Әсел Мұсабекова: Нобель сыйлығы иегерімен бірге жұмыс істеу – теңдессіз тәжірибе

Әсел Мұсабекова: Нобель сыйлығы иегерімен бірге жұмыс істеу – теңдессіз тәжірибе

Әсел Мұсабекова: Нобель сыйлығы иегерімен бірге жұмыс істеу – теңдессіз тәжірибе
ашық дереккөзі
Әсел Мұсабекова – Страсбург молекулалық және жасушалық биология институтының жанындағы зертханада жұмыс істеген вирусолог маман. Ол дәл сол зертханада жаңалық ашып, физиология және медицина саласы бойынша 2011 жылы Нобель сыйлығын алған Жюль Хоффманмен бірге жұмыс істеген. Францияда тұрса да былтырдан бері қазақстандық ата-аналарға тегін кеңес беріп, отандық ғалымдарды таныстыру, қазақ тілінде пайдалы ақпарат тарату мақсатында түрлі жоба жүргізіп жүрген Әселге хабарласып, әңгімелескен едік.  width= – Соңғы бір жылда әлемді дүр­лік­тірген жағдайға байланысты қазір сіз се­кілді вирусолог мамандардың маңызы қат­ты сезілді. Вирусология ғылымына қы­зығушылық қайдан туындады? – Отбасында төрт ағайындымыз, мұ­ға­лім­нің баласы болған соң, төртеуіміз де са­бақты жақсы оқуға тырыстық. Алайда 8-сы­нып­та биологиядан үш алып қалдым, сөйтіп анам мені қосымша сабаққа қатыстырды. Оған дейін бұл пәнге мүлде қызықпағанмын, бірақ Мария Кирилловна деген мұғалім био­логиямен ғылыми түрде айналысуға бо­ла­ты­нына көзімді жеткізді. Екібастұз қаласында ор­та мектепті бітірген соң, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-нің биология факультетіне оқуға түс­тім. Онда бір жыл оқыған соң, «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша Йорк университетіне (Англия) қабылданып, генетика мамандығын оқып шықтым. Елге келген соң медицина са­ласында генетик болып жұмыс істегім кел­ді, бірақ төрт ай бойы емханалардың та­бал­дырығын тоздырған мені ешкім жұмысқа ал­май қойды. Бізде әдетте дәрігерлер ме­дициналық білімі жоқ биологтарға мұрнын шүйіре қарайды ғой. Дәл сол уақытта Назарбаев университеті ашылып жатқан болатын, сөйтіп, сол жерге жұмысқа тұрдым. Бұл университетте оқу зертханалардың жос­парын бірінші болып құрып, алғашқы сту­денттерді қарсы алған едік. Тіпті жүгіріп жү­ріп, зерттеуге қажетті құрал-жабдықтарды са­тып алғанымыз есімде. Мұнымен қоса Қа­зақстанға танымал биолог ғалым Әлібек Кен­нің командасында жұмыс істеп, вак­ци­наны зерттеумен айналыстым. Сол кезде ме­ні Париждегі Пастер университетіне ин­тенсивті курсқа жіберді, онда вакцина түр­лері бойынша әлемнің мықты ғалымдарынан дәріс алдым. Бұл курста түйген-білгенім жұ­мы­сыма қатты көмектесті, қазір де көмегі көп тиіп жатыр. Сосын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де магистратура бөлімінде оқып, онда вак­цина жасау үшін биоинформатиканы қол­дану бойынша жоба қорғадым. Бұл да ма­ған берері көп жоба болды. Сосын от­басымызбен Страсбургке қоныс аударып, онда докторантурада оқыдым. Бұдан бөлек, моле­ку­лалық және жасушалы биология инс­титу­тының жанындағы зертханада төрт жыл жұ­мыс істедім. Мен жұмыс істеген бұл зерт­ха­нада мықты ғалымдар жұмыс істейді. Жал­­пы, адам бойында туа бітті және жүре қа­лыптасатын иммунитет бар. Адамның туа біт­ті иммунитетінің механизмін