Ахмет Байтұрсынұлы: Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі
Ахмет Байтұрсынұлы: Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі
Жер жылнамасы
Алаш арысы қазақтан шыққан алғашқы дәрігер-ғалым, шығыстанушы Санжар Асфендияров (1889-1938): «Патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты қазақ мемлекеттігіне аса үлкен апат (қауіп) әкелді. Бұл саясаттың кері салдары байлар билігінің нығаюымен үндесіп, қазақ еңбекші бұқарасына және кедейлеріне өзінің бар салмағын салды» десе, академик Салық Зиманов Патша үкіметі отарлау саясатының негізінде Россияның ішкі өлкелерінен мұжықтарды қазақ жеріне қоныстандыру үшін 45 млн десятина жер тартып алғаны жайлы жазады. 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы» ереже қабылданды. Бұдан кейін қазақ жерін басқаруға қатысты отаршыл Дала ережелері қабылданып отырды. Мәселен, Дала ережесінің 119-бабында «Көшпенділер (қазақтар) орналасқан жерлер, сол жерлердің бар байлығы, соның ішінде орман-тоғайы да мемлекет меншігі болып саналады» делінген. Бұған қоса, 1891 жылғы 25 наурызда қабылданған Дала ережесінің 126-бабында: қазақтарға «өз қыстауларының шетіндегі жерді орыс текті адамдарға жалға беруге рұқсат етіледі» делінген. Яғни, бұл кезеңде жер қазіргі тілмен айтқанда латифундистерге берілгені байқалады. Жоғарыдағы С.Асфендияровтың «байлар билігінің нығаюы» деп соны меңзесе керек. Алайда дәл 100 жылдан кейін кеңестік жүйе орнап, 1921 жылғы «Жер реформасы» басталды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1921 жылғы сәуір – Патша үкіметі кезінде Сібір және Орал орыс-казак әскерлеріне берілген жерлерді қазақтарға қайтару туралы декрет шығарылды. Нәтижесінде Ертіс өңіріндегі 177 мың десятина, Оралдың сол жағалауынан 208 мың десятина жер қазақтарға қайтарылды. Бұл жер реформасы Жетісуды да қамтыды. Жиыны 1 млн десятинадан астам жер қоры құрылды. Патшалық Ресейдің отарлау саясатынан ауыр зардап шеккен Қазақстан жері бұдан кейін, қоғамдық меншікке айналды. Саяси жүйенің түбегейлі өзгеруіне байланысты баяғы мол жерді иеленген байлардан (латифундистер) жерді Кеңес үкіметі оңай тартып алды. Осынау жылнамаларға қарап отырсақ, Қазақстан жер мәселесінде түрлі қоғамдық құрылыстардан және әртүрлі өткелектер мен түсініктерден өткенін аңғаруға болады.2016 жыл
Иә, бұл – тарихи жыл. Өйткені тәуелсіздіктен кейін «жерді жалға беру немесе сату» мәселесіне қоғамның бетпе-бет келуімен байланысты еді. 2015 жылғы 2 қарашада Қазақстанның Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ондағы 24-бапқа сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды. Ал осы уақытқа дейін жер телімі 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөңгелетіп отырған отандастарымыздың керісінше мұндай құқығы шектелді. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін қазақстандықтар жаңа заңға сай жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелді. Тиісті заң өз күшіне еніп, 2016 жылғы 30 наурызда сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Халық бұл заң талабына наразылығын білдіреді. Жер дауы осы тұста басталды. «Жер сатылады» дегенді естіген елдің елеңдеуі ереуілге ұласты. Жер мәселесіне келгенде халқымыздың санасына берік орнаған ұстанымдар жадымызда қайта жаңғырғандай болды. Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының «жер өспейді, адам өседі» дегені, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «біздің қазақ жерді меншікті қылып алса – башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді», «жер десе, дірілдемей болмайды: жер мәселесі – негізгі өмір мәселесінің ең зоры» немесе ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі», «жерді жалдаудан тартынбағандар – сатудан да тартынбайды» деген сөздері еріксіз еске оралғандай болды. Бұл ретте мемлекетпен халықтың пікірі тоқайласып, мәмілеге келді. 2016 жылғы 6 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер мәселесіне келгенде елдің жаппай алаңдаушылық білдіргеніне риза болғанын айтып, ағынан жарылған еді. «Төңіректегі әртүрлі алыпқашпа әңгімелер мен пікірлер арандатушылардың бүгінгі әрекетінің бірі. Оның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Білеміз барлығын. Дегенмен, осы мәселеге көңіл бөлгені үшін мен бір жағынан ағайынға қуанамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, біздің халық қасық қаны қалғанша осы жерді қорғайды деп білемін», – деді Н.Назарбаев. Сонымен Жер кодексіндегі бұл даулы өзгерістердің күшіне енуіне 2016 жылдың аяғына дейін мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жер кодексіндегі нормаларды талқылап, халыққа түсіндіру үшін және ел ұсыныстарын қарау үшін Президент Жарлығымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына Үкімет мүшелерінен бөлек, қоғам қайраткерлері, белсенділерден құралған 75 адамнан тұратын комиссия мүшелері жасақталды. Комиссия әрқайсы 5-6 сағатқа созылған 10 шақты отырыс өткізіп, нәтижесінде 14 маңызды шешім қабылдады. Жалға беретін телімдердің шекті көлемін анықтау, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда мемлекетке қайтару туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша барлығы жерді 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтау қажет деген ортақ шешімге келді. «Жайылым туралы», «Жердің құнарлылығын арттыру туралы» құжаттар дайындалды. Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесінде, жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді 5 жылға (31.12.2021) дейін ұзарту туралы ұсынысқа сәйкес, Президент 2016 жылғы 19 тамызда шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға мораторий мерзімін ұзартты. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің шекті көлемі бекітілді. Маңызды шешімдер қабылданып, жер төңірегіндегі дау бәсеңдеген соң комиссия жұмысы уақытша тоқтатылды.
2021 жыл
Сонымен бес жылдық мораторий мерзімі аяқталды. Жер кодексіне енгізілген шектеу біткен соң, қандай шешім шығады деген алаңдаушылық ел көкейінде жүргені анық. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятынын жеткізді. Әрі «жеріміз шетелдіктерге сатылмайды» деп кесіп айтты. Бұған қоса Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. 2021 жылғы 19 наурызда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша комиссия қайта құрылды. Осыған байланысты Премьер-Министр Асқар Мамин «Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы» №62 өкімге қол қойды. Құжатта комиссияның жалпы ережелері, міндеттері, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі мен құрамы бекітілді. Осыған сәйкес, Жер реформасы бойынша комиссияның жаңа құрамы бекітіліп, аптаның әр сәрсенбі күндері жер мәселесін талқылау үстінде.Жер болашағы
Екінші рет Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшелері жер мәселесінде нақты қандай мәселерді көтерді дегенді шолып өтсек: Қазір қоғамда «жерді сатпай-ақ нарық тетігіне айналдыруға бола ма?» деген сауал туындап отыр. Бұған осы саланы зерттеген білікті ғалым, сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Ауыл шаруашылығы саласы дамыған ең озық елдің бірі Израиль жерді мемлекет меншігінде сақтай отырып, нарық тетігіне айналдырған. Сол тәжірибе бізге де тиімді», – деп жауап берді. Екінші қоғамды алаңдатып отырған – латифундистер. Бұл туралы Жер реформасы комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан: «Кезінде заңсыз немесе сыбайлас жемқорлық жолымен «ұстағанның уысында, тістегеннің аузында» кеткен миллиондаған гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарудың әзірше жалғыз-ақ жолы бар, ол – латифундистерге бірыңғай аграрлық салықты, ғарыштық мониторингті күшейту арқылы артық жерді мемлекетке қайтаруға мәжбүрлеу», – дейді. Алайда «қойшының қамшысын ұстап, ауылдың атын жамылып» телесайысқа түсіп жүрген Алмасбек Садырбаев бұған үзілді-кесілді қарсы. «Ғарыштық мониторингтен, аграрлық салықтан құтқарыңдар, 500 мың гектарға дейін жекеменшікке тегін жер алсам, субсидия алсам», – дейді ол. Сонымен қатар Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, жер мәселесі қазір шешім таппайтын мәселе, оны ұрпақтарға аманаттап кетейік деген уәжін айтты. «Көптеген мемлекет жерді нарықтық тауар ретінде қарап, жекеменшікке сатып жатады. Біздегі жағдай мүлдем бөлек. Ғасырлар бойы халқымыз жерді тауар ретінде емес, оны Анаға теңеп, «Жер-Ана» деп қастерлеп келді. Сондықтан да осы елдің азаматы, комиссия және Парламент мүшесі ретінде жердің өз азаматтарымызға да сатылуына қарсымын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Ұлтымыздың жартысынан астамы орта тапқа айналмайынша бұл мәселені қозғамауымыз керек. Келер ұрпақтың үлесіне қалдырайық. Қазіргі кезде жердің иесі тек мемлекет болуы тиіс. Жерді пайдаланамын деген азаматтарға тек жалға ғана беруге кедергісіз барлық мүмкіндіктер жасалу қажет», – дейді сенатор.
Тағы да 5 жыл
2016 жылғы 17 тамызда Жер реформасы бойынша комиссияның кезекті отырысында жерді шетелдіктерге жалға беру мен сату мәселесіне жарияланған мораторийді 5 жылға, яғни 2021 жылдың соңына дейін ұзарту керек деген ұсыныс жасалып, қабылданған шешім Елбасының Жарлығымен бекітілген болатын. Бұл жолы да дәл солай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге қатысты мораторий мерзімін 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды. Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5 отырысы және 7 мәжілісі өткізіліп, онда 113 мәселе мен ұсыныс қаралды. Оның 20-сына қатысты нақты шешімдер қабылданды. 28 ұсыныс Парламентке және 47 ұсыныс нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі. Премьер-Министрдің орынбасары, комиссия төрағасы Ералы Тоғжановтың сөзінше, комиссия мүшелері жерді жекеменшікке беруге қатысты түпкілікті шешім қабылдамағанын, себебі, оған әлі де біршама уақыт қажет екенін алға тартады. Осылайша, комиссия мүшелері жерді меншікке беруге қатысты жыл соңына дейін белгіленген нормаларға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды қолдап, дауыс берді. Комиссия отырысына қатысып жатқан 67 адамның 4 комиссия мүшесі қалыс қалды, қалғаны мораторийді ұзартуға бірауыздан дауыс берді. Сонымен қатар, комиссия аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласын дамытуға оң ықпал ететін бірқатар маңызды шешім қабылдады. Комиссия ұсыныстарының негізінде арнайы заң жобасы әзірленіп, келесі айда Парламентке өткізілетін болды. Комиссия мүшелері заң жобасын қарау кезінде жұмыс тобына қатыса алады. Қазір Сенатта жерге қатысты тағы бір заң жобасы қаралып жатқаны белгілі. Ол президент Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген болатын. Билік бұл заң жобасы шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастырады деген. Әйткенмен әлі мақұлданбаған құжатта «шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға жер беруді» көздейтін тармақ бар. Аталған тармақ күшіне енсе, яғни заң жобасы дәл қазіргі нұсқада қабылданатын болса, Жер кодексі 48-бабының 2-тармағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға орман өсіру үшін 25 жылға жер учаскелерін жалға алуға мүмкіндік береді. Алайда елде бұл мәселеге түбегейлі қарсы болып отырғандар көп. Ал бұған комиссиядан тыс зерттеушілердің пікірін білу мақсатында саясаттанушы Руслан Ақмағанбетовке сауал қойып көрдік.