Жаңалықтар

29 сәуір қандай оқиғалармен есте қалды?

ашық дереккөзі

29 сәуір қандай оқиғалармен есте қалды?

1992 жылы Алматыда Түрік елшілігі салтанатпен ашылды. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңесті құру туралы Жарлық шықты. 2006 жылы Алматыда Ахмет Жұбанов мұрасын зерттеуге арналған мемориалдық мұражай ашылды. Академик Ахмет Жұбанов кәсіби қазақ музыкасының негізін салған, аса көрнекті композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, ұстаз және қоғам қайраткері. 2009 жылы Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 34-ші сессиясында Астана қаласының құрметті азаматы атағын беру жобасы бекітілді. Құрметті атақ елорданың әлеуметтік саласын, ғылым және білім, экономикасын дамытудағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі. Аталмыш дәрежені беру мәслихат сессиясының шешімімен жүзеге асырылады. Астана қаласының әкімі құрметті атағын беру туралы ұсынымды сессия мәслихатының қарауына жібереді. Осындай атаққа, құрметке ие болған тұлғаға елорда әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойған Құрмет дипломы және арнайы куәлік тапсырылады. 2011 жылы Астанада ШЫҰ мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысымен алтыншы кездесу өтті, оған Хатшылық және Ұйымның өңірлік террорға қарсы құрылымының басшылары қатысты. Онда террорға, сепаратизмге, экстремизмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, ШЫҰ кеңістігінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты. 2011 жылы Қостанайда ерекше мұқтаж балалар мен жастарға арналған орталық ашылды. Авторлары мен ұйымдастырушылар оған Еңсеру тәуелсіз өмір орталығы атауын берді. Орталықта физикалық сауықтыру, ерекше мұқтаж, әсіресе ауыр омыртқа жарақатын алған адамдарға психологиялық көмек көрсетіледі. 2011 жылы Ш. Айтматов повесінің желісімен режиссер Ардақ Әлімқұловтың Қош бол, Гүлсары! фильмі Бірінші халықаралық ирандық кинофестивальдің арнайы жүлдесін алды. 2011 жылы Нұр Отан ХДП Жас Отан жастар қанатының бастамасымен Ақтөбеде Жас толқын жастар клубы ашылды. Клуб құрамына мемлекеттік қызметшілер мен 29 жасқа дейінгі жастар кірді. Оның мақсаты мемлекеттік қызметшінің имиджін қалыптастыру, кадрларды даярлау, тәрбиелеу, әлеуметтік-маңызды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы облыстың кадрлық резервін құру болды. 2011 жылы Алматыда КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, режиссер Әзербайжан Мәмбетовке арналған мемориалдық тақта ашылды. Ол қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері тұрған үйге орнатылды. Ә. Мәмбетов (1932-2009) - М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері, КСРО депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңес мүшесі болды. 1999 жылдан бастап Астанада Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық драма театрының бас режиссеры болды. 2011 жылы Қазақстан мен Молдава ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 2013 жылы АЗИЯ АВТО автожинау зауытында жаңартылған Chevrolet Captiva кроссовер шығарыла бастады. Chevrolet - қазақстандық нарықтағы ең сәтті брендтердің бірі. 2014 жылы ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есепке сәйкес Қазақстан Инвесторлар құқықтарын қорғау бойынша 10-шы орын, жалпы рейтингте 50-ші орынды иеленді. 2014 жылы Алматыда Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының V съезі басталды. Елдің онкологиялық қызметін дамытудың маңызды мәселелерін талқылауға 500-ден астам отандық және шетелдік мамандар қатысты. Съезде ерте диагноз қою әдістері мен обырды емдеу тәсілдері қаралды. Сондай-ақ медицинаның XXI ғасырдың ең қауіпті ауруымен күресте заманауи жетістіктері жайлы сөз қозғалды. 2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Заречный кентінде Қайсар-2016 кешенді лаңкестікке қарсы жаттығуын көрді. 2016 жылы Қазақстанда алғаш рет ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Өмір мен өлім арасындағы заттар атауымен халықаралық көрме өтті. 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысында Бозшакөлде сульфидті кенді қайта өңдеу байыту фабрикасы жұмысын бастады. 2016 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қытай мен Қырғызстан сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, сондай-ақ Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сыртқы істер министрлері орынбасарларымен бірлесіп ШЫҰ көк шалғынында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Дипломат ШЫҰ кітапханасына ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жүзге жуық кітабын сыйға тартты.