ашқаны үшін 2011 жылы Нобель сыйлығын алған Жюль Хоффманмен бірге сол зертханада жұ­­мыс істедім. Жуырда ол кісімен сұх­бат­тасып, қазақстандық сайттардың біріне жарияладым. –Сіз де әріптесіңіз секілді адамның туа бітті иммунитетін зерттеумен ай­на­лыстыңыз ба? – Мен зертханада көбіне жеміс шы­бы­нын (дрозофила) зерттедім. Жалпы, жеміс шы­быны – генетикалық тұрғыда зерттеу жүр­гізуге ең қолайлы модель. Мұны зер­т­теу­мен айналысқан ғалымдар алты Нобель сый­лығын алған. Біздің туа бітті им­му­ни­тетіміз осы шыбынның иммунитетіне ұқсас келеді. Сондықтан оларға эксперимент жасау оңай. Менің негізгі жұмысым вирус денеге таралған кезде жасушаның механизмін зерт­теу болды. Зерттеу барысында вирусты анық­тай­тын жүзден астам молекуланы таптық. Бел­гілі болғандай, бұл молекулалар шыбында да, адамда да бар екен. Біз оларды зерттеу ар­қылы қандай препараттар әзірлеуге бола­тынын түсіне аламыз. Коронавируспен тек үл­кендер ғана емес, жастар да ауыратынын бі­лесіз. Денсаулығы мықты жастар да ко­ро­навирустан жан тапсырып жатыр. Белгілі болғандай, вирус жұқтыру қаупі созылмалы аурудан бөлек, генетикаға байланысты. Қазір адамның туа бітті иммунитет механизмінің айыр­машылығы, генетикалық ерекшеліктері бар екені дәлелденді. Жалпы, бұл – халық­ара­лық жоба. Бұған Австрия, Германия, Да­ния және Франция зерттеушілері атсалысты. Біз Францияда шыбынның, ал неміс әріп­тес­теріміз адамның, австриялықтар тышқанның жә­не даниялықтар құстың жасушасына тә­жірибе жасап, бірлескен түрде зерттеу жүр­гіздік. Қазір зерттеу нәтижесінің журналға жа­рия­ланғанын күтіп отырмыз. [caption id="attachment_145252" align="alignnone" width="1024"] width= Зертханада жұмыс барысында[/caption] – Әлеуметтік желіде медицина ма­мандарымен сұхбат жүргізіп, пайдалы ақ­паратты бөлісіп жүрсіз. Сондай-ақ, жур­налистердің көбісі сарапшы ретінде сіз­ден жиі пікір сұрайды. Оған қоса, ел­де жүргізілген біршама жобаға ат­са­лысып жатқаныңызды байқадық. Бұл қа­жеттілік былтыр басталған панд­е­мия­дан туындады ма, әлде? – Иә. Оған дейін әлеуметтік желіге аса қы­­­­зықпайтынмын. Үшінші баламды боса­нып, үйде декреттік демалыста жүргенде әлеу­­меттік желілерден Қазақстанда коро­на­вирус, вакцина туралы жалған ақпарат тарап жатқанын байқадым. Сондай-ақ, вакцина, вирус, бактерияның не екенін білмейтін адам­дар бар. Сол себепті оларға көмектескім ке­ліп, осы тақырыпта кеңінен жаза баста­дым. Сосын пандемияның бірінші толқыны басталған кезде елдегі білікті мамандар бі­рігіп, Medsupport жобасын бастадық. Ғы­лы­ми мақалалар көбінесе ағылшын тілінде шығады ғой. Ал біздің дәрігерлерге мұны түсіну қиын. Олар онсыз да күні-түні жансақтау бөлімінде жүрген соң, аударып отыруға қолы тимейді. Оның үстіне деректер күн сайын өзгеріп отыра­ды. Сол себепті біз дәрігерлерге қажетті мә­ліметтерді күн сайын орыс және қазақ ті­ліне аударып отырдық. Мұнымен қоса ба­лаларына вакцина салдыртуға қорқып жүр­ген қазақстандық ата-аналарға кеңес беруді қол­ға алдым. Біздің елде қазір балалардың көбі қызылшамен ауырып жатыр, тіпті қайтыс болғандар да бар. Сол себепті вакцина алудың не