Моңғолияның Қорғаныс министрі лауазымынан бас тартып, генерал шенін қайтарып берген қандас

Моңғолияның Қорғаныс министрі лауазымынан бас тартып, генерал шенін қайтарып берген қандас

Моңғолияның Қорғаныс министрі лауазымынан бас тартып, генерал шенін қайтарып берген қандас
ашық дереккөзі
Жекей Қалидолдаұлы – 1959 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Алтанцөгц сұмынында дүниеге келген. Ол 1983 жылы Сүхэбаатар атындағы Әскери жоғары оқу орнын, 1990 жылы Мәскеуде Шекара әскери мамандық жетілдіру курсын, 1997 жылы Мәскеу қаласы Шекаралық әскери басқару академиясын бітірген. Әскери қызметін Моңғолияның батыс шекарасы «Бұлғын» жасағында және взвод командирлігінен бастап, оншақты жылда көшпелі топ жетекшісі, жасақ командирі болады. 2000 жылы әскери ғылым саласында докторлық диссертациясын қорғап, әскери ғылымының докторы, профессор атанды. Сонымен қатар екі рет Моңғолияның пар­ламент депутаты болып сайланған. Моңғолияның жоғары награ­далары «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы» орден-медальдарымен марапатталған. 2007 жылы Моңғолия президентінің жар­лығымен «бригада генералы» атағы берілді. 2013 жылы атажұртқа қоныс ау­дарған қазақтың саңлақ сар­дарын әңгімеге тартқан едік.  width= – Моңғолияда қазақтан шыққан Дә­лелхан Сүгірбайұлы, Зайсанов Мү­дірі­сұлынан кейін өзіңіз генерал атан­дыңыз. Бұл дәрежеге қалай қол жет­кіздіңіз? – Моңғолия қазақтары 160 жылға жуық сол жерді мекен етіп, дербес аймақ орнатып, өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін, руха­ния­тын сақтап келді. Аз ғана қазақ өркениет пен мәдениет көшінен қалған жоқ. Министр дең­гейінде 21, парламенттің деңгейінде 80-дей адам, оның сыртында халық батыры, халық қаһарманы, академик және ғалымдар шықты. Қазақ-моңғол өзара тату бірлікте тұрды. Сондықтан да олар қазақтарға кең пейілдікпен қарап келді. Ондағы қазақ­тар­ды іштен, сырттан оқытты. Соның нәти­же­сінде қазақтың мықты интеллегинциясы қа­лыптасты. Әскери салада да сондай көптеген қазақ биік дәрежеге жетті. Моңғол елінің тәуел­сіз­дігі мен оның дамуына зор еңбек сіңірді. Маған «сен қазақ екенсің» деп генерал атағын ойңай бере салған жоқ. Бірінші еткен еңбектің ар­қасы, екінші орыста бір сөз бар ғой «ге­нерал шен емес, қонған бақыт» деген. Сол айт­қандай, тағдырдың маған бұйырғаны бо­лар. Өзіңіз айтқандай, Моңғолия қазақтарынан үш генерал шықты. Бі­ріншісі, Шығыс Түркістан мемлекеті Қарулы Күштерінің қолбасшысы болған Дә­лелхан Сүгірбайұлы. Шығыс Түркістан мем­лекеті үш жылдай өмір сүріп, одан кейін әр­түрлі геосаяси жағдайға байланысты мем­лекеттігін жойып алды. Қазіргі ШҰАР бо­лып Қытайдың құрамында өмір сүріп жатыр. Сол елдің қолбасшысы Дәлелхан Сүгір­бай­ұлы генерал-майор атанған. Екінші, 1947 жылы Моңғолияда он кісіге тұңғыш рет генерал атағы берілді. Соның бірі қазақтың қаһарман ұлы – Зайсанов Мүдірісұлы. Ол Моңғолияның ең