Тәуелсіздік ескерткіштері − елдің жаңа бейнесі

Тәуелсіздік ескерткіштері − елдің жаңа бейнесі

Тәуелсіздік ескерткіштері − елдің жаңа бейнесі
ашық дереккөзі
Қайсы елге барсаң да алдыңнан асқақтай көрініп, назарыңды еріксіз бұратын нәрсе − сол елдің сәулет ескерткіштері мен мүсін өнерінің туындылары. Себебі содан елдің тегі мен тарихы, айбыны мен айбаты, рухы мен мінезі, өнері мен шеберлігі көрінеді. Кеңестік кезеңде Қазақстанда сол кездің идеологиясына қызмет еткен тұлғаларға қойылған ескерткіштер мен коммунистік идеяны насихаттау орталықтары көп болды. Сондықтан мүсіндік және сәулет ескерткіштерін жасауда қазақ елінің өз қолтаңбасы анық байқалмады. Дегенмен еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі жерде тарихымызға қатысты кешенді сәулет ескерткіштері мен өз мүсіншілеріміздің қазақ хандары мен би-батырларын, ақындарын бейнелеген ескерткіштерінің қатары көбейіп, ел иесі, жер киесінің кім екені байқалатын жағдайға жеттік. Әрине, күллі әлемнің есіне Египет де­генде Ғизадағы пирамидалар, Индия де­генде Тәж Мақал кесенесі түсетіні секілді Қазақстан дегенде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ойға оралатыны анық. Ал енді мүсін өнерінде АҚШ десе «Азаттық», Бразилия десе «Құтқарушы Христос» секілді алып мү­сін­дер ойымызда тұратыны секілді біздің елде де мүсін өнерінің шедеврлері дерлік туын­ды­лар жоқ емес. Тек соның түгелге жуығы кейінгі ширек ғасырдың ішінде жасалғанын айта кет­сек, тарих парағын азат ел ретінде қайта аш­қан жаңа Қазақстанда ұлт рухын көтеріп, ел еркіндігін бейнелейтін ерекше ескерт­кіш­тердің бостан елдің ақыл-ойынан шыққаны мақ­­таныш етуге тұрарлық. Олардың бәріне тәуел­­сіз таным, еркін шығармашылық ой тән дей аламыз. Қазақ елі кеше-бүгін пайда болған ел емес, тарихтағы сабақтастықты еске алсақ, ұлы далада пайда болған мәдениет пен өркениеттің барлық құндылығы біздің түп негізімізден жеткен мұра саналады. Сол үшін тарих сахнасына қазақ ордасы болып кө­теріліп, аласапыран дәуірлерде бодандықтың қамытын киіп, бір жарым ғасыр жаттың өк­­­тем­дігіне еріксіз мойынсұнса да кезі келгенде тәуел­сіздігін қайтарып алған Қазақстан арғы ғұн­дар мен сақтар құрған империяның, бергі Түр­кі қағанаты мен Алтын Орданың жалғасы ретінде соларға тиісті нышандардың бәрін өз меншігі деп қабылдауға құқығы бар ел. Мұны саяси тұрғыдан ғана емес, тарихи-мәдени тұрғыдан да заңдылық деп санаудың маңызы зор. Ең кереметі, осыны қазақтың мүсін, сәу­лет өнерінің өкілдері жақсы түсінді. Соның нә­тижесі − Қазақстан тәуелсіздігінің құр­метіне 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңын­да биік обелиск түрінде тұрғызылған Тәуел­сіздік монументі. (1996 жылы әйгілі Жел­тоқсан оқиғасына 10 жыл, ел Тәуелсіздігіне 5 жыл толуына орай ашылған бұл бірегей өнер туын­дысының авторлары − архитектор Шот-Аман Уәлиханов, мүсіншілері Нұрлан Далбай, Әділет Жұмабаев, сәулетшілері Қазыбек Жарылғапов, Қалдыбай Монтақаев, бас конструкторы Сергей Иванович Каламкаров). Барлық жағынан қазақ қолданбалы өнерінің стилі анық байқалып тұратын «Тәуелсіздік» монументінің композициясы ерек­ше. Ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастардан құралып, биіктігі 28 метрге жететін монументтің жоғарғы жақ қапталына Қазақстанның елтаңбасы бейнеленген. Тас түғырдың үстіңгі жағына биіктігі 6 метр, қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорам­сағында алтын жебелері бар дулығалы жас сарбаздың асқақ тұлғасы ескерткішке ми­фо­логиялық жұмбақ сыр дарытып, тамырын те­рең тарихқа ие елдің айбыны мен айбарын танытып тұр. Тәуелсіздік монументінің артқы жағы мен екі қапталын айнала орналасқан мү­­­сіндік-бедерлі бейнелерде қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңдерден сыр шертетін тұтас композициялық шешім бар. Со­нау сақтар дәуірі, Томирис заманы, әл-Фара­би дәуірі, Қазақ хандығының құрылуы, жоң­ғар шапқыншылығына қарсы күрес, ұлт-азат­тық қозғалыстары, ІІ дүниежүзілік соғыс, Жел­тоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жа­рия­­лануы секілді кезеңдерді баяндайтын кө­рініс-суреттер бір-бірімен үйлесе жалғасып, қа­­зақ елінің мың жылдық тарихын өнер ті­лі­мен ұғындырады. Қашанда үлкен істегі бірінші қадамның сәтті шығуы кейінгі жалғастырушылар үшін аса маңызды. Қазақ халқының тұңғыш рет өз тәуелсіздігіне аса үлкен құрметтің бел­гісі ретінде қойылған, сәулет және сұңғат өне­рінің ғаламат үйлесіміндей «Тәуелсіздік» мону­ментінің ерекше шығуы қазақ рухани әле­мінің бай екенін танытты. Жаңа дәуірдегі бір­неше өнердің жаңаша дамуына серпін бер­ген ескерткіштің халыққа өте қадірлі екенін бай­қататын тағы бір нәрсе – еліміздің бірнеше қа­ласына «Тәуелсіздік» монументінің көшір­месі орнатылған. Солайша өткен ғасырдың соңында жасалып, ұлттық сәулет өнерінің жәдігеріне айналған бұл ескерткіш тәуел­сіз­діктің бесігі – Алматы қаласының символына айналды. «Тәуелсіздік» монументі ашылғаннан бір жыл кейін ел астанасы Арқа төріне көшіп, Ас­тана атанған жаңа қала тәуелсіз Қазақ­стан­ның елордасына айналды. Бүгінгі Нұр-Сұлтан қа­ласы жаңа ғасырдағы Қазақстанның аста­на­сы ғана емес, өзінің ерекше архитектуралық ғим­араттарымен әлем назарына ілінген сәу­летті қала екені белгілі. Солай болса да қа­ланың атын шығарған ерекше сәулет өне­рінің туындысы − «Бәйтерек» кешені. Сәулет құрылыс кешені, еліміздегі сәулет өнерінің бірегей туындысы саналатын бұл мону­менталдық кешен Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың идеясынан туған. «Бәй­терек» кешенін Ақмырза Рүстембеков бас­таған жобалаушы сәулетшілер С.Ба­зарбаев пен Ж.Айтбалаев жа­саған, инженер-конструк­торы М.Вахштейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов. Кешеннің жобасын жасауға «Аэропорт» ААҚ, «ЭМК» ЖШС, «Архфонд» ЖАҚ, Архитек­торлар одағы және «Алуа» ЖШС секілді қазақстандық жетекші фирмалардың мамандары қатысса, ал құрылысын «Имсталькон» ААҚ құрылыс компа­ния­сы салды. Бейбіт өмір мен ке­лі­сімде өмір сүруді қол­­­­дай­тын Қа­зақ­стан хал­қы­ның ғұмырлық ізгі мұ­ратын білдіретін «Бәйтерек» ке­­шенінің биіктігі – 97 метр. Ол бұрынғы Ас­та­на, қазіргі Нұр-Сұлтан қа­ласының елорда бол­ған жылын (1997) білдіреді. Металл, әйнек және бетоннан жасалған бұл кешен биіктігі 105 метрлік бес жүздей металл қа­далардан жасалған. Диаметрі 22 метрлік жә­не салмағы 300 тон­на­дан тұратын күннің түсуіне қарай түсін өз­гер­тетін «хамелеон» әй­негінен жасалын­ған шар әлемде ең биік­ке орналасқан шар ретінде рекордтық көрсеткішке ие болды. Үш бөліктен тұратын (жерасты − тамыр жаю, жерүсті − өсу, өркендеу) «Бәй­теректің» ең жоғары жағында «Аялы алақан» композициясы бар. Оған қол табы тигенде алақанға жарық құйылып, Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны ойналады. Бүгінгі Қазақстанның өсіп, дамуының нышанындай «Бәйтерек» кешенінде келушілердің демалып оты­рып, елорданы биіктен тамашалауға мүм­кіндік жасалған. «Бәйтерек» кешені бүгінде елор­дамыздың паспорты іспеттес және ол қазақ ақыл-ойынан туған ғажайып туынд­ы­лардың бірегейі. Елордадағы тағы бір мәдени-архитек­тура­лық кешен «Қазақ елі» деп аталады. 2009 жылы аш­ылған бұл монументтің автор­лары − Сәрсенбек Жүнісов пен Жаңбыршы Нұркенов. Аумағы 5,2 гектар жерді алып жатқан бұл ке­шеннің монумент тұрған орталық тұғыры 1 гектар жерге орналасқан. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр. Бұл символикалық сан − Қазақстан Тәуелсіздігін алған 1991 жылды ишаралайды. Стелланың басына алтын түске боялған алып Самұрық құсы Қазақстанның бейбіт өмір сергек күзе­тіледі деген ойды білдіреді. Монументтің ақ түсті болуы – қазақ елінің достыққа берік адал, бауырмал болмысын танытатын белгі. «Қа­­­зақ елінің» сыртқы бөлігінде доға пішіндес 28 ақ колонна бар. Стелла осы ақ коло­н­на­лардың дәл ортасында қызыл граниттен жа­салған төрт қырлы тұғырға орнатылған. Бұл Қазақстанның дүниенің төрт бұрышына − Ба­тыс пен Шығыс, Оңтүстік пен Солтүстікке тең қарайтын әділ ел екенін айғақтайды. «Қазақ елі» монументінің мәнін аша түсу үшін оны бірнеше барельефпен көмкерген. «Ха­лық және Президент» орталық барельеф­те Елбасы мен халықтың бейнесі бе­дерленген. Монументтің оң жа­ғындағы «Қаһармандық» деп аталған барельефте ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналас­ты­рылған. Бұл азат Отанды қор­ғау әрбір ел азаматының қасиетті борышы дегенді біл­ді­ре­ді. Монументтің батыс жақ бетіне орна­тыл­ған «Жасампаздық» барельефінде ғалымдар мен инже­нер­лер, металлург­тер мен ди­қандар бейнесінде Қа­зақстанның көшпелі дәуір­­ден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелейтін жасам­паздық жолы көрсетіл­се, шығыс жағын­дағы «Болашақ» ба­­рельефінде тәуел­­­сіз елдің пер­зенттері − ғылымда, мә­де­ниет­те, спортта үлкен жетіс­тік­тер­ге жетіп келе жат­қан қазақстандық жас­тардың болмысы сәулеленген. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақ елі» ке­шені − тәуелсіз Қа­зақ­станның барлық жетістігі бірлік пен біртұтас­тық­­­та деген идея­­­ны бере­тін шығар­ма­шы­лық ізде­ніс­тен туған мо­нумент. Бүгінде қазақ елін танытатын архитек­туралы кешендер көп. Соның бірі − Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысында орналасқан Қор­қыт ата мемориалды кешені. Қорқыт ата – атақты ғалым Әлкей Марғұланның айтуы бойын­ша, VII-VIII ғасырларда Сыр бойында өмір сүрген, түркі халықтарына ортақ ұлы ой­шыл, жырау, қобызшы. Оның мазары Сыр бойын­да тұрған. «Түркістан 1866 – 1872» атты аль­бомда «Қорқыт күмбезінің» 1868 жылы тү­сірілген фотосы жарияланған. Кейін Қор­қыт ата мазарын Сырдың тасыған суы шайып кеткен. Аты әлемге мәшһүр Қорқыт атаға арнал­ған алғашқы ескерткіш кеңестік кезеңде тұр­ғызылған. Сол кезде Қорқыт ата жерленген ай­мақтағы ауданға басшылық жасаған Елеу Кө­шербаев ұлы тұлғаға арналған ескерткіш жа­сатуға көп еңбек сіңіріп, нәтижесінде 1980 жы­лы архитектор Бек Ибраев (1947-2019) мен фи­зик-акустик Совет Исатаев (1932-2015) жо­басымен темірбетоннан жасалған биіктігі 8 метрлік 4 тік стелладан тұратын Қорқыт ата ескерткіші жасалған еді. Кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің алты жылдығында − 1997 жы­лы ескерткішті жаңғырту жұмыстары жүр­гі­зіліп, Қорқыт ата ескерткіші амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәу­­леттік кешенге айналып, мүлде жаңа кел­бетке ие болды. 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Қор­қыт ата кешенін жетілдіру жұмыс­та­ры мұнымен де тоқтамады. 2014 жы­лы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен Қор­қыт ата мемориалды кешенін заманауи та­лаптарға сай етіп жетілдіре түсу үшін кешен­нің аумағы кеңейтіліп, онда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кешен аумағындағы ғи­мараттар үлкейтіліп, Қобыз ескерткіші 8 метрден 12,1 метрге биіктетілді. Сондай-ақ ке­шенде әкімшілік ғимараты, мешіт, тамақ­тану, демалу орындары салынды және мұнда жұмыс істейтін қызметкерлер де көбейді. Сөйтіп жаңа дәуірде жаңадан салынып, қайта жаңғырған Қорқыт ата кешені Сыр бойының ғана емес, тұтас мемлекетіміздің мақтанышы болатын сәулет туындысына айналды. Бұл да жаңа дәуірдегі Қазақстанның сәулет өнеріндегі жетістігінің бірі. Жаңа ғасырда Қазақстанда ерекше сер­пінмен дамыған саланың бірі − мү­­сін өнері. Кеңестік кезеңде, мәселен Ал­ма­ты­да 1960 жылы ашылған Абай Құнан­байұлы­ның (Абай даңғылының бас жағында, Респуб­лика сарайының алдында, авторы Х.Нау­рыз­баев), 1980 жылы ашылған Мұхтар Әуезовтің (Қа­зақ академиясы драма театры алдына, мү­сінші Е.Сергебаев, сәулетшілер О.Бай­мыр­заев, М.Жақсылықов және А.Қайнарбаев) ес­керткіштерін айтпағанда, қаншама лайықты та­рихи тұлғаларымызға арналған жөнді мү­сіндер болған жоқ. Сондықтан мүсін өнерінің дамуы тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде болды деп батыл айта аламыз. Кеңестік кезеңде бірен-саран әдеби шы­ғармаларда ғана суреттелгені болмаса, қазақты басқарған хандар туралы жөнді рес­ми мәліметтерді табу қиын болатын. Сон­дық­тан біз оларды әспеттемек түгілі көпшілік олар жайында анық ештеңе біле бермейтін. Ал 1991 жылдан кейін өзіміз туралы қорықпай айта алатын кез келгенде елді ел еткен, қа­зақ­ты жер бетінен жойылып кетуге жол бер­ме­ген хандарымыз туралы көптеген еңбек жарыққа шығып, олардың есімдері ұлықтала бастады. Бұл үрдіс мүсін өнерінде де жүрді. Соның нақты мысалының бірі − 2000 жылы Алматы қаласындағы 2-темір жол вокзалының алдына, Абылай хан даңғылының басына орнатылған Абылай хан ескерткіші (мүсіншісі Қазыбек Са­тыбалдин, сәулетшілері − Т.Ералиев, З.Бай­мағамбетов, В.Сидоров, қонструктор − М.Еркінов). Авторлар ат үстіндегі айбарлы хан­ды керемет әсерлі бейнелеген. (Айтпақшы, бұдан бір жыл бұрын мүсінші Ю.Баймұқашев пен архитектор Т.Жұмағалиев жасаған Абы­лай хан ескерткіші Көкшетау қаласындағы ор­талық алаңға қойылған-ды). Хандарға арналған ескерткіштің тағы бір көрнектісі 2011 жылы елордада ашыл­ған атқа мінген кейіпте бейнеленген Ке­несары хан ескерткіші болды. Мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Шот-Аман Уәли­хановтың қиялынан туған бұл туынды айбын­ды ханның ел тағдырына байланысты батыл шешім қабылдап тұрған кезін шынайы бейне­ле­ген. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қа­сымұлының (1802-1847) мұндай бейнесінің ел астанасында тұруының өзі еліміздің өз та­ри­хын мақтаныш ететінінің бір көрінісі деуге болады. Күрделі кезеңде ел басқарып, қазақ та­ри­хында із қалдырған хандардың бірі Әбіл­қайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр хан (1693-1748) болатын. Аламағайып кезеңде қа­зақтың бір бөлігін басқарып, елін өзгенің бо­дандығына бермеймін деп алысып өткен Әбілқайыр ханның тағдыры қиын болса да, ел есінде халқын қорғауымен қалды. Сондық­тан қазақтың Әбілқайырды құрметтеуі дұрыс еді. Соның белгісі − 2000 жылы Ақтөбе қала­сын­да облыс әкімшілігінің алдына қойылған Әбілқайыр ханның көрнекті ескерткіші (ав­торы – белгілі сәулетші Ескен Сіргебаев, сәу­ле­тшілері – Б.Егінбаев, Н.Қожағұлов). Сол қо­лымен атының тізгінін тартып, оң қолын жо­ғары көтеріп, халқына сөз арнап рух беріп тұр­ған ханның ат үстіндегі тұлғасы әсерлі шық­қан. Уақыт жағынан кейін жасалғанымен, та­рихи орны жағынан барлық хан­дары­­мыз­дың алдында тұратын Керей хан мен Жәнібек хандардың ескерткіші бүгінгі Қа­зақ­станның арғы түбі − Қазақ хандығын құрған қос ханға ғана емес, мемлекетіміздің тарихына деген үл­кен құрметті білдіретін көшелілік, ірілік. Алғашқы жобасы биліктің де, халықтың да көңілінен шықпай дайын тұғырға орна­тыл­маған қос ханның ескерткішіне кейін қайта кон­курс жарияланып, онда Ринат Әбенов атты жас мүсіншінің жобасы қолдау тапқан еді. Сөйтіп Керей хан мен Жәнібек ханның ес­керткіші 2010 жылдың бірінші маусы­мында елордада ашылды. Ашылу салтана­тында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз елорда­мыздың төрінде ұлысымызды заманындай ұйыстырған Керей мен Жәнібек хан­дар­дың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихы­мызға, қазақтық ел­дік дәстүрімізге, мызғымас мем­ле­кеттігімізге арналған мәңгілік белгі», − деп ескерткіштердің мән-маңызына зор баға берді. Керей хан мен Жәнібек ханның тарихи еңбегі 2015 жылы өт­кен Қазақ хандығының 550 жылдығы тұ­сында да ерекше ескеріліп, тарихи дата ата­лып өт­кен Тараз қаласында «Қазақ хандығы» атты биіктігі отыз метрлік стелланың екі жағына екі ханның тақта отырған мүсіні қойылды. Хандар ескерткішінен кейін­­гі тұлғалар − қазақ­тың атақты үш төбе биі Төле би (1663-1759), Қазыбек би (1667-1764) және Әйтеке биге (1644-1700) қойылған ескерткіш­тердің мәні зор. Қазақ елін сақтауда өз тұ­сын­дағы хан­дар­ға лайық­­ты кеңес­ші бо­лып, ел тұтас­ты­ғы үшін көп еңбек сіңір­ген дана да дара би­лердің мемле­кет­тілігіміз тари­­хында алар орны салмақты. Міне, осы тұлғалар­ға елор­дада 1998 жы­лы ашылған ескерткіш те еліміз­дегі аса та­нымал мүсіндер қатарында. Қазір осы ес­керткіштегі бейнелерді негізге алып жасалған мү­сіндер еліміздің көптеген өңір­лерінен де та­былады. Абай, Шоқан, Ыбырай секілді ұлттық тұл­ғаларымызға арналған түрлі мүсіндер қойыл­са да, әлем таныған ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабиге кейінгі кезге дейін лайықты ескерткіш орната алмай келдік. Дегенмен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті алдына 2010 жылы жылы қойылған әдемі ес­керткіш бұл тараптағы алғашқы қадам бол­са да, еліміздегі ең сәтті шыққан өнер туын­дыларының қатарында. Туынды авторы – талантты мүсінші Ескен Сіргебаев. Мүсін өнерінде ең танымал жұмыстар қазақ батырларына арналғаны дау бол­маса керек. Үнемі ат үстінде бейнеленсе де әрқайсысы әртүрлі образда көрінетін қазақ ба­тырларының мүсінделуі әр автордың қол­таңбасына қарай түрленіп, өзгеше көркемдік шешімін тауып жатады. Мәселен, 1995 жылы Атырау қаласында ашылған Исатай-Махамбет (авторы Көпбол Демесінов) ескерткішінде атқа мінген батыр мен ақынның қатар тұруы ел бірлігінің символындай әдемі өрнек тапқан. Ал 2012 жылы жоңғарларға қарсы Жетісуда азаттық соғысын бастаған Райымбек батыр­дың ескерткіші де найзасын жоғары сілтеп, жауын жекпе-жекке шақырып тұрған сұсты бейнесі көрген адамға әсерлі-ақ. 2014 жылы Қызылорда қаласында те­мір­жол вокзалының маңында халық батыры Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының ес­керткіші (ескерткіштің авторлары – А.Кенен­баев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев) бой көтерді. Сыр бойындағы халыққа пана болған, Қоқан, Хиуа, орыс патшалығына қарсы азаттық соғысының қаһарманы найзасын тік ұстап, халқы үшін бәйгеге басын тіккен жүрекжұтқан ердің бей­несінде тұр. Елордадағы атақты Қанжығалы Бөген­бай мен ІІ Дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлына, батыр қыз Әлия Молдағұловаға қойылған ес­керт­кіштер де еліміздің бас қаласында қазақ тари­хының қилы кезеңінен сыр шертетін өнер туын­дылары. Сондай-ақ осы қаладағы То­мирис патшайым ескерткіші де өзінің бө­лек­ше бейнесі, тың шешімімен таңғалдырады. Ал күй атасы Құманғазы мен қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының тұғырдағы ай­бынды мүсіндері қазақ мәдениетінің алып­тарының құрметіне сай жасалған дей аламыз. Адамның жүріп өткен жолы ізіне қараса бі­лінеді. Сол сияқты өткен уақытқа қарасақ, тәуел­сіздігі қайта оралып, азаттық алғанына 30 жыл енді толғалы отырған қазақ елінің ру­хани жағынан толысып, іргелі елге айналып келе жатқанын байқар едік. Оның бір көріні-сі − біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған жаңа дәуірдегі сәулет, мүсін өнерінің дамуы. Өнері өрелі елдің болашағы жарқын. Біз сол болашаққа тарихымызды қа­дір­леу мен тарихи тұлғаларымызды құрметтеу ар­қылы беттеп барамыз. Бұл жолда тын­дыр­ғанымыз аз емес, бітіреріміз одан да көп.