Nur Otan: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысы тиімсіз

Nur Otan: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысы тиімсіз

Nur Otan: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысы тиімсіз
ашық дереккөзі
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін айтарлықтай қаражат бөлінгеніне қарамастан, жекелеген елдімекендерде адамдар әлі күнге дейін суды тасып ішуге мәжбүр. «Nur Otan» партиясындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында осы мәселе қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сенсек, былтыр елімізде халықтың 93,1%-ы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізген. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша 319 жобаны іске асыруға 125 млрд теңге бөлініп, 793 ауылды ауыз сумен қамту жоспарлануда. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, халықтың партияның қоғамдық қабылдауында және БАҚ арқылы көтерген түйткілді мәселелерін талдай келе, сапалы ауыз су проблемасы әлі де өзекті екенін көруге болады. Мәселен Сәтбаев және Жезқазған қалаларын сумен қамтамасыз ету үшін Есқұла су тартқыш құбырының құрылысы 10 жыл бойы жүргізіліп келеді. Бұл су таратқыш трассасы топырақтың құлау аймағы арқылы өткені, ал жобада қарастырылған суды залалсыздандыру жабдығының еш жерде шығарылмайтыны анықталды. Бұл әрине, жұмыстың тоқтап қалуына және жобаны түзету қажеттігіне, сондай-ақ құрылыс құнының қымбаттауына әкеп соққаны сөзсіз. Жобаны іске асыруға 6,32 млрд теңге жұмсалды. Мұндағы жұмыстарды жүргізудің нормативтік мерзімінің бұзылуына және жабдықтардың тұрып қалуына байланысты қазірдің өзінде қалпына келтіру жұмысы қажет. Ол үшін бюджеттен қосымша 463 млн теңге сұралып отыр. «Инфрақұрылымды жоспарлау кезеңінде-ақ көптеген проблемалар болған, су айдау елдімекеннен алыс орналасқан және магистраль салу үшін қосымша қаражат пен уақыт қажет болады. Ал ірі елдімекендерден су айдау үшін ол жерлерде қуат жеткіліксіз. Жалпы, орталық және жергілікті органдардың жоспарлау кезінде жіберген осындай немқұрайлығы халықтың мемлекетке деген сенімсіздігін тудырады», – деді Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Юрий Жулин. Материалдарға жүргізілген талдау мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бөлінетін бюджет қаражатын жұмсау саласындағы заңбұзушылықтар оларды іске асырудың барлық кезеңін қамтитынын көрсетті. «Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде айтарлықтай көп олқылықтар, кемшіліктер, ведомстволардың бірлесіп жұмыс істей алмауы, жауапкершілікті бір-біріне ысыра салуы және мәселені ашық көтермей, бейқамдық таныту орын алып отыр. Жобаның орындалуына және оның тиімділігіне уәкілетті органдар тарапынан бақылаудың болмауы, аяқталмаған, жұмыс істемейтін нысандардың қараусыз қалуына және пайдалануға қабылдауға әкеп соқтыруда. Осыдан соң жобада қойылатын сапа, қуат, өнімділік өлшемдеріне жауап бермейтін нысандар пайдалануға беріледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аудит жүргізіп, оны жұртшылыққа ұсынуы тиіс деп санаймыз», – деді Ерлан Саиров. Сондай-ақ, отырыс барысында Батыс Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысының тиімділігі туралы сөз болды. Кеңес жұмыс тобының мүшелері өңірдегі қылмыстың көпшілігін жергілікті мемлекеттік қызметшілер жасайтынын атап өтті. Олар көбіне көп өз өкілетін теріс пайдалану және бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде және орындалған жұмыс актілеріне қол қою, жұмысқа орналастыру, жалақы есептеу кезінде заңсыздықтарға жол береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының тиімсіздігі атап өтілді. Бұл ретте облыстық басқармалардың жартысынан көбі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы есеп бере алмады. «Өңірде өзекті мәселелерді шешуде қоғамдық бақылауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Көптеген шешім жүрдім-бардым қабылданады. Шенеуніктердің әрбір қадамы, іс-әрекеті, ниеті жұртқа ашық та, түсінікті болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты міндет – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен құқықтық сана қалыптастыру», – деп атап өтті Ерлан Саиров.