Жаңалықтар

Бауыржан Ақтаев: Өнердің тілі – жұмсақ әрі нәзік тіл

ашық дереккөзі

Бауыржан Ақтаев: Өнердің тілі – жұмсақ әрі нәзік тіл

Ұлттық өнер – заман қанша жаһанданса да, қазақ деген ұлт қанша жасаса, сонша өмір сүретін қасиетті ұғым. Тәуелсіздігімізді алғалы бері ұлттық өнерді дамытуға, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге қырауар жұмыс атқарылып келеді. Дегенмен, ақпараттық толқын қарқынмен секунд сайын санамызды өңдеп жатқан кезде жат дүниелерге де төтеп беру оңай емес. Осы тұста өнерімен бірге ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен салт-дәстүрімізді ұштастырып, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі, Қазақ мемлекеттік «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, композитор Бауыржан Ақтаевты әңгімеге тартқан едік.  

– Бауыржан мырза, күмбірлі күй төгілген, батыр мол батыс өңірінен екенсіз. Өнер адамы ретінде елорда шығармашылығыңызға шабыт берді ме? –

2019 жылы «Қазақконцерт» ұжымына шақыртумен келдім. Одан бері көптен нәрсе өзгерді. Елорда тек өнерімнің ғана емес, өмірімнің де өресін ашты десем болады. Ел астанасына көшіп келгелі көптеген өнерпазбен таныстым. Жаныма жақын достар таптым. Өнерімді одан әрі дамытуға зор мүмкіндік туды. Нұр-Сұлтан қаласы жаңа мүмкіндіктердің, шығармашыл жастардың ордасы екеніне көзім жетті. Бұл жерде арманын арқалап Атыраудан жалғыз мен ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен өнерден өз орнымды табамын деп келген қаншама жас өрен бар. Біріне аға, біріне ұстаз, біріне бауыр болып ел астанасының, жалпы Қазақ елінің мәдени әлеуетін арттыруға өз үлесімізді қосып жүрген жайымыз бар.

– Қазіргі жастардың төл музыкамызды замануи лепте әрлеп, өз араларында таратып жүргені белгілі. Өзіңіз жетекшілік ететін «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблінің репертуарына замануи бояуларды қосу ойыңызда бар ма?

