28 сәуір: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар

1870 жылы 28 сәуірде Ташкент қаласында тұңғыш қазақ басылымы – «Түркістан уәлаятының газеті» жарыққа шықты. Газет «Түркістан ведомостарына» қосымша ретінде айына екі рет, екі тілде шығып тұрды.

1955 жылы Сыр өңірінің шөл даласында Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысы басталды. Ғарыш айлағының құрылысы рекордтық мерзімде аяқталды.

1957 жылы мамырда полигоннан Сергей Королев конструкциясының Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыраны алғаш рет ұшырылды. Байқоңырдан тарихта алғаш рет Жердің жасанды серігі (1957 жылы) және бортында адам бар алғашқы ғарыш кемесі (1961 жылы) ұшырылды.

1994 жылы Байқоңырды РФ 20 жылға жалға алды.

2004 жылы Ресейге ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға беру келісіміне қол қойылды.

2001 жылы америкалық миллионер Деннис Тито ғарышкерлер Талғат Мұсабаев және Юрий Батуринмен бірге турист ретінде ғарышқа ұшты. Деннис Тито – әлемдегі тұңғыш ғарыш турисі.

2007 жылы Халық Қаһарманы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, жазушы Қасым Қайсеновтің Кеңсайдағы зиратына ескерткіш орнатылды. Қасым Қайсенов (1918-2006) – партизандар қозғалысының көрнекті ұйымдастырушысы, В.Чапаев атындағы дивизия отрядтарын басқарған, Украинаның, Молдованың, Румынияның, Чехословакияның жерінде көптеген операцияларды өткізді. Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкийдің, «Еңбек Ері», «Халық қаһарманы» ордендерімен, КСРО-ның 25 медалімен және құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақ әдебиетіндегі партизан соғысы тақырыбының негізін қалаушы қаламгер «Жас партизан», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында», «Партизан шайқастары» сынды әңгімелер, очерктер мен повестер жазып қалдырған.

2010 жылы Венадағы «Австрия банкінің» салтанат залында 1941-1945 жылдары Австрия аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу кітабы таныстырылды. Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының ерен ерлігіне арналған және Жеңіс күніне орай басып шығарылған ескерткіш кітапты Қазақстанның Австриядағы Елшілігі Соғыс салдарын зерттеу жөніндегі Людвиг Больцман атындағы Соғыс институтымен және Австрияның Қара крест ұйымымен бірлесіп әзірледі. Австрия тарапынан қолдауға ие болған дипломатиялық миссияның бастамашылығы бойынша үлкен іздеу-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде Австрия аумағында фашизммен күресте өз өмірлерін қиған 980 жерлесіміздің аты-жөні анықталды, 200-ден астам зират табылды, мұрағат құжаттары мен фотоматериалдардың бірегей қоры жиналды.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі «Ғарыш» сериясынан 500 теңгелік және 50 теңгелік «Бейбітшілік» ғарыш сериясы естелік монеталарын қолданысқа шығарды.

2016 жылы Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов пен Либерия елшісі Джордж Паттен Нью-Йоркте екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

2016 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше бес мемлекет Астанада азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымын құру туралы Астана бастамасына қосылды. Келісімге Бангладеш, Қатар, Мозамбик, Тәжікстан, Камерунның министрлері қол қойды.

2016 жылы Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымдарының Қазақстан Республикасындағы Байланыс және әріптестік бюросы ашылды (ағылшынша Food and Agriculture Organization, қысқаша FAO).

2017 жылы Тегеранда режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» көркем фильмі Иранда өткен XXXV Фаджр халықаралық кинфестивлінде үздік Азия фильмі марапатына ие болды.

2018 жылы 100 млн астам кітап сақталатын және әлемдегі ең үлкен кітапхана саналатын АҚШ Конгресі Кітапхана қорына Ілияс Есенберлиннің ағылшын тіліне аударылған «Көшпенділер» кітабы берілді.

2019 жылы ҚХР Халық жиналыстары үйінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасының «Достық» орденімен марапатталды. Бұл орден дәрежесі бойынша Республика орденінен кейінгі екінші және Қытайдың социалистік жаңғыруына, Қытайдың әлеммен байланысы мен қарым-қатынасының орнауына, және бүкіл әлемде бейбітшіліктің орнығуына қосқан үлесі үшін шетелдіктерге берілетін жоғары марапат болып табылады. Елбасы осындай жоғары марапатқа ие болған шетелдік мемлекет басшыларының арасында Ресей президенті Владимир Путиннен кейінгі екінші тұлға болып отыр.

Back to top button