Нұр-Сұлтан қаласы 1,5 ай бойы «қызыл» аймақта тұр

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордада коронавирусқа қатысты ахуал тұрақсыз болып тұрғанын айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласы 1,5 ай бойы «қызыл» аймақта. Күніне 300-ден 600-ге дейін жағдай тіркеледі. Жыл басынан бері қала бойынша ауырғандардың саны 26 мыңнан асты, пандемия басталғаннан бері 44 562 жағдай тіркелді. Оның ішінде 29 338 симптомы бар және 15 224 симптомсыз. Соңғы 6 күнде қалада 100 мың тұрғынға шаққанда апталық сырқаттанушылық көрсеткіші 320-дан 285-ке дейін аздап төмендегені байқалды. Мәселен, бір апта ішінде Covid-19 ықтимал оқиғаларымен 3 371 жағдай тіркелген. Сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 11 пайызға төмен. Алдыңғы аптада ықтимал оқиғалармен 3 808 жағдай тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш – 283,6, репродуктивтілік саны – 0,95», – деді ол.

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің дерегінше, өткен тәулікте 584 бастапқы жағдай тіркелді: cимптомы бар – 462, симптомсыз – 122 жағдай.

«Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 2 553, оның ішінде үй ошақтары – 1724, ұйымдастырылмағандар арасында – 824. Медициналық бақылауда 5 572 байланыста болған адам бар», – деді Сархат Бейсенова.

Back to top button