Үржар әуежайы жабылады: Алакөлге қатынайтын пойыз және автобус саны арта ма?

Үржар әуежайы жабылады: Алакөлге қатынайтын пойыз және автобус саны арта ма?

Үржар әуежайы жабылады: Алакөлге қатынайтын пойыз және автобус саны арта ма?
ашық дереккөзі

Шығыс Қазақстан облысында Алакөлге баратын туристер үшін теміржол және автобус рейстерінің саны арттырады. 1 мамырдан бастап Үржар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмысын жүргізу мақсатында жабылады. Соған орай Алакөлге баратын туристер үшін теміржол және автобус рейстерінің саны біршама көбейтілмек. Халықтың жеке көлікпен жетуіне жол да жөнделуде. «Қазавтожол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары Асылбек Нұғыманов «Өскемен – Қалбатау» тасжолының толықтай асфальтталғанын айтты. «2017 жылдан бастап «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тасжолын реконструкциялау жұмысы басталған. Шығыс Қазақстан аумағындағы жолдың ұзындығы 454 шақырым. Бүгінгі таңда жұмыстың 57 пайызы аяқталған. Қалған шаралар 2021 жылдың соңына дейін мәресіне жетеді», – деді ол. Биыл негізгі жұмыс Қалбатаудан Аягөзге және одан кейінгі Таскескенге бұрылар тұсқа дейін жүргізіледі. «Таскескен-Бақты» жолын реконструкциялау жұмысы шілде айында аяқталады. ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, Алакөлге баратын пойыз вагондары көбейтілсе жолаушылар үшін орындар саны 352-ден 456-ға дейін артады. «17 маусымнан бастап құрамы 10 вагоннан тұратын «Алматы-Достық» бағытындағы пойыз аптасына үш рет қатынай бастайды: бұл қосымша 450 орын. Өскемен, Семей қалаларынан келетін демалушылар үшін вагондар саны бестен жетіге дейін көбейтіледі. Бұдан бөлек, күнделікті жүретін автобустар саны екі есе – сегізден 16 автобусқа артады. Осының арқасында қоғамдық көлік арқылы Алакөлге жететін туристтер саны 35,7 мыңнан 71,4 мың адамға дейін көбейеді», – деді ол.