Жамбыл және Сапарғали Бегалин
Жамбыл және Сапарғали Бегалин
Жәкеңнің өскен ортасы, ата-бабасынан келе жатқан дәстүрі, өзінің өмір жолы нақты деректер мен естеліктер арқылы қызықты суреттеледі. Кітап шынайылығымен да тартымды», – деп анық-қанық жазылады.
Осы реттен алғанда, академик С.Қасқабасов пен жазушы Н.Қапалбекұлының Жамбылтануға қатысты көзқарастары мен ойларының да жалпы жұртшылықтан өзге біліми мәні, ғылыми негізі бар екенін де айтқан жөн. Әрі жауапкершілік жүгі мен жанашырлық та танылады. Қалың көпке ортақ тұстары, ғылыми айналымға қажетті қырлары да бар: «...Бұдан ширек ғасыр бұрын
С.Бегалиннің «Жамбыл» романы тұңғыш рет жарық көрді. Сапарғали Бегалин Жәкеңнің көзі тірісінде он жыл бойы ұлы ақын елінде болып, ғұмырнамасын жазып алған. Бірақ оны шығаруға рұқсат бермей, өртетіп жіберген. Бір данасын өзіне құпия ұстап, жастығының ішіне салып, тіктіріп сақтаған бұл өте құнды жәдігер қысқартылып, жарты ғасырдан кейін тәуелсіздік кезінде аз таралыммен әзер шықты. Енді сол С.Бегалин нұсқасын тездетіп, толық күйінде шығаруымыз керек».
Өмірбаяндық хикаяттың бастапқы беттерінде автордың «Оқушы жолдастарға!» атты шағын көлемді жазбасы орын алады. Автор мұнда Ж. Жабаевтың екі ғасырдың куәсі болғанын, жүз жыл жасағанын, хат танымайтын кезеңде өмір сүргенін тарата сөз етеді. Тиісті тұста: «...Жамбыл өзінің туған елі қазақ жұртының жүзден тоқсан тоғызы хат танымайтын кезде туып-өскен. Өмірінің молырақ жағын халық өнері қадірленіп ескерілмек түгіл, есептен шығып, елеусіз болған кезде, ақындық ұзақ жолын кешкен ақын. Олай болған соң оның ерте кезде қандай жыр айтып, кіммен жолдас болғанын анықтап алу қиын екені өзінен-өзі мәлім», – дегенді анық жазады. Жамбыл жөнінде ел аузындағы әңгіме мен естеліктерге, үлкенді-кішілі дерек, мәліметтерге ден қойғанын да алға тартады. Бұдан басқа, нақтырақ айтсақ: «...Бір ескерте кететін нәрсе, біз шамамыз келгенше Жәкеңнің 1936 жылдан арғы жердегі жайына көбірек тоқталдық. Ата тегі, өскен ортасы, заманы және өзімен тұстас ақын, шешен адамдар жайын қарастырып, барынша соны кеңірек айтуға тырыстық. Өйткені, Жамбыл – халықтын оқыған, халық шешендігін бойына көп сіңіріп, ақындық жолын да, ой-өрісін де халық ойына суғарып, содан нәрленген адам. Сондықтан біз күшті сол жағына көбірек жұмсадық», – дегенді де қалың көпке бүкпесіз баяндайды.
Ал, кітап мазмұнына ден қойсақ, Ж.Жабаевтың ата-тегі, өмірі мен отбасы, ақындық өнері, өлең сөздегі ұстазы – Сүйінбай мен оның айналасы, айтыстары мен дастандары, күйшілік қырлары кең көлемде орын алады. Әрі ел аузынан жиналған әңгімелер мен естеліктер, қысқа-нұсқа жүйелі сөздер, мәнді-нәрлі шымыр шумақтар, ұтымды да ұтқыр ойлар кітап мазмұнын байытып, әдеби-рухани қырларын, эстетикалық мәні мен танымдық-тағылымдық сипатын арттыра түскені де анық. Айталық, «Жамбылдың ата тегі» бөлімі арқылы «Жамбыл» атауы мен тау ұғымының мән-жайына қанықсақ, Шапыраштыдан бергі аталары, Жапаның әкесі – Ыстыбайдан бермен қарайғы ұрпақ жалғастығы шежірелік сипат алады. Ыстыбай балалары (Жапа, Жадыра, Қазыбай, Мәйке) мен олардың жаугершілік тұсындағы аламаншыл, жортарман сынды белгі-ерекшеліктері айқындала түседі. Бұдан басқа, Жапаның әкесі Ыстыбай, оның әкесі Байтөбет, одан тараған отбасылық шежіре сипаттары да мәнді қырларымен айқындалып, дәлдік пен нақтылыққа құрылып, ел әңгімелері негіз етіліп, жүйелі жеткізіледі. Жамбыл мен оның аталары, әсіресе Екей мен Бәйдібек, одан тараған ұрпақтар өрісінен де қазақ шежіресінің бағыт-бағдары, рулық-құрылымдық жүйе, оған қатысты ел әңгімелері, бірқатар дереккөздері мен мәліметтер мәні де өзара байланыс, сабақтастық сипатта өріс алады.
