәмен. Абай ауылына сая­хат.Алматы, «Жалын», 1994, 36-бет). Сегіз қырлы қас шебер Серағаңның өмір жолын зер­делер болсақ, 1913 жылы Троицк қаласындағы «Уәзифа» медресесінде дәріс алған. 1916 жылы Дала Өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдин отря­дының «Қызыл керуен» труппасында өнер көр­сеткен. 1922 жылы Орынбор қаласындағы Татар Ха­лық ағарту институтында оқыған. Татар хал­қының «Ғалиябану», «Башмағым» секілді клас­сика­лық әндерін шырқаған. Сонда мәдениет тарихы пә­нінен профессор Фамих Кәрімов лекция оқыған. Ол кісі: – Сенің Серке деген атың қызық. Грекия еліндегі театр серкелердің, бұқалардың, текелердің сүзісуі­нен бастау алған. Соларды сүзістіріп тамашалаудан театрдың алғашқы нышандары туындаған, – дейді екен. Немесе ұстазы Жүсіп Темірбековтің: – Ау, сенің өзің бүкіл болмыс-бітіміңмен сахна төрі үшін жаратылғаның көрініп тұр ғой, – дегені ой­ға оралады. 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада ұлт өне­рінің жақсылары мен жайсаңдары Әміре, Иса, Қа­ли­бек, Елубай, Серке, Қапан, Құрманбектер қазақ теат­рының негізін қалады. Әлемдік, қазақ және орыс классикасының қайталанбас таңғажайып об­раз­дарының галереясын жасады. «Қыз жасындай мөлдір өнердің» дарынды өкілдері шүу дегенде сахна өнерінің тылсымын өткір сезімді, өзгеше қа­былдауы, көркемдік табиғатын жыға түсінді. Алаш қайраткері Міржақып Дулатов «Қазақ театрының жылдық тойы» деген мақаласында: «Күлдіргі сөзі қызғылықты жаңа әндерімен Елубай, Серкелер көрінді», «мәйегіне біткен зеректігімен өнер май­данына түскен әріптестеріміз әлеумет алдында сүрін­бей, жылдық емтиханын жақсы беріп өтті» – деп жазады. (Дулатов М.5 томдық шығармалар жи­нағы. Алматы, «Мектеп», 2003 ж., 234 бет). Әдебиет сыншысы Ғаббас Тоғжанов пен ақын Ілияс Жансүгіров «Қазақ театр өнері туралы» деген мақаласында: «Серке – арамза, атқамінер, бір ұрты май, бір ұрты қан, қу құйрық ханның уәзірі, бидің тоқ­пағы, жуанның тарпаңы – осы секілді кейіп­керлердің рөлдерін ойнаса, жақсы шығады» деп оның дарын қуатын айрықша атайды. Өнердің мұзбалағы Серке атамыз ұлт мәдениет та­рихындағы шамшырақтар Күләш Байсейітоваға, Сә­бира Майқановаға, Хабиба Елебековаға ұстаздық өне­гесін көрсеткен. Серке Қожамқұловтың өнердегі асыл мұраты – өмірді, тұрмыс-тіршілікті, адамтану ғылымын тү­­­бірлеп терең тексеру, таразылау, сөз өнерінің құ­пия­сына зерделілікпен үңілу, сонан соң ұдайы ең­бек­тену, сөйтіп, «әр рөлдің өзіне тән үнін табу» екен. Сахна қайраткері Серке Қожамқұловтың тұл­ға­сын «барлық тіршілігімен, өнер-өнегесімен дүйім жұртқа ұстаз, періштедей таза, Сүлеймендей әділ, дос­тыққа, қадірлестікке таптырмайтын ата» деп сүй­сіне бағалапты Ғабит Мүсірепов (1979, 22 ма­мыр).

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор