«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» басшысының бұрынғы орынбасарына үкім шықты
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» басшысының бұрынғы орынбасарына үкім шықты
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін 72 млн теңге айыппұл төлейді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«12 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Өсербаев 72 млн теңге сомасында параның отыз еселерген мөлшеріндегі айыппұл төлеу жазасына тартылды. Ол биылғы 17 ақпанда «ФН Менеджмент» ЖШС директоры Тәжібаевтан 2,4 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген еді», - деді Данияр Бекайдаров онлайн режимден өткен брифингіде.
Атап айтқанда, мүлікті басқару бойынша ұйымның қызмет көрсеткені туралы шарт аясында орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін пара алды деген күдікке ілікті. «Сонымен қатар, осы үкіммен «ФН Менеджмент» ЖШС директоры Тәжібаевқа қатысты 48 млн теңге сомасындағы айыппұл жазасы берілді», - деді Бекайдаров. Еске сала кетейік, сәуір айының басында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғаны хабарланған еді.