Пара алған судьялар айыппұл төлеумен жазадан құтылмайды
Пара алған судьялар айыппұл төлеумен жазадан құтылмайды
Енді аса ірі көлемде пара алған судьялар, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері бірден түрмеге қамалуы мүмкін. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға ұсынылған түзетулердің бірі. Бұл туралы 24kz хабарлады.
Бұрынғы заңнама бойынша пара алған судьялар мен құқық қорғау қызметкерлері бірнеше есе айыппұл төлеп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылатын. Тың түзетулер сондай жағдайды тиып, құзіретті орган қызметкерлері мен судьялардың сыбайлас жемқорлық бойынша жауапкершілігін күшейтеді дейді мамандар. Заң жобасын талқылау үшін онлайн-форматта өткен жиында шетелдік сарапшылар, қазақстандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлері пікір алмасты. Жалпы заңнамаға 13 бағыт бойынша өзгеріс енгізу көзделген.
- Мемлекет пен мемлекеттік органдар ашық болуы үшін қоғаммен бірге жұмыс істеу. Қоғамның белсенді ұйымдарын ашық көрсету, жұмысын көрсету. Шет мемлекеттерде, банктерде есеп-шот ұстамау, өзі болсын, баласы болсын, әйелі болсын. Қаралған соң Агенттікке жібереміз, агенттік оны мемлекеттік органдарға жібереді. Оны жинақтап, бәрін сараптап, ары қарай Президентке, Мәжіліске жібереді. Қабылданса заң жұмыс істейтін болады, - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров.