Қордайдағы қақтығысқа қатысқан 51 айыпталушыға үкім шықты

Жамбыл облысында 2020 жылғы ақпан айында болған Қордай ауданындағы жанжалдың 51 қатысушысына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды azattyq.org.

Бірнеше адамға – 15-20 жыл аралығында түрме жазасы берілген. Оларға «Адам өлтіру», «Жаппай тәртіпсіздік» бойынша айыптар тағылған. Жамбыл облысы сотының мәліметінше, 9 адамға – 5 жыл түрме жазасы берілген. 31 адамға шартты жаза немесе бостандықты шектеу жазасы тағайындалған: 24 адам шартты түрде бас бостандығынан айырылды, 7 адамның бостандығы шектелді. Бір адам толық ақталды.

– Сотталушы Ботабасов мылтықпен адамдар тобына оқ атып, нәтижесінде үш адам қаза тауып, төрт адам зардап шеккен. Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, үш адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Тоқабаев көлікпен бір топ адамды қаққан. Нәтижесінде жәбірленуші (атын атайды) оқиға болған жерде қайтыс болып, үш адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Сотталушы Тоқабаев жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін, екі адамнан көп адамды өлтіруге оқталғаны, атыс және өзге де заңсыз әрекеттері үшін 17 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді Жамбыл облысы бойынша сот әкімшілігінің жетекшісі Берік Құлтасов сот үкімінен кейін өткен баспасөз жиынында.

Back to top button