Шымкенттегі Дендросаябақ ұжымы айыппұл салған полицейді сотқа бермек

Шымкенттегі Дендросаябақ ұжымы айыппұл салған полицейді сотқа бермек

Шымкенттегі Дендросаябақ ұжымы айыппұл салған полицейді сотқа бермек
ашық дереккөзі
Шымкенттегі дендросаябақ ішінде көлікпен жүргендердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, халықтың қызу талқысына түскен еді. Көліктегі 6 азамат та Асанбай Асқаров атындағы дендропарктің қызметкерлері болып шықты, – деп жазды Otyrar.kz. Олар жарылған су құбырын жөндеуге бара жатқан. «Алдында бригадир отырды. Артында мен және екі жұмысшы отырды. Авариялық ситуация деген соң бәріміз қоймадағ құрал-сайман алып, шұғыл деген соң асығыс кетіп бара жаттық», – дейді А.Асқаров атындағы дендросаябақтың қойма меңгерушісі Нұрлан Борисұлы. Видеодағы көлік дендробақтың бөлім меңгерушісінің атына рәсімделген. Темір тұлпар мекеме жұмысына пайдаланылады. Орталықтың аумағы үлкен болғандықтан қызметкерлерге саябақ ішінде көлікпен жүруге рұқсат беріліпті. Көлік жүретін басқа жол болмағандықтан веложолақпен жүрге тура келеді екен. Алайда Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл жайтты заңға қайшы деп тапты. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Жүргізушіге 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынған. Дендросаябақ заңгері бұл айыппұлмен келіспейді және мекеме оны төлемейді деп отыр. «Дендрологиялық саябақ аумағында бейнабақылауға түскен автокөлікке саябақ аумағында жүруге бұйрықпен рұқсат етілген. Біздің тарапымыздан ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмеген. Саябақ аумағында веложолға резинка төселмеген, асфальтті қызыл бояумен бояп қойған. Сонымен қатар саябақ аумағында вело және жүргінші жолдар салып тастауына байланысты автокөлікпен жүруге басқа жол жоқ. Біздің тарапымызға салынған айыппұлды заңсыз деп санаймыз. Бұл бойынша сотқа жүгінетіндігімізді хабарлаймыз», – дейді А.Асқаров атындағы дендросаябақтың заңгер кеңесшісі Мөлдір Үсенбаева.