алғашқы он генералының бірі. Оның ұшқыштығы, Халхын-Гол шай­қа­сында көрсеткен ерлігі, Моңғолияның батыс шекарасын қорғаудағы қырағылы аңыз болған әуе күшінің генерал-майоры. Ол «Халық қаһарманы» деген атақты көзі тірісінде кеудесіне таға алмай кетті. Мүмкін сол кездегі саяси жағдайға байланысты шығар. Аз ұлттың өкілі қайда жүрсе де шетқақпай көріп жатады ғой. Сондай бір кілтипан болды ма екен деп ойладым. Әйт­песе ол кісі Моңғолия армиясын, соның ішін­де әуе күшін алғаш құрып, соған көп ең­бегі сіңген адам ғой. Ал одан кейін тура 63 жылдан соң ге­нерал шені менің иығыма тағылды. Мен ге­нерал болғанға дейін әскери сала бойын­ша докторлық қорғадым, профессор атан­дым. Одан кейін Моңғолия парламентіне екі рет сайландым. Моңғолия парламентінің 7 тұрақты комитетінің екеуіне төрағалық жасадым. Моңғолияның мемлекеттік ше­карасын басқардым. Ең төменгі сатыдан бастап, көп жыл еңбегімді, жас өмірімді ар­­надым. Оның сыртына Моңғолияның ба­тыс шекарасын ондағы қазақтар көзінің қарашығындай қалт жібермей қорғап, Моңғолияның шекара қауіпсіздігіне үлкен септігін тигізді. Осының бәрі жиналып келіп, менің генерал атануыма себеп болған шығар деп ойлаймын. – Моңғолияның парламентінде екі мәрте депутат, екі тұрақты комитеттің тө­рағасы болдыңыз. Осынша биік дең­гейге көтерілген елден неге аяқастынан ке­тіп қалдыңыз? – Иә, мен Моңғолияның көп жақсылы­ғын көрдім. Ал атажұртқа көшемін деген ше­шім аяқастынан болған жоқ. Бері көш­кен­ге дейін 4-5 жыл бұрын мен Моң­ғо­лия­ның қауіпсіздік және қорғаныс саласынан бо­сатылып, шетелге шығуға болады деген рұқсат алдым. Сөйтіп, 2013 жылы тарихи Ота­ныма көшіп келдім. Бұл – менің жеке аза­маттық таңдауым. Моңғолияға берер еңбегімізді бердік, жақ­сылығын көрдік. Саясатта биіктерге жет­кен шығармыз, шен-шекпен алған бо­лармыз, бірақ мен үшін осының бәрінен күл­лі қазақтың жалғыз Отаны – тәуелсіз Қа­зақстан артық болды. Біз болашағымызды атажұртпен байланыстырдық, осындай се­нім мен сезім жетелеп әкелді. Бала­лары­мыз­дың бәрі әлемнің әр түкпірінен оқыды. Олар осы елге дайын бір-бір кадр болып орал­ды. Мүмкін сол елдің азаматтары ме­нің кетіп қалғанымды теріс деп түсінетін шығар. Ол әр адамның өз жеке түсінігі ғой. – Дейтұрғанмен, сіз ол елдің лауа­зым­ды тұлғасысыз. Оның үстіне көп­теген маңызды салаларды бас­қар­дыңыз. Бері көшер кезде неге ашық жа­рияламадыңыз? Үн-түнсіз ке­тіп қал­ғаныңыз жұртқа күмән ту­ғы­зады деп ойлаған жоқсыз ба? – Әрбір елдің заңы әртүрлі. Жо­ғарыда айттым ғой, ұлттық қауіпсіздік, қор­ғаныс т.б. маңызды мекемелерде қызмет ат­қарып жүріп, сырт елге шығатын болса, қызметкер ме­желі мерзімінен бұрын рұқсатын алып, жұ­мысынан босатылады. Мен соңғы 4 жыл­да «сыртқа шығуға болмайды» деген фак­тордан алыстаған болатынмын. Барлығы заңға сәйкес. Сондықтан көшемін деп еш­кімге жар салғам жоқ. Жай қарапайым ха­лық­тың бірі болып кете бердік. – Моңғолияда атқарған елеулі ең­бектеріңізге қысқаша тоқтала кет­сеңіз... – Қорғаныс және шекара саласында көп­теген еңбек атқардық. Оның сыртында пар­ламенте отырғанда тек өз басым 40-тай заң­ның жобасын әзірлеп, оны жүзеге асы­ру­ға атсалыстым. Кеңес Одағы тарағаннан кейін онда көптеген заңды қайда жазу керек болды. Конституциядан бастап, бүкіл заң жаңадан өзгертілді, реформа жасалды. Соның бәрінің ішінде болдық. – Сіз Моңғолияның Қорғаныс ми­нистрі болудан бас тартыпты деген сөз бар. Сол рас па? – Екінші рет 2008 жылы Парламентке сай­ландым. Жаңадан үкімет жасақтайтын болдық. Партия фракциясы бірауыздан Қорғаныс министріне мені ұсынды. Ертеңгі мәжілісте депутаттар мақұлдаса, министр болуыма бір-ақ қадам қалған. Сол жолғы депутаттар арасында менен басқа да әскери адамдар болды. Бірақ 76 мандаттың басым көбі менің партияластарым (Моңғол халық революциясы партиясы) ие болған еді. Содан кешкісін интернеттен ақпараттарды оқып отырсам, менің атымды министрге ұсынылғаны жайлы ақпарат шығыпты. Бір-екеуін ашып оқыдым, төменде анонимді пікір қалдырғандардың сөзі мені біршама ойландырып тастады. «Қорғаныс саламызды өзге ұлт өкіліне басқартамыз ба?» деген сыңайда біраз нәрсе жазылыпты. Жұрттың бәрі солай ойламайтын шығар, дейтұрған­мен адамның көңіліне тиетін, тіпті өз ұл­тыңа тиетін сөздер болды. Содан әрі ойла­нып, бері ойланып, таңертеңгі жиыннан бұрын өз еркіммен министр болудан бас тарт­тым. Әйтпесе обалы не керек, сол кез­дегі үзеңгілес жүрген саясаткерлер мені сол лауазымға ұсынған болатын. – Атажұртқа келдіңіз, қазір қай­да­сыз, не істеп жүрсіз? – Аңсаған атажұртқа келдік. Аман-есен Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмыз. Осын­да қорғаныс саласында жұмыс істей­мін. Бұл салада менің әлі де берерім бар ғой деп ойлаймын. – «Моңғолия президенті туралы заңның 9-ба­бы 1-тармағына, Әскери мін­дет туралы заң­ның 28-бабы 2-бө­лі­міне және Моңғолия прези­ден­тінің 2018 жылғы 27 наурыз «Моңғолия аза­маттығынан шығу туралы» №32 жар­лығының негізінде: Моңғолия азамат­тығынан шығуына байланысты Жекей Қалидолдаұлына берілген «бригада генералы» атағы қайтарылсын» деген жарлық шықты. Сіз үшін бұл қан­ша­лықты әділетті шешім? – Генерал ченін беру немесе қай­тарып алу секілді заң да әр елде әртүрлі. Мысалы, Моңғолияда бүкіл әскери күштің санына шаққанда небары 16 генерал болуға тиісті. Мен сол 16 генералдың бірі бол­дым. Кезінде бұл әскери заңдардың көбі өз қолымнан өткен еді. Бұл заң мен кет­кенен кейін шыққан болуы керек. Алайда олар­дың менде, менің оларда еш өкпем жоқ. Қандай жағдай болса да, мен бәрібір қа­зақтан шыққан генерал болып тарихта қал­дым деп ойлаймын. Мұндай шешімге іш­тей дайын болдым. – Сіз 2011 жылы лауазымды қыз­метте едіңіз. 2013 жылы Қазақстанға қоныс аудардыңыз. Бірақ Моңғолия президентінің жарлығы неге 5 жылдан кейін (2018 ж) шықты? – Бұл енді сол елдің ішкі саясаты ғой. Кім білсін? Менен басқа да Ч.Амарболд, П.Даш, Т.Дашдэлэг деген үш ге­нералдың әртүрлі себеппен шенін алды. – Бір сұхбатыңызда Моңғолияда өзіңізден басқа «генерал атағына жетіп жығылған азаматтар да бар» депсіз. Олар кімдер еді? – Ондайлар көп қой. Әуе күші, төтенше жағдай, полиция, қорғаныс саласында. Мысалы, Дәлел Бұқатұлы деген кісі болды. Енді генерал болады деп тұрғанда атажұртқа көшіп кетті. Кейін Қазақстан Қарулы Күш­терінде полковник болып, зейнетке шықты. – Дүниежүзінде сізден басқа қандай қазақ генералдарын білесіз? – Қытай елінде – 2, Моңғолияда – 3, Өз­бек­станда – 1 және Сауд Арабиясы мен Түркияда бір-бір қазақ генерал бар деген әңгіме айтылып жүр. Ал Өзбекстанда генерал-майор атанған Сабыр Рахимов. Өзбекстанның алғашқы генералы. Ол әскери қайраткер, генерал-майор (1943), Кеңес Одағының Батыры (1965) болған адам. Мен Моңғолия парламентінде депутат болып тұрған кезде бір жолы Үрімжіден Жәкен деген қазақ генералы жайлы естідім. «Сол қазақ генералмен кездесіп, бір естелік суретке түссем» деп, бізді алып жүрген Үрімжінің үшінші дәрежелі басшысына айттым. Ол «қазір шақырып беремін» деді. Біраздан кейін «ол кісі іссапармен бір жаққа кетіп қа­лыпты» деді. Бір өкінішім, сол қазақ генерал­мен кездесе алмай кеттім. Одан кейін Қы­тайда Қасен Рүстемұлы деген ге­нерал бол­ған. Ол кісі жайлы Алтай айма­ғы­ның бас­шысы болған Арыстан деген кісі айтып беріп еді. – Енді екі ел арасындағы бірер мәсе­леге ойыссақ. Қазақстан мен Моң­ғолия арасына төте жол ашу жайлы не білесіз, бұл мәселе шешіле ме? – Жақсы сұрақ. Елбасы Н.Назарбаев екін­ші рет Моңғолияға жасаған ресми сапарында, Баян-Өлгей қазақтарының жерлестер алқасымен арнайы кездесті. Ол кезде мен генерал едім. Моңғолия прези­денті Н.Энхбаяр мені бөлек шақырып, Елбасына таныстырды. Сол жерлестер алқасымен басқосқан жиында осы мәселені Елбасына жеткіздік. Біз Моңғолия жағынан бүкіл дайындықты істеп те қойған едік. Өйткені оған дейін сол кездегі Ресей президенті Медведев пен премьер-министр Путин Моңғолияға барған сапарында Моңғолия президенті Н.Энхбаяр мен премьер-ми­нистр С.Баяр осы мәселені айтқан болатын. Сол кезде Медведев «болады екен, шешіл­мейтін шаруа жоқ» деп кеткен еді. Моңғолия тарапы да бұған қызығушылық танытты. Өйткені бұл жол Моңғолия үшін де тиімді. Орта Азияға шығатын ең төте жол болмақ. Екі ел арасында сауда, экономикалық қаты­нас үшін таптырмас мүмкіндік болар еді. Мұн­дай жол халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Яғни екі ел арасында арнайы дәліз ашу. Ал Елбасы бізге былай деп жауап берді: «мен елге барған соң бір аптадан кейін Ақ­тауда Медведевпен кездесем. Сол кезде осы жол мәселесін айтамын, сіздер соны бақы­лап оты­рыңыздар» деді. Кездесу болды. Медведев ол жолы да «болады екен» деді. Бірақ іс жү­зін­де жүзеге аспай қалды. Өйт­кені Ресей үшін бұл тиімсіздеу бола­тын­дықтан ше­шіл­мей қалды ғой деймін. – Шетте жоғарғы билікте болған сая­саткер ретінде, сырт көз ретінде қа­зақ елінен нені байқадыңыз? – Тәуелсіздіктің 30 жылында әлемнің 30 шақты елінен қандастар атажұртқа кел­ді. Әлі де келіп жатыр. Не үшін? Әуелі та­рихи Отанына өз үлесін қосуға келіп жа­тыр. Тағдыр тәлкегімен жан-жаққа ша­шыра­ған қазақ көші әлі де орала бермек. Қазақстан 30 жылдың ішінде үлкен та­быс­тарға жетті. Дүниежүзі танып, білді. Мы­салы, бұрын әлемнің бір жеріне барып «қазақпын» десең немесе «Қазақстан» десең біл­мейтін. «Стан» деген соң Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді бір ел деп қана түсінетін. Қазір қазақ елі өзінің тәуелсіздігімен, сыртқы саясаттағы беде­лі­мен, жекелеген тұлғалардың еңбегінің ар­қа­сында жақсы қырынан таныла білді. Қазақстан 30 жылдың ішінде қыруар ең­бек атқарды. Мен өз басым Қазақстанды бас­тап отырған басшылардың еңбегіне дән ри­замын. Олай дейтінім, мен шетелде ең тө­менгі сатыдан бастап, ең жоғарғы билікке дейін қызметте болғандықтан салыс­тыр­малы түрде қараймыз ғой. Қазақстанда қан­шама жолдар төселіп, қыруар құрылыс са­лынды. Ел астанасы оңтүстіктен арқаға кө­шірілді. Тарихта астанасын көшіріп, жаңадан салған үш-ақ ел бар, соның бірі – Қазақстан. Қазақстан бәлен ғасыр тарихы бар ел­дерді қуып жетті. Мүмкін әріден жал­ғасқан негізі бар шығар. Үлкен держевалардың ара­сында отырған елдің сыртқы саясаты де­ген өте қырағылықты қажет етеді. Тәуел­сіздік алғаннан кейін шекараны шегендеп алудың өзі үлкен жұмыс. Әлемде мынадай бір қызық көрсеткіш бар. Құқықтық жүйесі қалыптастқан, заң­дық нормалары жетілген елде барлығы 3500-дей заң болады. Оған қаулы, үкіметтің бұй­рығы, президенттің жарлығы, пар­ла­ментте бекітілетін заңдар кіреді. Халық­ара­лық статистикаға сәйкес, Қазақстанда осы­ның 1500-дейі бар екен. 30 жылда осын­дай межеге жеттік. Енді бір жиырма жылда 3500-ге де жетеміз. Баяғы қазақтың «елу жыл­да ел жаңа» дегені осы. Заңды тұрғыда қа­лыптасқан ел деген ұғым осыдан пайда болады. Сол межеге жеткенге дейін әртүрлі жағдайлардың болатыны түсінікті ғой. Тіпті бәлен ғасыр болған елдің өзінде әлі қа­лыптаспаған нәрселер болады.  width= – Жұбайыңыз Алмахан Нұрмұхан­бет­қызы да әскери саланың адамы екен. Бір ұлыңыз банк қызметкері еке­ні белгілі. Отбасыңыз жайлы айта кет­сеңіз? – Иә, жұбайым Алмахан да әскери адам. Моң­ғолияның Төтенше жағдай комитетінде қыз­мет атқарды. Әскери шені – полковник. Мұрат, Бақыт есімді екі ұлым, Айнұр, Ал­тын­нұр деген егіз қызым бар. Екі ұл үй­лен­ген, бір қызым Алматыда тұрмыста. Мұрат Моңғолия даму банкінде ең төменгі маман болып бастап, сол банктың басшысына дейін көтерілді өз еңбегімен. Біраз жыл сол банкті басқарып тұрды. Ол да атажұртқа кө­шіп келді. Қазір «Бәйтерек» басқарушы ұлт­тық холдингіне қарасты Кazakhstan project preparation fund компаниясын бас­қарады.

Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР