КТ аппараттары істен шыққанын жасырған. Семей әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды

ШҚО әкімі коронавирусқа байланысты өлім-жітімнің жоғары болу себебін анықтау мақсатында келген арнайы комиссия жұмысының нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Қорытынды көңіл көншітпейді. Облыстық денсаулық сақтау басшысы коронавируспен ауыратын науқастар емделіп жатқан аурухананың жұмысында бірқатар ақаулар анықталғаны туралы хабарлады.

Біріншіден, ауру тарихында ҚР ДСМ covid-19 емдеу хаттамасының толық сақталмауы байқалған.

Екіншіден, емдеу және диагноздар қатар жүретін аурулары бар адамдардың денсаулық паспорттарындағы деректерді ескере отырып түзетілмеген.

Үшіншіден, гормондық терапияны тағайындау кезінде аурудың басталуы, зертханалық зерттеулер мен ЭКГ нәтижелері ескерілмеген.

Төртіншіден, науқастарды КТ-мен тексермеген.

Бесінші, антибиотиктердің, диуретиктердің бірнеше тобын негізсіз тағайындаған.

«Демалыс күндері менің Instagram аккаунтыма түскен Семей тұрғындарының шағымдарынан қалада КТ-аппараттары да істен шыққаны белгілі болды. Тексеру нәтижесінде алты аппараттың тек екеуі ғана жұмыс істейтіні анықталды», – деді Даниал Ахметов.

Семейдегі эпидахуалдың күрделенуіне жол берілгендіктен, қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаевқа, Семей қаласы бойынша денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлына және жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Думанбек Дауылбековке қатаң сөгіс жарияланды.

Back to top button