«Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат» – Қ.Тоқаев.

«Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат» – Қ.Тоқаев.

«Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат» – Қ.Тоқаев.
ашық дереккөзі
Ақорданың ресми сайты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында сөйлеген сөзін жариялады. «Ең алдымен, сенімдеріңізге шын жүректен алғыс айтамын. Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат. Сондықтан, осы міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді. Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз Тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосу үшін, ең алдымен, ауызбіршілік, татулық аса қажет екенін үнемі айтып келесіз. Бұл – көне заманнан келе жатқан ақиқат, қазіргі ұрпаққа да қажетті құндылық. Табысты реформаларыңыздың мызғымас тұғыры – халқымыздың бірлігі. Ал, еліміздің бірегейлігі – әр алуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы. Сіз «Қазақстан жолы» тұжырымдамасын бүкіл әлемге паш еттіңіз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің дара жолын дүние жүзі мойындайды және жоғары бағалайды. Жаһан жұртшылығы Сізді аса көрнекті реформатор және әлем деңгейіндегі саясаткер ретінде құрметтейді. Парасатты басшылығыңызбен қол жеткізген табыстарымыз мәңгілік тарихи мән-маңызға ие болды. Сондықтан, елдік жолында сіңірген ерен еңбегіңіз әлемнің және Қазақстанның тарихында мәңгі жазылатыны сөзсіз. Халқымыздың тату-тәтті тіршілігі – Сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасы. Осы дәстүрді сақтап, елімізді одан әрі өркендету қашанда маңызды. Осыған орай, мемлекеттік саясаттың сабақтастығы айрықша маңызға ие. Бұл Қазақстанның болашағы үшін керек екені айдан анық. Құрметті сессияға қатысушылар! Қадірлі қауым! Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Басқа мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз қажет. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір Ел, бір Ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда кез-келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында сөйлеген сөзінің толық мәтінін сілтемеге өтіп оқуға болады.