екенін біл­мейтін ата-аналарға тегін консультация жүр­гізудемін. Бұдан бөлек, қазақстандық ақ­парат құралымен сайтымен бірлесе «Екпе» жобасын жасап жатырмыз. Онда оқырманды алаңдатқан екпе түрлеріне қатысты барлық сұрақтарды егжей-тегжей қарастырып, нақ­ты жауаптар ұсынамыз. Сосын қазір елде ғы­лымның не екенін білмейтіндердің қатары көбейді. Сол себепті қазақстандық ғалым­дарды жұртшылыққа таныстыру мақсатында Gylymfaces жобасын жүргізуді қолға алдық. Мақсатымыз – ғалымның жаңалықты аспан­нан алмай, өз зерттеуіне сүйеніп ашатынын дәлелдеу, белгілі бір жаңалықты шетелдік ға­лымдар емес, қазақстандық ғалымдар аш­қанын көрсету. Ғалымдардың сұхбатын қа­зақ және орыс тілінде жариялап жүрміз. Бұ­дан бөлек, Factcheck.kz сайтымен де тығыз бай­ланыстамын. Қазақстанда вакцина, вирус­қа қатысты шыққан фейк ақпараттарды тал­дап, ғылыми тұрғыда өз кеңесімді ұсы­на­мын. Осы ретте айта кететін жайт, біздің ха­лық мифке сенуге бейім келеді. Мысалы, WhatsApp арқылы «Бізді қырып жатыр! Бізді әдейі улап жатыр! Шындықты бізден жа­сырып жүр!» деген хабарлама келсе бол­ғаны, байбаламға салып, бүкіл елді дүрліктіреді. Халық ақпарат дереккөзін тексермейді. Мы­салы, жуырда әнші Алтынай Жорабаева Instagram-дағы жеке парақшасында екпенің еш пайдасы жоқ екенін жазып, шу көтерді. Арада екі күн өт­кен соң, бізде мынадай кере­мет бір компания осын­дай өнім шығарады екен, осыны вак­цинаның орнына қолданған дұрыс деп жар салды. Ал оның парақшасына үш мил­лион­нан астам адам жазылған, басым бөлігі – ата-ана­лар. Ең өкініштісі сол, ата-аналар ма­мандардан гөрі, ән айтып, жарнама жасап жүр­ген блогер, әншілердің айтқанына иман­дай сенеді. Маған «Орыстың вакци­на­сын сал­дырмаймын» деп жазатындар да бар. Яғни Ресейде шыққанына бола вак­цина сал­дыр­май­мын деу – білместік қой. Әлеуметтік желіде белсенді түрде қазақ тілінде жазуға осын­дай жайттар себеп болды. Жал­пы, қазақ тілін­де ғылым туралы жазу қиын. Бірақ қиын деп отыра бермей, мұны да дамытуымыз қа­жет. Медицинаға түк қа­тысы жоқ адамдар­дың вакцина туралы жазу­ға қалай дәті бара­тынына таңым бар. Бізде осындайда ақыл-кеңесін айтып, білген-түйге­нін белсенді түр­де айтатын, жазатын ғалым­дар аз. – Әдетте ғалымдар көпшіліктің на­за­ры­на іліккенді ұнатпайтын секілді. Еш­кім кедергі келтірмейтін тыныш ортада жұмыс істегенді құп көретін олардың ән­­шілер секілді жарияға жар салғысы жоқ шығар? – Олар көпшіліктің алдында сөйлей білу­ді үйренуі керек. Өздері үйренбесе, оларды еш­кім оқытпайды ғой. Мысалы, докто­ран­турада оқып жүргенде ғылыми комму­ни­ка­ция сабағын оқыдым. Онда профессорлар бізге үнемі бар білгеніңді халыққа айтуға мін­деттісің деп айтатын. Біле білсеңіз, ғы­лыми зерттеу жүргізудің құны қымбат. Жал­пы, ғалымдар өздерінің немен айналысып жат­қанын айтуға міндетті. Өйткені олардың зерт­теуіне бюджет қаражаты жұмсалады, сол се­бепті жобасының өзектілігін айтып, көп­ші­ліктің алдында есеп беруі тиіс. Өкінішке қа­рай, бізде бөлінген қаражатты қалтасына басып жүрген ғалымсымақтар көп. Олардың не­мен айналысып жатқаны да түсініксіз. Бес жыл қатарынан бір жобаны комиссияға ұсы­нып, сол бес жыл бойы ақша алып жүретіндер бар. Дегенмен, өз ісіне берілген ғалымдар да аз емес. [caption id="attachment_145253" align="alignnone" width="1024"] width= Нобель сыйлығының лауреаты Жюль Хоффманмен бірге[/caption] – Сізді көп басылымда биолог, виру­солог деумен қатар, ғылыми популяри­за­тор деп жазып жүр екен... – Қарапайым тілмен айтқанда по­пуля­ри­за­тор дегеніміз – ғылыми стильде жазылған мә­ліметті түсінікті тілге аударатын аудар­ма­шы. Ағылшын тілінен қазақшаға аудару бір басқа, ал мұны қалың көпшілікке түсінікті тілде жеткізу мүлде бөлек. Пайдалы бір мақаланы оқып шығып, оны қызықты етіп, суреттер және мысалдар арқылы жеткізуге тырысамын. Бұл бір жағынан ғалымдарға, екінші жағынан балаларға қажет дүние деп ойлаймын. Себебі балалар арасында ғылымға қы­зығу­шылық төмен екені рас. Астанада мектеп­тер­ді аралап, сауалнама жүргізген әріп­тес­терімнің «Өскенде кім боласың?» деген сұра­ғына оқушылар «Әкім боламын», «МАИ қыз­меткері боламын» деп жауап беріпті, ал «Ғалым боламын» дейтіндер жоқ­тың қасы. Ғалым болғысы келетін балалар санын арт­тыру үшін мектепте ғылымды на­сихаттау ке­рек. Бізде биология Кеңес Үкі­меті кезіндегі стан­дарттар бойынша оқытылады, ал 30 жылдың ішінде биологияда елеулі өз­герістер болғаны белгілі. – Қазақстанда ақпан айынан бастап коронавирусқа қарсы вакциналау жұ­мы­сы жүріп жатыр. Сіздіңше, вакцина салу процесі ойдағыдай жүріп жатыр ма? – Жалпы, бұл процесс Қазақстанда ғана емес, күллі әлем бойынша өте баяу жүріп жа­тыр. Мысалы, қазір Францияда вакцина алу­ға мүмкіндігім жоқ, себебі мұнда вакцина аз, оның үстіне екпені тек жасы үлкендерге сала­ды. Ал бізде вакцина алу мүмкіндігі көп, бірақ адамдардың алғысы жоқ. Қазақстанда қолданылып жатқан вакцина түрлерін сөз етсем, ғылыми мақалаларда Спутник V вак­цинасының тиімді екені, денсаулыққа зияны жоқ екені жазылған. Сол себепті бұл вак­цинаға оң көзбен қараймын. Ал QazVac тура­лы ештеңе айта алмаймын, осыны сал­ған дұрыс деп те кеңес бере алмаймын. Өйт­кені мұның нәтижесі туралы ғылыми түрде еш дерек әлі шыққан жоқ. Оған қоса, бұл вак­цинаны мерзімінен бұрын жасап шы­ғарды. Вакцинаны ешбір дәлелсіз әзірлей салуға болмайды. Бұл туралы біздің ми­нистрлікке үнемі жазамын, өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Десек те министрлік өкілдері мұның нәтижесі туралы есеп бар екенін ай­тады, кеше сол есептерін көріп, ішінен анау айтқандай маңызды дерек таба алмадым. Жал­пы, вакцина алу мәселесімен білікті ға­лымдар айналысқанын қалаймын. Қазір біз­де вакцинация саяси мәселеге айналып кет­ті, ал бұл ғылымның мәселесі болуы ке­рек. «Министр мына екпені салды, демек бұл – қауіпсіз» дегенді жиі естиміз. Олай бол­мау керек, министр салса да, бұл оның қауіп­сіз екенін білдірмейді. Алдымен нәтижесі, салдары қандай екенін толық зерттеп алу керек. Дегенмен министрліктегілердің шама-шарқы жеткенше індеттен сақтанудың тәсілдерін қолданып жатқанын айта кету ке­рек. Бастапқыдағыдай емес, науқасқа қойы­латын талаптар қамтылған клиникалық хаттамасы да жетілдірілген. [caption