27 сәуір тарихта қандай оқиғалармен есте қалды?

27 сәуір тарихта қандай оқиғалармен есте қалды?

27 сәуір тарихта қандай оқиғалармен есте қалды?
ашық дереккөзі
19 жыл бұрын (1995) Алматыда елдегі алғашқы бес жұлдызды «Рахат-Палас» мейманханасы құрылысының аяқталуы салтанатты түрде атап өтілді. Жаңа мейманхана кешенінде жоғары дәрежелі қонақ үйде болуға тиісті мейрамхана, дүкендер, бизнес орталығы, конференция залдары, арнайы клубтарға арналған бөлмелер, жабық жүзу бассейні бар. 18 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының президенттері Каспий жөніндегі мәлімдемеге қол қойды. Іс-қағазында Каспий теңізіндегі мұнай-газ ресурстарын барлаудағы және өңдеудегі Қазақстанның құқығын мойындаған Ресей осы салада ынтымақтастыққа дайын екенін білдіреді. 16 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттік құрылды. 14 жыл бұрын (2000) Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азияның экономикаларына арналған Арнаулы Бағдарламасын (СПЕКА) таныстыру рәсімі болды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, БҰҰ-ның Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (ЕЭК), сондай-ақ БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит өңіріне арналған Экономикалық және Әлеуметтік Комиссиясының (ЭСКАТО) делегациялары қатысты. Президент Н. Назарбаев бастамашысы болған бұл іс-шараның басты мақсаты - Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық даму қарқынын және Еуропа мен Азияның экономикасына кірігуін жеделдету мақсатында олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайта беру. Бағдарламаны таныстыру рәсімінде ұйымдастыру кезеңінің қорытындысы шығарылып, таяудағы жылдары оны іске асырудың нақтылы іс-шаралары белгіленді. Басқосуға қатысқандар СПЕКА, ЕЭК және ЭСКАТО-ға қатысушы елдерге Бірлескен мәлімдеме қабылдап, сонымен Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне ықыластылық қуатталды. 8 жыл бұрын (2006) «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында «Өсімдіктер дүниесі» сериясымен «Қара сексеуіл» атты кезекті маркасын айналымға енгізді. Сексеуіл - биіктігі 10 метрге дейін жететін, бұжырлы, қалың, жуан, бұтақтары көп діңді, жапырақтары толығымен ширатылмаған ағаш. Тақырлы сор жерлерде, құмның арасында, сұр топырақта өседі. Торғай, Арал, Қызылорда, Бетпақдала, Мойынқұм, Балқаш және Алакөл өлкелерінде кездеседі. 7 жыл бұрын (2007) Есеп комитетінің төрағасы мен Польшаның Жоғарғы бақылау палатасының президенті ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімде аналитика, методологиялық ақпарат саласында қаржылық бақылау бойынша екі елдің мамандарының тәжірибе алмасуы және кәсіби оқыту мәселелері қамтылған. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстанның танымал ғалымы, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтің «Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы: нарықтық реформалардың тарихы» атты жаңа кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Кітапта социалистік жүйенің, КСРО құлдырауының өте маңызды себептері ашылған, нарықтық экономикаға өткен кезең туралы ашып айтылған. Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңі және ұлттық валютаны енгізген жағдайлары жазылған.