– Фольклорлық ансамбль болғандықтан, біз тек ұлттық аспаптарды қолданамыз. Дәстүрлі бағыттағы туындылар заманауи өңделуі керек. Қазір көрермендердің талғамы бұрынғыдай емес. Өнерге жаңаша көзқараспен қарайды. Халықпен, заманмен бірге дамып отыруымыз керек. Сол себепті ансамбльдің репертуарындағы туындылар – көнені жаңамен ұштастыратын шығармалар. Біздің кәсіби музыкант ретінде мақтан тұтарлық жобамыз – «Қыз жібек» мюзиклі. Брусиловский аталмыш шығарманы жарыққа шығарғанда қазақтың ән-күйін қолданған.  Еуропалық бағытта жазылған қазақтың халық әндерін қазақи нақышта өңдеп, туындыны жаңарттық деуге болады. Алдағы уақытта осыған ұқсас эксперименттерді тағы байқап көргіміз келеді. Бірақ ескеретін бір жайт – заманауи өңдеу, еуропалық деңгей мен трендке бейімделеміз деп музыкамыздағы ұлттық бояуды, тектілікті жоғалтып алмауымыз керек. Менің қай шығармаға ден қойсам да, басты ұстанымым осы. Жаңа дүние, әрине, жаңа тыныс беріп, музыканы басқа вариацияда тыңдауға жол ашады. Десек те, түбімізді, тамырымызды ұмытпаған жөн. Ал жастарға келер болсақ, қазір жастардың өзі талғамы мен талабы, ішкі қалауы бойынша бірнеше топқа бөлінген. Дәстүрлі өнер саласында жүрген жас өрендер қолдарынан келгенше қазақтың төл өнерін дәріптеп жүр. Ал, кейбір жастарымыз шетелге тым еліктеп, өз құндылықтарын жоғалтып жатқандай көрінеді. Бұл құбылысты болдырмаудың бір әдісі – ұлттық иммунитетті қалыптастыру және оны жастардың бойына барынша сіңіру. Өз халқының тілін, ділін, тарихын, салт-дәстүрін білмейтін жан алысқа шаба алмайды. Ал соның алдын алып, жастардың жетесіне жеткізу жолдарының бірі – өнер тілі. Өйткені өнер – саясатта да, халықаралық қатынастарда да, ұстаздық жолда да мойындалған ең жұмсақ әрі ең нәзік тіл. Өнерді қай бағытқа бұрып пайдалансақ, халқымыз, әсіресе, жастар жағы сол бағытқа қарай дамитын болады. Сол себепті ұлттық өнерді өз биігінде дәріптеу, оны жастар арасында мейлінше кеңінен тарату – өнер адамдарының қасиетті парызы деп санаймын. – «Астана сазы» ұжымына, жеке өзіңіздің шығармашылығыңызға жаһандық індет қаншалықты әсер етті? – Бұл короновирус тек маған, «Астана сазы» ұжымына немесе «Қазақконцертке» ғана әсер еткен жоқ. Жаһандық індет – тұтас әлемнің ортақ жауы. Әрине, көппен бірдей, біршама жоспарларымыз орындалмай қалды. Гастрольдер, концерттердің барлығы тоқтап тұр. Негізінде, концерт – өнер адамын қамшылап, оған шабыт беретін, алға жетелейтін стимул. Қазір сол концертке қол жеткізе алмай қалуымыз, әрине, қынжылтады. Бірақ әлем болып, ел болып, бұл індетті жеңіп, халықтың алдында алаңсыз өнер көрсететін күн алыс емес деп ойлаймын. Пандемия екен деп қол қусырып отыра алмаймыз. Өнер де спорт сияқты қозғалысты, тұрақты жаттығуды талап етеді. Өнерпаздармен бірге мүмкіндігімізше денсаулығымызға қауіп төнбейтіндей дайындалып, онлайн концерттерімізді беріп жүрміз. Мысалы, Светлана Айтбаева сынды өнер жұлдыздарымен табиғи дауыста өткен онлайн-концерт сөзіме дәлел.

– Биыл еліміз болып атап өткелі отырған межелі мерекелер жетерлік. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, қарашаңырақ «Қазақконцерттің» 60 жылдығы секілді мерейтойларға қандай сый дайындап жатырсыздар?

– Қарашаңырақ «Қазақконцерттің» 60 жылдығына «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өзінің бенефисін өткізді. Бұл жерде біздің «мемлекеттік ансамбль» деген мәртебемізді атап өту керек. Осы абыройлы атқа сай болу үшін жоғары деңгейде өнер көрсету – біздің міндетіміз. Мемлекет бізді өнерпаз ретінде қолдаса, біз өз өнерімізді елімізге арнаймыз.

Сонымен бірге биыл күй анасы Дина Нұрпейісова апамыздың туғанына 160 жыл. Ұлы тұлғаның мерейтойына орай «Қазақконцерттің»  жанынан құрылған «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» «Динадан жеткен күмбір күй» атты челлендж жариялады.

«Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өнер тұлғаларынан келген эстафетаны зор ықыласпен қабыл алып, әсем әуезді «Науысқы» күйін орындадық. Ұлттық діңгегімізді нығайтып, жанымызды руханиятымызға жақындата түсетін мұндай шаралардың көптігі қуантады. Айтулы мерекелерге арналған концерттік бағдарламалар осымен шектелмейді. Алдағы уақытта Тәуелсіздіктің мерейлі тойына арнап та іс-шаралар өткізу ойда бар. Ең бастысы – мемлекеттің қолдауы мен көрермен қауымның ыстық ықыласы ғой. Осы екі дүние барда біз жаңа туындылар шығаруға, сіздерді өнерімізбен қуантуға әрдайым дайынбыз. – Лайым солай болсын!

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР