Смарт-университетке айналу жолында

Смарт-университетке айналу жолында

Смарт-университетке айналу жолында
ашық дереккөзі
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде   оқытушы-ғалымдардың тәжірибе алмасуына арналған жазғы мектеп өз жұмысын бастады.  Erasmus SMARTCITY: «Ақылды қалалар технологиясының магистрлік бағдарламасына инновациялық тәсіл» жобасы аясындағы шараға Қазақстан, Германия, Греция, Болгария, Латвия, Ресей, Моңғолия елдерінің беделді профессорлары қатысуда.   Мұндағы мақсат – Смарт-технологияларды дамыту мен Смарт-университеттерді құру бағыттары бойынша өзара біліктілік алмасу. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының сандық жүйеге көшу барысымен таныстыру. Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың Смарт-университетке айналудың соңғы кезеңіне аяқ басқанын жеткізді. «Бүгінгі таңда жоғары оқу орнының  техникалық жабдықталуы қарқынды жүргізілуде. Кампус студенттер мен қызметкерлер үшін толықтай қолайлы ортаға айналатын болады. Барлық бизнес-үдерістер мен байланыс жүйелерін оңтайландыру, жекелеген қызметтер желісін автоматтандыру қолға алынды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен түрлі автоматтандыру жүйелерін интеграциялау жүзеге асырылады» деп атап өтті. Қазіргі сәтте кампустың сандық қызметтері толығымен жаңғыртылу үстінде. Барлық ғимараттарды басқару үшін арнайы қабылдағыштар және ақылды технологиялар пайдаланылады. Бұдан бөлек, білім ордасында сандық жүйеде оқытудың жаңа әдістері енгізілуде. Бұл пандемия жағдайында аса маңызды болып отыр. Университет «баршаны қолайлы оқытуды» – кез келген уақытта және барлық құрылғыда қолжетімді етуге кірісті. Нәтижесінде оқытушы-профессорлар құрамы бағалау мен тиімділікті арттыру құралдарын қолдана отырып, жаңа педагогикалық мүмкіндіктерге жол ашуда. Университеттің дәл осындай жетістіктері халықаралық әріптестер тарапынан мойындалып, ҚазҰУ СМАРТ-технологиялар мектебін ұйымдастыру мәртебесіне ие болды. Білім алаңында әлемнің 7 елінен, оның ішінде Еуропа мемлекеттерінен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және автоматтандыру саласының жетекші ғалымдары қатысып, өз тәжірибесімен бөлісуде. Мектеп жұмысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  смарт-технологияларды қолданудағы үздік жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтсақ, ЖОО-ның барлық коммуникацияларының сандық жүйеге көшуі, кампусқа кірген кезде тұлғаны тану технологиясы, қалашықтағы қауіпсіздік мониторингі. Сондай-ақ сабақтарды бақылау, оқушылардың үлгерімін талдау, қызметкерлер жұмысының тиімділігін сараптау, ақылды қалалар технологиялары, «жасыл» кампус және тағы басқалар. Сондай-ақ ҚазҰУ магистранттарының «ақылды жылыжай» арнайы жобасы қатысушылардың қызығушылығын оятты. Республикалық физика-математика мектебі үшін дайындалып жатқан жобаға оқушылар да тартылатын болады. Айта кетсек, Erasmus ақылды қалалар технологиясының магистрлік бағдарламасына инновациялық тәсілдерді ендіру жобасы аясында бүгінде грек университетімен қос диплом бағдарламасы әзірленіп, табысты іске асырылуда. Нәтижесінде Қазақстанның алты магистранты Грекия халықаралық университетінде  білім алды. Сонымен қатар еуропалық ЖОО мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында магистрлік диссертациялар қорғалады деп күтілуде. Жазғы мектеп жұмысы 30 сәуірге дейін созылады.