id="attachment_145250" align="alignnone" width="1024"] width= Зертханада тәжірибе жасау сәті[/caption] – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының халықтың 70 пайызы вак­цина алса, індет тоқтауы мүмкін деген болжамына сенесіз бе? – Қазір Қазақстанда вакцина алғандар саны өте аз. Әрине, бізге коллективті им­мунитетті күшейтуді қолға алған дұрыс. Мысалы, Израиль халқының 70 пайызы вак­цина алды, нәтижесінде ешкімнен коро­навирус анықталмаған, ешкім маска тақ­пайды. Қазір вакцина теңсіздігі дегеннің не екенін ұғып жатырмыз. Мысалы Канада үкіметі тұрғындар санынан бес есе көп вак­цина дозасын резервке қойған, ал Үндістанда керісінше вакцина жетіспеушілігінен жағдай ушығып жатыр. Бізде де вакцина жетіспейді. Жалпы, бізге бұл процесті жылдамдату керек. – Сөз арасында «Елге біз секілді ма­ман­дар қажет емес» деп қалдыңыз. Неге олай ойлайсыз? – Елде мамандық бойынша жұмыс істеуге мұр­ша жоқ. Күн энергетикасын зерттеумен айналысатын күйеуім Қазақстанға жұмысқа құ­жаттарын тапсырған. Бірақ, жұмыс та­былмады. Сондықтан оған әзірше осы жерде жұмыс істеген дұрыс. Дейтұрғанмен шетте жүрсек те, біздің де елдің дамуына үлес қос­қы­мыз келеді ғой. Ел ішінде жүріп істеуге мүмкіндік болмаса да, мұны онлайн істей ала­тыныма көз жеткіздім. Қазір ата-аналарға консультация беру, қазақстандық ғалым­дарды таныстыру арқылы елге көп көмегім тиіп жатыр деп айта аламын. [caption id="attachment_145254" align="alignnone" width="1024"] width= Нобель сыйлығының лауреаты Жюль Хоффманмен бірге[/caption] – Қазір вакцина туралы екіұдай пі­кір­де жүрген оқырманға не айтасыз? – Өткенде Алматыда бір уақытта жан сақ­тау бөлімінде төрт мың адам жатыр деген жаңалықты оқыдым. Күн сайын маған «Мы­на дәріні ішуге бола ма?», «Әкем ауруханада жатыр, қандай ем алса болады?», «Анам ауы­рып қалды, не істесем болады?» деген сұрақ­тар толассыз келеді. Вирустың қарқыны күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Бұл жағдайды ушықтырып алған үндістандықтар тіпті қай­тыс болғандарды жерлеуге уақыт таппай, барлығын бір жерге үйіп, өртеп жатыр. Қазір сая­хаттаудың, тойлаудың уақыты емес. Со­сын айналаңыздағы вакцина салуға тыйым салынған адамдарды да ойласаңыздар екен деймін. Вакцина деген өзімізді ғана қорғау емес, өзгені де қорғау ғой. Коро­навирус адамның миына әсер етеді, бұл адамның денесінде ұзақ сақталады. Коронавирусқа шалдыққан адамның денсаулығы жақсарса да, ол постковидтік синдромға тап болып, ештеңеге зауқы соқпай, күйзеліп, күні бойы ұйықтағысы келіп жүреді. Ғалымдар жазы­лып шыққандардың үштен бір бөлігі бір жыл бойы осындай жағдайда жүретінін дәлелдеді. Тіпті, коронавируспен ауырып шыққан хи­рургтер ота жасап жатып, орта жолдан тоқ­татуға мәжбүр болған, себебі олардың есінде ештеңе қалмаған. Бұл вируспен ойнауға бол­майды. Ауырғаннан кейін алты айдан соң, вакцина алу қажет. Антиденеге ана­лиз тапсырудың қажеті жоқ, бұл еш әсер ет­пейді. Мүмкіндігінше, вакцина алуға ты­рысыңыз­дар. Сосын көпшіліктің айтқанына сенбей, ал­ды­мен мықты маманмен ақыл­да­сып алыңыз­дар.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ Фото авторы: Олег Битнер