Бұдан басқа, «Жамбылдың әкесі Жапа мен шешесі Ұлдан жөніндегі мәліметтер», «Жамбылдың бала шағы» сынды бөліктерден отбасылық жайларға кең көлемде қаныға түсеміз. Автор Жамбылдың балалық шағын өзіндік дерек, мәліметтермен байыта түседі. Ел әңгімелеріне, ауыл ақсақалдарының сөздеріне ден қояды. Орайлы тұста: «...Жамбыл Екей елінің ит қорлықта жүрген кезінде туып, өзі де бұлт жамылып, мұз төсеніп өткізеді бала шағын. Жамбыл туарда ел көшіп келе жатыр екен», – деп жазады. Келесі кезекте: «...Жамбыл бала күнінде өз айтқаны болмаса көнбейтін, әке-аға тіліне мойынсұнбайтын қисық, тентек болады. Көбінесе үйге жоламай, далада балалармен, жылқышы, қойшылармен бірге жүріп тай үйретіп, асау мініп, басқа ауылға кетіп қалып, бетімен еркін жүргенді жақсы көреді екен», – деп те балалық шақ қызықтарын тарата сөз етеді. Көпті көрген ауыл ақсақалы Қазыбек: «Тентек те болса, теріс кетпес. Адам болатын баланың алдыңғы жағы кекшіл келеді деуші еді бұрынғылар. Көзінің оты тәуір екен», – деп әкесі Жапаға тоқтау да айтады. Әрі батыр, әрі шешен Бөлтіріктің: «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар» деген бата-тілегі де жас Жамбылдың жолын ашады. Ақындық өнердің кең өрісіне бастайды. Әрі әкесіне қаратып: – Мына баланың бетін қақпа, мінезі жақсы екен. Тентек болмай, тектілі бола ма? – деп те бағыт беріп, басу да айтады. Бұдан басқа, кітаптың біраз бөлігін батыр әрі шешен Бөлтіріктің ел арасындағы бірлік пен берекені бекітуге, ел-жерге қатысты дауды шешудегі жүйелі сөзі, бітімді шешімдері көп ішінде ұнамды қырларымен есте қалады. Әрі батыр, тапқыр Һәм шешендігі атақоныс хақында, құрдасы Сары бимен болған өзара қалжыңдарында немесе қазақ пен қырғыз бас қосқан жиындағы Мәмен есімді батырды сөзбен түйреп, «...талмау өкпеден бір қойып аттан түсіріпті, бәйгені қазақ әкетіпті», – деген жайттардан да Бөлтірік бейнесі, ел алдындағы биік беделі, кең танымалдығы терең танылады. Оның үстіне Бөлтіріктің баласы Сандыбай мен Жамбылдың замандас болып, қатар жүріп, араласуы да араларындағы қарым-қатнасты берік бекіте түседі.
Сондай-ақ, «Жамбылдың әкесі Жапа мен шешесі Ұлдан жөніндегі мәліметтер» атты хикаят бөліктерінің бірінде отбасылық деректер, ақындық өнердің алғашқы қадамдары, белгі-ерекшеліктері кеңінен көрініс береді. Ойға алсақ, әсіресе: «Жапа жасынан атқа мінген, аламан уақытта жортармандық істеген кісі болса керек». Ал, анасы: «Ұлданның төркіні – дулат ішіндегі жаныс. Оның ішінде Орынбет деген атаның баласы болады екен. Төркіндері осы Алматыға жақын Қаскелең өзенінің бойында мекендеген ел екен...Ұлдан аса көп сөйлегіш кісі болмаған сияқты. Бірақ сөзді айтқанда тауып айтатын, досына тәтті, дұшпанына қатты кісі болды дейді. Жамбылдың өз ата тегінде домбырашы, өлеңші, белгілі ақын кісі болмаған. Шешесі Ұлданның нағашысы үйсін ішінде жалайыр Қанадан деген аса үлкен қобызшы, тәуіп кісі екен. Қанадан қобыз тартқанда, кейбір көңілі бос адамдар жылап отырады екен...Жәкең өзі домбыраны жап-жақсы тартатын және көптеген күйді тарта білетін домбырашы болған. Және Ұлданның өзі: «Қыз күнімде бір түс көріп едім. Ол түсім жаңылыс болмаса, менің балаларымның біреуі аса бақытты болса керек еді, нағашы атамның қобызының қылы менің етегіме оралып еді, осы қисықтан бірдеме шықпаса», – дейді екен Жамбылды көрсетіп. Мінеки, Жамбылдың ата-ана тегінен айтылатын кейбір ерекше мінездері жөніндегі сарындар».
«Жамбылдың алғашқы өлеңді бастауы жайында бір-екі сөз» атты бөліктен болашақ ақынның халық мұрасына, әсіресе қара өлеңге құштарлығы, соған ұқсатып өз ойынан құрап, жанынан сөз шығаратыны, тіпті жұрт аузында «айтысқыш жігіт» аталуы әр қырынан баяндалады. Жарапазан жырын кештен таңға айтатыны да жұрт арасына кеңінен тарайды. Сүйінбай ақынның үйіне келіп жарапазан айтуы, Қатаған, Тезек төре төңірегіндегі айтыс, өлеңдерді жатқа білуі де жұрт аузында ерте ілігеді. Сондай-ақ, Жамбылдың Қыдырма қызы Бұрым сұлумен кездесіп, жан-жүрек қалауымен көңіл қосып, бірге қашуы, кейіннен Сарыбай абыройынан аса алмағандықтан, қызды үш тоғыз айыппен қайтарып бергені мәнді баяндалады. Екі ғашық арасы амалсыз алыстайды. Жамбылдың арман-мұңға толы өксік жыры төмендегі жыр шумағынан да көрініс береді:
Айрылдым арманменен, қайран Бұрым,
Айдай ед толықсыған аппақ нұрың.
Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын.
Ал, көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың: «...Мен басшылықтың тапсыруымен Жамбылды тауып, табысқаным, алғашқы он тоғыз өлеңін жазып алғаным болмаса, кейінгі творчестволық тіршілігіне малшына араласқам жоқ, анығырақ айтқанда оған хатшылық жасамадым.
Мен Жәкеңе ұзақ мезгіл хатшылық етпегенмен, онымен байланысым күшеймесе, кеміген жоқ. Жазушылар Одағының басшылық қызметтерін басқарып жүргенде көбіне халық ақындарымен істес болдым. Жәкеңнің жан достары Шашубай, Нұрпейіс, Кенен, Нартайлардың жас достарының қатарында болдым. Олар туралы жазғандарым оқырман қауымға белгілі. Солардың ішінде Жәкең мен үшін бір төбе болды.
Ақырында Жәкеңнің 125 жылдығында үш мың адам жиналған Ленин сарайында баяндамашы болдым. Сөзімнің ақырын өлеңмен бітірдім:
Оралдың, тәте, Жамбылым болып кәдімгі,
Бастадың қайта баяғы боран сарынды.
Жіберші демеп, әніме қосшы әніңді,
Айқайлап елге айтайын мен де барымды, – деп тоқтадым.
Осы Жәкем дегенім деген. Мен халық бұлбұлдарының алдында әрқашан басымды иемін» дегені бар.
Бұдан байқалатыны, әсіресе қаламгер М.Мағауин айтқанындай: «Жамбыл қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүниежүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, әруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың аты ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең — Алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екеніне ешқандай күмән тумауы тиіс. «Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек» деген сөз бар. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлдүлін ХХ ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің әруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет».
Тұжырып айтқанда, жазушы С.Бегалиннің «Жамбыл» атты өмірбаяндық хикаяты – «Қазақтың Гомері, Феномен-Феникс» (Ғ. Мүсірепов) атанып, жыр алыбына айналған Жамбыл Жабаевтың өмірі мен кезеңін, шығармашылық мұрасын кең көлемде қарастырып, ел аузынан жинап-жүйелеген әңгімелерді, өлең-жырларды, айтыс үлгілерін, белгілі-беймәлім дереккөздері мен мағыналы мәлімет, материалдар топтамасын байыпты баяндаған танымдық мәні мен ғылыми нәрі мол тағылымды туынды.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор