Жамбыл және Сапарғали Бегалин

Жамбыл және Сапарғали Бегалин

Жамбыл және Сапарғали Бегалин
ашық дереккөзі
Жәкеңнің өскен ортасы, ата-ба­ба­сы­нан келе жатқан дәстүрі, өзінің өмір жолы нақты деректер мен естеліктер ар­қы­лы қызықты суреттеледі. Кітап шы­найы­лығымен да тартымды», – деп анық-қа­нық жазылады. Осы реттен алғанда, академик С.Қас­қа­басов пен жазушы Н.Қапалбекұлы­ның Жамбылтануға қатысты көзқарастары мен ойларының да жалпы жұртшылықтан өз­ге біліми мәні, ғылыми негізі бар екенін де айт­қан жөн. Әрі жауапкершілік жүгі мен жа­на­шырлық та танылады. Қалың көпке ортақ тұс­тары, ғылыми айналымға қажетті қыр­лары да бар: «...Бұдан ширек ғасыр бұрын С.Бега­линнің «Жамбыл» романы тұңғыш рет жа­рық көрді. Сапарғали Бегалин Жәкеңнің көзі тірісінде он жыл бойы ұлы ақын елінде бо­лып, ғұмырнамасын жазып алған. Бірақ оны шығаруға рұқсат бермей, өртетіп жі­берген. Бір данасын өзіне құпия ұстап, жас­ты­ғының ішіне салып, тіктіріп сақтаған бұл өте құнды жәдігер қысқартылып, жарты ға­сырдан кейін тәуелсіздік кезінде аз тара­лым­мен әзер шықты. Енді сол С.Бегалин нұсқасын тездетіп, толық күйінде шығаруымыз керек». Өмірбаяндық хикаяттың бастапқы бет­­терінде автордың «Оқушы жол­дас­­тарға!» атты шағын көлемді жазбасы орын алады. Автор мұнда Ж. Жабаевтың екі ға­сырдың куәсі болғанын, жүз жыл жаса­ғанын, хат танымайтын кезеңде өмір сүрге­нін тарата сөз етеді. Тиісті тұста: «...Жамбыл өзі­нің туған елі қазақ жұртының жүзден тоқ­сан тоғызы хат танымайтын кезде туып-өс­кен. Өмірінің молырақ жағын халық өнері қа­дірленіп ескерілмек түгіл, есептен шығып, елеу­сіз болған кезде, ақындық ұзақ жолын кеш­кен ақын. Олай болған соң оның ерте кез­де қандай жыр айтып, кіммен жолдас бол­ғанын анықтап алу қиын екені өзінен-өзі мә­лім», – дегенді анық жазады. Жамбыл жө­нінде ел аузындағы әңгіме мен естеліктерге, үлкенді-кішілі дерек, мәліметтерге ден қой­ғанын да алға тартады. Бұдан басқа, нақ­ты­рақ айтсақ: «...Бір ескерте кететін нәрсе, біз ша­мамыз келгенше Жәкеңнің 1936 жылдан арғы жердегі жайына көбірек тоқталдық. Ата тегі, өскен ортасы, заманы және өзімен тұс­тас ақын, шешен адамдар жайын қарас­ты­рып, барынша соны кеңірек айтуға тырыс­тық. Өйткені, Жамбыл – халықтын оқыған, халық шешендігін бойына көп сіңіріп, ақын­дық жолын да, ой-өрісін де халық ойына суғарып, содан нәрленген адам. Сондықтан біз күшті сол жағына көбірек жұмсадық», – де­генді де қалың көпке бүкпесіз баяндайды. Ал, кітап мазмұнына ден қойсақ, Ж.Жа­баев­тың ата-тегі, өмірі мен отбасы, ақындық өнері, өлең сөздегі ұстазы – Сүйінбай мен оның айналасы, айтыстары мен дастандары, күйшілік қырлары кең көлемде орын алады. Әрі ел аузынан жиналған әңгімелер мен ес­теліктер, қысқа-нұсқа жүйелі сөздер, мән­ді-нәрлі шымыр шумақтар, ұтымды да ұтқыр ой­лар кітап мазмұнын байытып, әдеби-ру­хани қырларын, эстетикалық мәні мен танымдық-тағылымдық сипатын арттыра түскені де анық. Айталық, «Жамбылдың ата тегі» бөлімі арқылы «Жамбыл» атауы мен тау ұғы­мының мән-жайына қанықсақ, Ша­пы­раш­тыдан бергі аталары, Жапаның әкесі – Ыстыбайдан бермен қарайғы ұрпақ жалғас­тығы шежірелік сипат алады. Ыстыбай ба­ла­лары (Жапа, Жадыра, Қазыбай, Мәйке) мен олардың жаугершілік тұсындағы аламаншыл, жортарман сынды белгі-ерекшеліктері ай­қындала түседі. Бұдан басқа, Жапаның әкесі Ыстыбай, оның әкесі Байтөбет, одан тараған отбасылық шежіре сипаттары да мәнді қыр­ларымен айқындалып, дәлдік пен нақты­лық­қа құрылып, ел әңгімелері негіз етіліп, жүйе­лі жеткізіледі. Жамбыл мен оның ата­лары, әсіресе Екей мен Бәйдібек, одан тараған ұрпақтар өрісінен де қазақ шежіресінің ба­ғыт-бағдары, рулық-құрылымдық жүйе, оған қатысты ел әңгімелері, бірқатар дереккөздері мен мәліметтер мәні де өзара байланыс, са­бақтастық сипатта өріс алады. Бұдан басқа, «Жамбылдың әкесі Жапа мен шешесі Ұлдан жөніндегі мәлімет­тер», «Жамбылдың бала шағы» сынды бөлік­терден отбасылық жайларға кең көлемде қаныға түсеміз. Автор Жамбылдың балалық шағын өзіндік дерек, мәліметтермен байыта тү­седі. Ел әңгімелеріне, ауыл ақсақалдарының сөз­деріне ден қояды. Орайлы тұста: «...Жам­был Екей елінің ит қорлықта жүрген кезінде туып, өзі де бұлт жамылып, мұз төсеніп өт­кізеді бала шағын. Жамбыл туарда ел көшіп келе жатыр екен», – деп жазады. Келесі ке­зекте: «...Жамбыл бала күнінде өз айтқаны бол­маса көнбейтін, әке-аға тіліне мойын­сұн­байтын қисық, тентек болады. Көбінесе үйге жоламай, далада балалармен, жылқышы, қойшылармен бірге жүріп тай үйретіп, асау мініп, басқа ауылға кетіп қалып, бетімен еркін жүргенді жақсы көреді екен», – деп те балалық шақ қызықтарын тарата сөз етеді. Көпті көрген ауыл ақсақалы Қазыбек: «Тентек те болса, теріс кетпес. Адам болатын баланың алдыңғы жағы кекшіл келеді деуші еді бұрын­ғылар. Көзінің оты тәуір екен», – деп әкесі Жапаға тоқтау да айтады. Әрі батыр, әрі ше­шен Бөлтіріктің: «Атың Жамбыл болса, кө­кірегің даңғыл болар» деген бата-тілегі де жас Жамбылдың жолын ашады. Ақындық өнер­дің кең өрісіне бастайды. Әрі әкесіне қа­ратып: – Мына баланың бетін қақпа, мінезі жақ­сы екен. Тентек болмай, тектілі бола ма? – деп те бағыт беріп, басу да айтады. Бұдан бас­қа, кітаптың біраз бөлігін батыр әрі ше­шен Бөлтіріктің ел арасындағы бірлік пен берекені бекітуге, ел-жерге қатысты дауды шешудегі жүйелі сөзі, бітімді шешімдері көп ішінде ұнамды қырларымен есте қалады. Әрі ба­тыр, тапқыр Һәм шешендігі атақоныс ха­қында, құрдасы Сары бимен болған өзара қал­жыңдарында немесе қазақ пен қырғыз бас қосқан жиындағы Мәмен есімді батырды сөз­бен түйреп, «...талмау өкпеден бір қойып ат­тан түсіріпті, бәйгені қазақ әкетіпті», – де­ген жайттардан да Бөлтірік бейнесі, ел ал­дындағы биік беделі, кең танымалдығы те­рең танылады. Оның үстіне Бөлтіріктің ба­ла­сы Сандыбай мен Жамбылдың замандас бо­лып, қатар жүріп, араласуы да араларын­дағы қарым-қатнасты берік бекіте түседі. Сондай-ақ, «Жамбылдың әкесі Жапа мен шешесі Ұлдан жөніндегі мәлімет­тер» атты хикаят бөліктерінің бірінде отба­сы­лық деректер, ақындық өнердің алғашқы қа­дамдары, белгі-ерекшеліктері кеңінен кө­рініс береді. Ойға алсақ, әсіресе: «Жапа жасы­нан атқа мінген, аламан уақытта жортар­ман­дық істеген кісі болса керек». Ал, анасы: «Ұлдан­ның төркіні – дулат ішіндегі жаныс. Оның ішінде Орынбет деген атаның баласы бо­лады екен. Төркіндері осы Алматыға жа­қын Қаскелең өзенінің бойында мек­ендеген ел екен...Ұлдан аса көп сөйлегіш кісі болмаған сияқты. Бірақ сөзді айтқанда тауып айтатын, досына тәтті, дұшпанына қатты кісі болды дейді. Жамбылдың өз ата тегінде домбырашы, өлеңші, белгілі ақын кісі болмаған. Шешесі Ұлданның нағашысы үйсін ішінде жалайыр Қанадан деген аса үлкен қобызшы, тәуіп кісі екен. Қанадан қобыз тартқанда, кейбір көңі­лі бос адамдар жылап отырады екен...Жәкең өзі домбыраны жап-жақсы тартатын және көп­теген күйді тарта білетін домбырашы бол­ған. Және Ұлданның өзі: «Қыз күнімде бір түс көріп едім. Ол түсім жаңылыс болмаса, ме­нің балаларымның біреуі аса бақытты болса керек еді, нағашы атамның қобызының қы­лы менің етегіме оралып еді, осы қисықтан бір­деме шықпаса», – дейді екен Жамбылды көр­сетіп. Мінеки, Жамбылдың ата-ана тегі­нен айтылатын кейбір ерекше мінездері жө­ніндегі сарындар». «Жамбылдың алғашқы өлеңді бастауы жайын­да бір-екі сөз» атты бөліктен болашақ ақын­ның халық мұрасына, әсіресе қара өлең­ге құштарлығы, соған ұқсатып өз ойы­нан құрап, жанынан сөз шығаратыны, тіпті жұрт аузында «айтысқыш жігіт» аталуы әр қы­рынан баяндалады. Жарапазан жырын кеш­тен таңға айтатыны да жұрт арасына кеңі­нен тарайды. Сүйінбай ақынның үйіне ке­ліп жарапазан айтуы, Қатаған, Тезек төре төңі­регіндегі айтыс, өлеңдерді жатқа білуі де жұрт аузында ерте ілігеді. Сондай-ақ, Жам­был­дың Қыдырма қызы Бұрым сұлумен кез­десіп, жан-жүрек қалауымен көңіл қосып, бірге қашуы, кейіннен Сарыбай абыройынан аса алмағандықтан, қызды үш тоғыз айып­пен қайтарып бергені мәнді баяндалады. Екі ға­шық арасы амалсыз алыстайды. Жам­был­дың арман-мұңға толы өксік жыры төмендегі жыр шумағынан да көрініс береді: Айрылдым арманменен, қайран Бұрым, Айдай ед толықсыған аппақ нұрың. Алдандым, аяғымды шалыс бастым, Білмедім жан ашымас аға сырын. Ал, көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың: «...Мен бас­шылықтың тапсыруымен Жамбылды тауып, табысқаным, алғашқы он тоғыз өлеңін жазып алғаным болмаса, кейінгі твор­честволық тіршілігіне малшына араласқам жоқ, анығырақ айтқанда оған хатшылық жа­самадым. Мен Жәкеңе ұзақ мезгіл хатшылық етпе­генмен, онымен байланысым күшеймесе, ке­мі­ген жоқ. Жазушылар Одағының басшы­лық қызметтерін басқарып жүргенде көбіне халық ақындарымен істес болдым. Жәкеңнің жан достары Шашубай, Нұрпейіс, Кенен, Нар­тайлардың жас достарының қатарында болдым. Олар туралы жазғандарым оқырман қауымға белгілі. Солардың ішінде Жәкең мен үшін бір төбе болды. Ақырында Жәкеңнің 125 жылдығында үш мың адам жиналған Ленин сарайында баяндамашы болдым. Сөзімнің ақырын өлеңмен бітірдім: Оралдың, тәте, Жамбылым болып кәдімгі, Бастадың қайта баяғы боран сарынды. Жіберші демеп, әніме қосшы әніңді, Айқайлап елге айтайын мен де барымды, – деп тоқтадым. Осы Жәкем дегенім деген. Мен халық бұл­бұлдарының алдында әрқашан басымды ие­мін» дегені бар. Бұдан байқалатыны, әсіресе қаламгер М.Мағауин айтқанындай: «Жамбыл қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалып­тасқан ұғымға нанбас ұғымға қарап, зам­а­нын­дағы шын­дықты бұрмаламау керек. Қа­зақты, қа­зақ­тың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дү­ниежүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл бол­ды. Әуезов емес, Абай емес. Біз­дің ұлы фольк­лорлық мұраларымыз емес. Жам­был. Арыс­тар атылған, халық қырылған, елдің ең­сесі түсіп, әруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың аты ұлт ұра­нын­дай кө­теріліп, соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жорал­ғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейін­гі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең — Алаштың ұлы перзенті, қазақтың даң­қын шы­ғарған ғажайып тұлға екеніне ешқандай күмән тумауы тиіс. «Құдай жоқ болса, ойлап шы­ғару керек» деген сөз бар. Жам­был қолдан жа­салған жоқ, сом болып қа­ша­лып туды, қа­зақтың ұлы жырауларының ең соңғы сар­қыты болды, орта ғасырлық сақара дүлдүлін ХХ ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің әруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қас­тер­леуіміз қажет». Тұжырып айтқанда, жазушы С.Бега­лин­нің «Жамбыл» атты өмірбаяндық хи­каяты – «Қазақтың Гомері, Феномен-Феникс» (Ғ. Мүсірепов) атанып, жыр алыбына ай­налған Жамбыл Жабаевтың өмірі мен ке­зеңін, шы­ғар­машылық мұрасын кең көлемде қарас­тырып, ел аузынан жинап-жүйелеген әңгі­­ме­лерді, өлең-жырларды, айтыс үлгілерін, бел­гілі-беймәлім дереккөздері мен мағыналы мә­лімет, материалдар топтамасын байыпты баян­даған танымдық мәні мен ғылыми нәрі мол тағылымды туынды.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор