Археология білгірі

Археология білгірі

Археология білгірі
ашық дереккөзі
Егемен еліміздің тарихы үшін үстіміздегі 2021 жыл – айтулы жылдар қатарына  жатады. Жылдың басында-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев   «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты  мақаласында былайша тебірене жазған болатын: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз». Осы 30 жыл ішіндегі отандық тарих ғылымының дамуын, оның маңызды бір құрамдас бөлігі болып саналатын отандық археологияның дамуынсыз, отандық археологтарымыздың жыл сайын ашып жатқан керемет жаңалықтары мен жетістіктерінсіз  көз алдымызға елестету мүмкін емес. Әсіресе, соңғы 30 жылда отандық археология ғылымы  қарқындап дамыды десек, қателеспейтін шығармыз. Тәуелсіздік кезеңнің алғашқы жылдарындағы  белгілі себептерден туындаған  қиыншылықтарға қарамастан археолог – ғалымдарымыз өздерінің сүйікті ісі – ғылыми экспедициялар ұйымдастыру мен  археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді бір сәтке де тоқтатқан емес. Нәтижесінде археологияның жетістіктері  Отан тарихын  дамытып, халқымыздың рухани байлығы арттырды, ең бастысы, ұлттық санамыздың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізді. Осы орайда, археолог – ғалымдарымыздың еңбектері ұшан – теңіз екенін айта кету орынды деп санаймыз. Археология – ғылым саласы болса, оны дамытатын археологтар. Қазіргі таңда ел археологиясының дамуына өз үлесін қосып, оның алдыңғы сапында жүрген,  білімі мен біліктілігін тек ғылымға  арнап жүрген  тұлғаларымыздың бірі -  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі әрі танымал археолог  - ғалым  - Мадияр Елеуұлы болып саналады.. Табиғатынан қарапайым, мінезі өте салмақты және сабырлы, күнделікті өмір мен ғылым жолында  адами қасиеттерді берік ұстаным еткен Мадияр Елеуұлы бүгінгі күні жетпіс бес жасқа толып отыр. Осы мақала арқылы елімізге белгілі ғалымды мерейтойымен құттықтай отыра, оқырмандарға оның өмір белестері мен ғылымдағы жетістіктері туралы, ұстаздық жолы мен жеке адами қасиеттері жөнінде айта кетуді жөн көріп отырмыз. Мадияр Елеуұлы 1946 жылы 3 мамырда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. Археолог ғалымның өмір есігін ашып, балалық шағы өткен, мектепте оқып, ер жеткен  өңірі – Сырдың ортаңғы және төменгі ағыстарының түйіскен аймағы. Бұл өңір - ежелден отырықшылық өмір мен қалалық мәдениеттің дамыған  өңірі болғаны белгілі. Өкінішке орай, бұрынғы дәуірлердегі қайнаған өмір мен дамыған мәдениеттің белгісі ретінде олардың орнында  қазіргі заманда  төбелер мен төбешіктер, қамалдар мен қорғандардың іздері ғана қалған. Бала Мадияр осының бәрін көзімен көріп өседі. Бала кездегі «Шіркін-ай, тезірек үлкейіп, ғалым болып, әрбір төбенің астында қандай құпиялар жатқанын білер ме екем» деген арман қиялы оны бірден археологияға бет бұрғызады. Бірақ археолог болсам деген арманына ағайымыздың қолы бірден жете қоймайды. Сол жылдардағы тәртіп бойынша мектеп бітірісімен туған ауылында 1-2 жыл еңбек етті, одан кейін әскери борышын өтеп қайтты. Сөйтіп мектептен соң жеті жылдан кейін ғана бала кездегі арманына бір табан жақындап, сол жылдардағы елімізде археолог мамандығын даярлайтын  жалғыз оқу орны –қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті) тарих факультетіне құжаттарын тапсырады. Жолы болып студент атанады. Бұл 1970 жыл болатын. Ал сол кезде Мадияр Елеуұлы 24 жасты артқа қалдырып, 25-ке аяқ басқан еді. Білімге сусындап келген әрі болашақ мамандығын нақты айқындап үлгерген студент М.Елеуов бірден қатарластарының алды болады. Оның бақытына қарай 1971 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетінде археология мен этнология мамандығын даярлайтын арнайы кафедра құрылады да, оны Қазақстандағы алғашқы кәсіби археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.М.Оразбаев басқарады. Кафедрада сол жылдары дәріс оқуға елімізге белгілі археологтар мен этнологтар – академик Ә.Х.Марғұлан, тас дәуірінің жетекші маманы Х.А.Алпысбаев, «Алтын адамды» зерттеуші К.А.Ақышев, профессор У.Х.Шалекенов, профессор Х.А.Арғынбаев, антрополог О.И.Исмағұлов, профессорлар М.П.Черников, М.П.Грязнов, Ю.А.Заднепровский секілді ірі мамандар дәріс оқиды. Студент М.Елеуов алғашқылардың бірі болып археология мамандығына өтініш білдіреді. Археология  мамандығымен даярланатын студенттердің бір ерекшелігіне  аудиторияларда дәріс тыңдап қана қоймай, жаз айларында ғылыми экспедициялар құрамында қазба жұмыстарымен айналысуы жатады. Бұл олардың нағыз кәсіби археолог болуына, болашақ мамандығының қиыншылықтарына төзе білуіне үйретеді. Студент М.Елеуов бес жыл бойы бірде бір экспедициядан тыс қалмай болашақ мамандығының қыр - сырына терең үңіле түседі. Мәкеңнің өзі бір әңгімесінде 1973-1974 жылдары Университет археологтарының экспедициясы  құрамында Хожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеуге қатысып, кесене жанындағы Есім хан мавзолейіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгенін, сонда ол экспедиция жетекшісінің  Есім ханның қабірін қазуды өзіне сеніп тапсырғанын және ол тапсырманы ұстазының айтқанындай орындап шыққанын айтқаны бар. Өзіміз мұрындық бола жүре, университет газетінің журналистерімен хабарласып, Мәкең жөнінде сұхбат алып, жариялауды ұйымдастырып едік. Соның нәтижесінде осыдан 6-7 жыл бұрын профессор М.Елеуұлы  жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ Университеті» газетінде «Есім ханның мавзолейін тұңғыш зерттеген ғалым» атты сұхбат-мақала жарық көрді. 1975 жылы М.Елеуов университетті үздік бітіріп, жолдамамен Қызылорда облысына жіберіледі де, қаладағы  облыстық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады.  Сөйтіп бала кездегі арман қиялға қол жеткізгендей болады. Бірақ оның көңілі толмай, туған ауылындағы төбелер мен төбешіктерді қазып, олардың құпиясын зерттейтін мамандық – нағыз археолог болуға бүйрегі бұра береді. Ақыры, 1976 жылы Университеттегі ұстазы профессор У.Х.Шалекеновтың  шақыруымен өзі бітірген кафедрасына лаборант болып жұмысқа орналасады. 1976-1999 жылдар аралығында археолог М.Елеуов Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіндегі «Археология және этнология» кафедрасында қарапайым лаборанттан танымал профессорге дейінгі қызметтік сатылардан асықпай, қадамын нық басып өтеді. 1991 жылы археология мамандығы бойынша «VI -XIII ғғ. Шу өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен елді-мекендердің  мәдениеті» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Одан кейінгі жылдары зерттеу тақырыбының аумағына Талас өзенінің алқабында орналасқан ортағасырлық қалаларды енгізеді. Мәкең  өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиыншылықтарға қарамастан Шу-Талас өңірлеріндегі қалалар мен мекендерді  археологиялық  тұрғыда зерттеу жұмыстарын жалғастыра береді. Туындаған әртүрлі қиындықтар оған бөгет бола алмайды. Өйткені, қазақ даласының  төбелері мен төбешіктерінің  астында қандай тылсым құпиялардың жатқанын білу  -  бала кездегі арманы болатын. Ғылыми ізденістердің  ол нәтижесінде 1999 жылы «Шу-Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары мен мекендері (VI-XIII ғғ.)» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап, көп ұзамай профессор атағын иеленеді. Одан кейінгі жылдары профессор М.Елеуұлы  Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде, Қожа Ахмет Иасауй атындағы Халықаралық Қазақ – Түрік университетінде  археология бойынша дәрістер оқып, жас кадрлар даярлау ісінде белсене еңбек етті. Аталған университеттерде  археология ғылымының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлесін бір адамдай қосады. Қазіргі кезеңде өзі қанаттанып ұшқан әл-Фараби атындағы ұлттық университетте  ғылыми-педагогикалық  жұмысын жалғастыруда. Мадияр Елеуұлы бірнеше айларға созылған археологиялық экспедициялар барысында  тек қазба жұмыстары мен археологиялық барлаулармен ғана емес, солармен бірге  жергілікті жерлердегі көнекөз қариялар мен шежірешілерден  сол өңірдің тарихы мен этнографиясына қатысты материалдарды да жинастырып жүреді екен. Солардың бір топтамасын «Шу өңірі: аңыз бен тарих» деген атаумен 1996 жылы университеттің тарих сериясымен шығатын «Хабаршысына»  жариялады. Осы топтамадағы он шақты тарихи аңыздардың екеуі  Керей мен Жәнібек хандарға қатысты болғандықтан, біз ол материалдарды өз зерттеулерімізде кеңірек пайдаландық. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты кейбір беймәлім тұстар анықтала түскендей болды. Қазіргі кезеңде Университетіміздің тарих факультетіндегі «ғылыми тарих» мамандығы бойынша маманданатын студенттері М.Елеуұлының бұл материалдарын  Ш.Құдайбердіұлының «Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруі»  атты материалдарымен бірге Қазақ хандығының құрылу тарихы бойынша  өзіндік жұмыстарын орындайды. Үстіміздегі жылдың 27 наурызы күні профессор Сәйден Жолдасбаев қайтыс болып, жерлеуінде  бірге болдық. Сонда Мәкең топырақ салып тұрып, «Сәйден ағам Қазақстан археологтарының  ақсақалы еді, енді ақсақалдық маған бұйырып тұр», - деп қатты қайғырды. Сөйте тұра,  өзін өзі жұбатқандай, «әркімнің өз пешенесі бар, кімнің қашан кетерін бір Алла біледі»,- деп еді. Сол кезде ағайымызға мардымды ештеңе айта алмадым. Ал қазір мерейтойына байланысты,  75 жасыңыз құтты болсын, археологтар ақсақалы деген атақты абыроймен  алып жүріңіз, деніңіз сау, аман болыңыз демекпін.

 Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы

ҚР ҰҒА академигі,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы