Маңғыстауда арқар атқан екі полицей қызметінен босатылды

Маңғыстауда арқар атқан браконьер-полицейлер жұмыстан қуылды, – деп хабарлады Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы Жанарбек Бақтыбаев.

Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалда браконьерлер табиғат қорғаушыларын көре сала, қаша жөнелген. Кейін анықталғандай бет-жүзін бүркеген төрт браконьердің екеуі полиция қызметкері болып шықты. Қазір арқар атқан аңшылар ұсталды.

«Шетпе ауылының төрт азаматы, әрқайсының қолында бір-бірден мылтық болған. Көлікті тексеру, қару-жарақты алу, олжалаған өнімнің хаттамасы толтырылып, Маңғыстау ауданының полиция бөліміне тапсырылды. Ішінде екі полиция қызметкері бар екені белгілі болды. Табиғат қорғаушыларының мәліметінше, заңсыз аң аулауға шыққан тәртіп сақшылары инспекторларды сөзге тартып, жазадан құтылып кетуге әрекеттенген», – деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры Омар Сәрсенғазиев.

Қаскөйлер ерекше қорғалатын «Қызылсай» табиғи паркінің аумағында көлікпен емін-еркін жүрген. Табиғат қорғаушылары браконьерлерді 100 шақырымдай қуып жүріп ұстаған.

Мамандардың айтуынша, көліктен төрт аңшы мылтығы мен жабайы аңның еті тәркіленген. Қазір қызыл кітапқа енген түз тағысын атқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Back to top button