Татулық пен келісім саясатын жалғастыру – ортақ парызымыз
Татулық пен келісім саясатын жалғастыру – ортақ парызымыз
Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен басталған сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін жыл болып отыр. 1991 жылы еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты болды. Соның барлығын өзіміз басымыздан кешіп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады», – деді ҚХА-ның ХХІХ сессиясын ашқан Елбасы.
Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолдың, ұлттық даму стратегиялық формуласының дұрыстығы мен тиімділігін айтып өткен Елбасы Конституциямызда ұлтына, сеніміне немесе тіліне қарамастан барлық отандасымыздың ортақ мүддеге бірігетінін жеткізді. Осы орайда Елбасы әлемнің барлық елінде халықты тіл біріктіретінін баса айтты.
«Бұған қоса, біз еліміздегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еттік. Соның аясында қазақстандықтар ортақ мақсатымыздың және ортақ ұмтылысымыздың төңірегіне топтасты. Әрқайсысы біздің бірлігімізді, өзара құрметімізді, отаншылдық пен жауапкершілігімізді нығайтуға үлес қосты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ қазақ тілін меңгеруге талпынған адамдардың ұмтылысын ынталандыру керектігін айта келіп, тілдің біріктіруші рөліне тоқталды. «Бұл процесс әлемде бар табиғи құбылыс. Сондықтан қазақ тілін түсініп, меңгеруге деген талпынысты қолдап, барша жерде ынталандыруымыз керек», – деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеріп алуына барынша жағдай жасады, сондықтан ҚХА бұл бағытта елеулі рөл атқарып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл сөзімізге Тұңғыш Президенттің: «Бұл бағыттағы талпынысты байқап отырмыз. Қаншама жастар Ассамблея атынан өмірге жолдама алды. Ассамблея айналасындағы жұмыс барысында мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік жасалды. Қазіргі кезде бұл адамдар жауапты қызметтерде жүр, бірнеше тілде емін-еркін сөйлей алады» деген сөзі дәлел.
ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерінің Қазақстанға қатысты сенімі туралы да пікір білдірді. Елбасы көпвекторлы сыртқы саясат бізді ынтымақтастық пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшіл ұлт ретінде көрсеткенін және әлем елдері бізге сеніммен қарайтынын, сондай-ақ Қазақстанды мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мен келіспеушіліктер кезінде табыстырушы, бітімгер болуға шақыратынын атап өтті.
«Бізді ядролық қаруға қарсы күресте көшбасшы ел деп санайды. Атап айтқанда, басқа елдермен бірлесе отырып интеграциялық жобаларға бастамашылық етіп, жүзеге асырдық. Яғни ЕАЭО, АӨСШК, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді жобалар қамтылды. Бұл бірлестіктер менің қатысуыммен әрі ұсыныстарым арқылы құрылды. Осы орайда маған қолдау білдірген әріптестеріме алғысымды білдіремін», – деді Елбасы.
Сессияны қорытындылай келе, Елбасы ҚХА төрағасы лауазымынан бас тартып, бұл лауазымды елдің іс басындағы Президенті атқаруы тиістігін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас тартпаймын. Дегенмен, Ассам-блеяны басқаруға қатысты бірқатар құзырет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс әрі үлкен саясат екенін және осы жауапты міндетті жауапкершілікпен атқаратынын жеткізді.
Президент Ассамблея бұрын-соңды еш елде болмаған бірегей құрылым екендігін, басқа елдер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастағанын атап өтті.
«Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «береке басы бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан 30 жылдың ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. Сантүрлі ұлттың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз керек. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір ел, бір ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен келісім саясатын жалғастырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі бүгіндей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ассамблеяның алдында үлкен міндеттер тұрғанын және қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі керек екендігін баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХА-ның Құрметті Төрағасы болуды ұсынды.
Осы ретте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеямен тығыз жұмыс істей беретінін атап өтті.
Ассамблея өз жұмысын қорытындылап, сессия соңында Үндеу қабылдады. Үндеуде Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлі айрықша аталып өтілді.
«30 жыл бұрын Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгеннен бастап халқымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел басшылығымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ел дамуының басты ұстанымы ретінде таңдады. Бұл қағидат – табысты да ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың, саяси жүйені үздіксіз демократияландырудың, ұлттың әлеуметтік капиталын дамытудың мызғымас іргетасына айналды», – делінген Үндеуде.
Тәуелсіздікті, елдегі татулық пен келісімді күшейтуде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі айрықша. Жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблея – құндылықтар мен азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтты және ортақ мақсаттар мен міндеттер аясында ел тұрғындарының мызғымас бірлігін қамтамасыз етіп келеді.